- Негізгі бет
- Сатира
- Әкірәндік...
Әкірәндік
Ауылда тығылыспақ, қуаласпақ ойнағанда бірінші болып қуатын адамды, көз жұмып іздейтін адамды анықтағанда әртүрлі санамақ айтушы едік қой. «Апам тоқаш пісірді, санап едім он екі» деген сияқты. Біздің ауылда соның бір түрі болған. «Бір шам, екі шам, үш шам, төрт шам, бес шам,.. он шам, мектептің әкірәндігі Шәмшән»,-деп санайтынбыз.
Иә, марқұм Шәмшән атамыз шындығында әкірәндік еді. Мектепті күзететін. Сол сияқты қырманның, колхоздың гаражының, диірменнің, әрқайсысының өзінің күзетшісі болатын. Және бәрін әкірәндік дейтін. Және бәрінің жасы сол Шәмшән атамыздың жасымен қарайлас еді. Содан болар біздің ұғымымызда әкірәндік деген шал-шауқандар істейтін жұмыс сияқты көрінетін. Әкірәндік дегеніңіз орыстың охранник деген сөзінің қазақшасы екенін де кейін келе білдік емес пе. Шындығы сол, әкірәндік деген анау айтқандай абыройлы жұмыс еді. Бойынан қуаты қайтқан қарттардың тірлігі болып саналатын. Сол әкірәндігіңіздің арада жылдар өткенде керемет қызмет болып кететінін кім білген. Кәдімгі керуен кері бұрылғанда алға шыққан ақсақ түйенің кері.
Соқталдай-соқталдай жігіттердің қызметі болды. Және бұрынғы әкірәндік деген абыройсыз ат жоқ. Шеттерінен секюрити, шеттерінен охрана. Қарсыласқанын алып та жығатын, шалып та жығатын жігіттер үйінде жатады шалжиып.
– Нәғіп жатсың?-деген сұрағыңыздың жалғыз жауабы бар.
– Жұмыс күтіп жатырмын,-дейді. Не жұмыс десеңіз, баяғы сол әкірәндік. Күтіп жатқанына төрт айдан асыпты. Енді қанша күтетіні тағы белгісіз. Алты ай күтуге бар. 143-мектепте қазақ тілінен сабақ беретін әйелі аман болса, аш қалмайтынына сенеді. Мысалға, медицина қызметкері жұмыс күтіп жатуына болады. Өйткені ол доғдырдың оқуын оқыған. Доғдыр болуы керек. Олардың өзі кейде басқа жұмыс істей тұрады. Уақытша. Ал, әкірәндік өйтпейді. Намысы жібермейді.
- Гелюстің заправкасына писталетчик болшы, бірінші айында елу мың, келесі айында алпыс мың төлейді екен. Уақыт өте келе жүз мыңға дейін алады екенсің,-деші. Бетіңе бажырайып қарайды. Кекесінмен, мысқылмен.
- Не айтып тұрсың?-дейді.
Төмендеп қалам дейтіндей жоғары жұмыс болса бір сәрі екен-ау. Әй, әкірәндіксің ғой. Және охрана болғанда да солар бір қауіптің бетін қайтарып жатқан жоқ. Тонап жатқан жерінен ұрыны ұстап алған охрананы көрген тағы ешкім жоқ. Баукеспенің сазайын тартқызған секюритиді сегіз ай сандалсаңыз да кездестіре алмайсыз.
Ойлана келе, бұл охранада істейтін жігіттердің бәрін мент болсам деген арманы сәл ғана орындалмай қалған адамдар деп шештім. Шындығы сол.
Анау күні ауруханаға тамақ апарғам. Барсам, бірқауым ел көшеде есіктің ашылуын тағатсыздана күтіп тұр екен. Аурухана ауласының қақпасы бесте ашылады екен. Әрқайсысы әртүрлі себептермен асығыс. Біреуі іштегі күтіп жатқан науқасқа тезірек дәрісін жеткізіп бергісі келіп тұр. Енді біреуі тезірек қатынына тамағын беріп, алтыға дейін балабақшадағы баласына жетсем дейді. Бәрі асығыс. Бірі тағатсыз. Бұндайда уақыт та өтіп болмайды емес пе. Беске бес минут қалды. Бір апа:
- Балам, аз ғана қалды ғой, аша салшы,- деді. Ашпады. Беске төрт минут қалды. Бір көкеміз де өтініш қылды. Ашпады. Үш минут қалды. Бір тәтенің жүйкесі сыр берді. Айқайлап берді. Ашпады. Екі минут қалды. Ашпады. Егер анау әкірәндік ауланың қақпасын бес минут бұрын ашса, мына тұрған ел айдаладағы аурухананың есігіне жетем дегенше сол бес минут өтетін еді. Бір минут қалды.
– Әй, болды, ашсаңшы, Отырардың қақпасы емес қой,-дедім. Ашпады. Сабаз екен. Нөлме-нөл уақытында ашты. Ойпырмой, түрін көрсең. Важный ғой, важный. Как буд то АП-ның тұтқасын ұстап тұрғандай. Шіркін-ай, барлық сала қызметкерлері анандай болса, дамыған отыз еліңе әлдеқашан кіріп, енді қатты дамып кеткен бес елдің қатарына кірейік деп, алақанымызды ысқылап отырмас па едік, елбасын бекерге ентіктіре бермей.
Мысалы, біздің мына Жазушылар одағының ғимаратында жоғалатындай ештеңе жоқ. Қазіргі ұрыларыңыз мына мен отырған компютерді тірі боп менсінбейді. Өзіміздің бетке ұстарымыз да, іліп аларымыз да осы компютер. Алда-жалда жолай соққан ұры болса, кірген еңбегі еш, тұзы сор болады. Өйткені, бұдан өңге ештеңе жоқ. Сонда біздің охраналарымыз не күзетеді? Буғалтерия дерсіз. Жо-жо-жоқ, ағатай, андай демеңіз. Буғалтырымыз аванс сұрағандарға ұстата қоятын алты мың таппай отыр. Счетқа аударылады, счетқа аударады. Болды. Енді осы аяулы одағымызды үш жігіт бес жүз мыңға күзетеді. Мына қызықты қараңыз, енді осы соқталдай үш жігіт бес жүз мыңға күзететін ғимаратымызды тетя Рая мен Айман апай екеуі осыған дейін тоқсан мыңға күзетіп келіп еді. Тет Рая 45 000, Айман апай 45 000 алатын. Өйткені ол кісілер зейнеткер. Мына жұмыс рахат. Кешке есікті іліп ал да ұйықта. Таңертең ерте оянып аш. Оянбасаң да түк етпейді, ерте келген біреуі терезені қағып оятып алады. Жатқан бір демалыс.
Жә, мен жігіттердің несібесін қызғанып отырған жоқпын. Қанша алса да қазақ алсын. Бұның барлығы мысал ғана. Мысал үшін айтып отырмын. Мен осыншама көкезу мылжың болып отырғанда, охранада істейтін жігіттердің абыройын төмендететейін деп отырған жоқпын. Тек охрананың анау айтқандай абыройлы қызмет емес екенін түсіндіргім келді. Рас, Абай атамыз есектің артын жусаң да мал тап деді. Істеу керек. Бірақ, охранадан жұмыстан шығып кетсең, келесі жерге охранаға жұмысқа тұрғанша, күтіп жатпа. Бұл ондай керемет жұмыс емес. Сенің қолыңнан бәрі келеді. Сен бәрін істе дегім келеді.
Құдай басқа салмасын, егер менде басқа табыс көзі болмаса, мен заправкада писталетчик болуға арланбаймын. Өйткені мен үшін балаларымның қарны тоқ, киімі көк болса болды. Мен үшін үйде құры жатып қалу ғана намыс. Онсызда қазір істемейтін пәлем жоқ. Тойға да шығамын, бағдарламаларға, концерттерге сценарий де жазамын, қолдан келсін, келмесін сол концертін жүргізе де беремін. Өйткені әр еңбектің өтеуі бар.
Шынымды айтсам, мен бұның барлығын бір жігітке ғана ашынғандықтан жаздым. Жастайынан жесір қалған, балам аман болсын деп, көп бейнет шеккен бір апаның сол жалғыз ұлы охранада істеп жүрген жерінен жұмыстан шығып қалыпты. Енді сол қу жалғыз төрт айдан бері жұмыс күтіп жатыр. Сол баяғы охрана! Апамның мұңы мұң болып тұр. Құдайдан, сол жалғызына әкірәндіктің жұмысын тілеп жүр. Ананың басқа жұмыстарды істеуге құлқы жоқ.
Бейбіт Сарыбай
@. @assel_assanova