- Негізгі бет
- Сатира
- Абай музейіндегі комедия...
Абай музейіндегі комедия
Массагет ұжымы назарларыңызға жас сатирик Олжас Қасымның бір сатирасын ұсынып отыр. Күнделікті өмірде болатын сәттің қаншама күлкіге сеп болғанын әрі әжуа болып отырғанын бағамдай аласыз. Езуіңізге бір күлкінің оралары анық.
Абай музейіндегі комедия
Неге екенін қайдам, бір шаруамен бір қалаға (қаланы айтпай-ақ қояйын, трайбализммен ауыратындар өкпелеп жүрер) барғанымыз еске түсіп отыр. Көптеген қолына қалам ұстаған жігіттер қонақүйге түстік. Үйге жайғасып, орнығып алған соң шаһардың көшесін аралауға шықтық. Әп бәлем, ең әуелі рухани орындарға барғанды жөн деп шештік. Санамызды «Ол орындарға қалай барамыз?» деген сауал жаулап алған. Сөйтіп көше бойлап келе жатып, қазақтың үлкен қариясын жолықтырдық. Ол жақын маңда Абай мұражайы бар деді.
Бәріміз жапа-тармағай мұражайды бетке алдық. Келдік. Ақ маңдайлы, ақ балтырлы, жемпірлі, әдемі емес әдеміше келген бұрымы қысқа бұрымды қыз «Қош келдіңіздер» деп ішке кіруімізді өтінді. Осылайша ішке беттедік. Мұражайдың жан-жағына көз тоқтатып жүрміз. Мен Семейдегі, Жидебайдағы Абай мұражайын көргендіктен бе онша таңырқап, таңдана қойған жоқпын. Әлгі бойжеткен бір жөткірініп алды да Абайдың тұтынған заттарын таныстыра бастады.
Әуелі төрдегі шапанды, тақияны, тонды нұсқап «Міне, бұл сырт киімдерді Абай бабамыз қатты тоңған кезде киген» - деп бір тоқтады да, оның арғы жағында тұрған кожаное куртканы көрсетіп «бұл куртканы бабамыз Әйгерімге барғанда киген екен» - деп таныстыруын ары қарай жалғастырды. Мен оның сөзіне сенбестігімді білдірем деп оқталып едім, жанымда тұрған досым тоқтатты. Бұрымды келесі бөлмеге өтіп Абайдың қалам ұстаған кезде отыратын үстелін қолымен нұсқап, «Бұл үстелде Дана Абай отырып, 45 қарасөз жазған» - деп бізге көзінің астымен бір қарап қойды. Жер үстелдің бір шетінде DVD тұр екен. Оны кімнің, қандай мақсатпен әкеп қойғанын білмедік. Сол кезде ішіміздегі қуақы тілді Бөкебай деген әріптесім «Ана DVD-ны да бабамыз қолданған ба?» деп сауалды төтесінен қойды. Қыз сәл абыржып, бөгелгендей болды да «Иә, Абай дана көңілі құлазып, бірауық шаршаңқырағанда осы құралды қосып, тыңдаған екен. Бүгінде бұл құрал кеңінен қолданылады» - деді аспай-саспай. Бізде үн жоқ, көмекейге түйдектеліп ащы сөз келеді. Бірақ, айтуға болмайды. Айтсақ, ана бойжеткеннің абыройы айрандай төгілгелі тұр. Қойшы әйтеуір, таныстырушы қызымыз Абай тұтынбаған заттарды тұтынды деп, ол ұстамаған дүниелерді ұстады деп аңыздан ақиқат құрады. Ақыры біздің де мұражайдан тезірек сыртқа беттегіміз келді. Межелі сәттерден соң сыртқа шықтық.
Түйін: Сөйтсек, Мұражай қызметкері жұмыс бабымен бір жерге кетіп, оның орнына әлгі бойжеткен бір күнге келген екен. Ол біз секілді білгіш қонақтардың келгенін сезбесе керек. Ол оқиғаға да үш жылдың жүзі болыпты. Абай киген куртканы ұстап мен Абай тыңдаған DVD – ді тыңдағым келіп жүр.
Сурет: virtualrm.spb.ru
Л. Лига