#2 Деген екен...

#2 Деген екен...
Фото: oner.kz

1926 жылы Бейімбеттің Мереке атты екінші баласы дүниеге келіп, жұбайы Гүлжамал дем алып қайтуға сол екі баламен аулына келеді. Бейімбет кейіндеу келмекші болып қалада қалады. Содан елге бұрын келген Гүлжамал Бейімбетті қуанту ниетімен, ол келгенше: күймелі ат, бес құлынды бие, бірнеше сиыр, бір қорадай қой, киім-кешек, кілем сияқты үй жиһаздарын сатып алады ғой. Бұған қоса таңдап жүріп алған екі көк арба мен шөп шабатын машина да үй маңының қара-құрасын молайтады. Содан ақ көңіл, мейірбан Гүлжамал өзінше Бейімбетті алдын ала қуантпақшы болып, бар жайды айтып хат жазады ғой. Сонда хатты оқып, қатты ренжіген Бейімбет: «Мені саудагер дейсің бе, әлде капиталист болады деп жүрмісің? Масқаралық жасапсың! Бәрін де сат! Жұртқа тарат! Осы мінезің үшін сенен біржола безуге бармын!..» деп дереу жауап хат жазған екен. Бейімбетке қалаулы жар болған Гүлжамал осы оқиғаны бертін келгенше есіне алып:

– Бейімбет ашуланбайтын еді, ашуланса қатты кететін. Менің сондағы қылығыма күйінгені сонша, – бір мезет мені көрмей кетуді де ойлапты... Ақыры демалысқа, елге келісімен сатып алған дүниені жұртқа тегіс таратып берді, – деп отырады екен.

***

Жазуға ден қойғанда күй талғамайтын жазушының бірі Бейімбет болған. Күндіз бола ма, түн бола ма, тыныштық па, шу ма – ол үшін бәрі бір еді дейді.

Бірде түн ортасы болса керек, үй-іші тегіс шырт ұйқыда жатады. Бір уақытта Бейімбеттің:

− Гүлжамал, а Гүлжамал! – деген даусы естіледі.

– Е, не боп қалды?! – деп Гүлжамал да басын көтеріп алады ғой. Сонда Бейімбет:

– Осы күрішті татарша қалай атаушы еді? – депті.

– Ой тәйір-ай, бірдеңе болып қалған екен десем, «дүг» дейді татарлар...

– Болды-болды, енді ұйықтай бер! – деп, Бейімбет жазуға кірісіп кеткен екен.

***

Бейімбеттің өз кіндігінен бес баласы болса, бұған қоса панасыз қалған үш баланы асырап алған. Әдеттегідей, бірде бар ынтасымен жұмыс істеп отырса балалар асыр салып ойнап, шуылдап қоймаса керек. Сонда қашанда қас-қабағына қарап, Бейімбеттің жазуына жағдай жасап отыратын жұбайы Гүлжамал жаңағы тыңдамаған балаларының бірін жазалап, жылатып қойса керек. Бұған Бейімбет кәдуілгідей кейіп:

– Гүлжамал-ау, нең бар өз бетімен ойнап жүрген балаларда, мен солардың айқай-шуын естіп отыр ғой деймісің! Естісем де кедергісінің жоқ екенін білмеймісің! – деген екен.

Ел аузынан жинаған: Ақселеу Сейдімбек

Т. Раушанұлы