Той жасаудың қандай маңызы бар?

Той жасаудың қандай маңызы бар?
Фото: Ерлан Кидиров

Қазақ баланың іңгәлап дүниеге келген сәтінен бастап қария боп дүниеден өткен кезіне дейін өмір бойына ән арнап, қуанышты шараларын міндетті түрде тойлатып өткізген. Соңғы уақытта еуропаланудың «жемісі» ме екен, «тойдың не қажеті бар» деген пікірмен жиі ұшырасатын болдық. Сонда кезінде бар байлығын баласының қызығына арнаған, жиған-тергенін тойға шашқан ата-бабамыз ақымақ болды ма?

Бұл пікірді туғызған да – халықтың өзі. Себебі не істесе де мақтанды жақсы көретін жұрт «анадан кем болмайын», «мынадан жаман болмасын» деп санасып, орынсыз жерде жарысып, тойды бәсеке алаңына айналдырып жіберді.

Шынында да қазір жұрт тойды не үшін жасайды?

«Баласына бір той жасап бере алмай, Бұл өмірден өтіп кетті қанша адам?!». Бұл әнді де шығарған – қазақ. Қазақта «ұят болмасын» деген ең жақсы сөз бар. Бізді өзге халықтардан ерекшелеп тұратын діліміздегі ең маңызды сөз де осы – «ұят болады». Ұят ұғымын ұмытсақ, бәріміз ұлтымыздан да безіп кетер едік. Одан да маңызды мәселелер бар.

Той жасағанда кімнің шын тілеулес екенін білесің. Жай күнде барлығы да жаныңда жүреді. Ал тойыңа сенімен бірге қуанып, қуаныш-қайғыңды жан-жүрегімен бөлісе алатын адамдар келеді, той шашуын береді. Өзің бұрын қадірін білмей жүрген достарың тойыңа келіп, ойдағыдай өткізуге ат салысып жатса, бұрынғыдан да жақын араласып, жаңа бауыр табуың ғажап емес.

Адамның мерейі өсіп, өзі туралы тек жақсы лебіздер айтылатын туған күні жылына бір рет келсе, той осы шарапатты істі екі еселейді.

Тойда жақсы тілектер төгіледі. Жақындарыңыз жүрегінде сақтаған жылы тілегін осы күні сізге арнап ақтарады. Ақсақалдар ақ батасын беріп, бүлдіршіндерге дейін тілекші болады. Олардың жүрек жарды ақ тілеулерін естіп марқаюдың орны бір бөлек те, көп тілегі көл болып, тәңір қабыл етіп жатса, ол да бір мәртебе емес пе?!

Бұл жағдайлардың барлығын ысырып қойғанда, өмірде тағы бір ең маңызды жайт бар. Оны сөз етпес бұрын, бір мысал келтірейік.

Жапон халқы ежелден күріш өсірумен айналысады. Қазіргі техника дамыған заманда олар күріш ісіне мұқтаж емес. Алайда олардың тіліндегі сөздің 80 пайызы күріш шаруашылығымен байланысты. Ал күріш егу ісін тастап кетсе, тілінен айырылу қаупі артады. Осы тілдің қасиеті үшін ғана ежелгі дәстүрінен ажырамай, машақаты көп болғанына қарамастан, күріш егу шаруашылығын тоқтатпай келеді екен.

Қазіргі қоғамда ұмытылып бара жатқан салт-дәстүр көп. Иә, «дәстүрдің де озығы бар, тозығы бар». Тозығы жеткен дәстүрлерді тастап, шынтуайтында мән-мағынасы тереңде жатқан әдет-ғұрыптарды неге қайта жаңғыртпасқа? Оларды насихаттайтын бірден-бір қазынамыз – осы той емес пе?

Сан мың жыл бұрын дамып кеткен Жапония, тағы да басқа елдер сияқты болғымыз келеді. Ол үшін сол елдердің экономикасынан, техникасынан ғана емес, тәлім-тәрбиесінен, ғұрыпты ұстануынан үлгі алғанымыз абзал. Тойға 800 адам шақырсақ та, 100 адам шақырсақ та, ата-баба жолымен отқа май құйып, өсиетке толы бет ашу рәсімін жасау, жөн-жоралғысымен баланың тұсауын кесу – бабалар алдындағы борышымыз.

@. @assel_assanova