- Негізгі бет
- Салт-дәстүр
- Теріс бата бүгінгі...
Теріс бата бүгінгі қазақ қоғамына қажет пе?
Қазақ үшін үлкеннен бата алу үрдісі маңызды рөл атқарған. Амандасқан баланың басын сипап "Өркенің өссін, үлкен азамат бол" деп батасын берсе, шаңырақ көтеру, дастарханнан ас алу ақ батасыз басталмаған. Қазақ халқында "Батаманен ел көгерер, жаңбырменен жер көгерер" деген мақал да тараған. Бұған қарап қазақ халқы үшін бата деген ырыс пен берекенің символы мен бақытқа бастар жол болған.
Бірақ, батаның бәрі бірдей жақсы емес. Оның ішінде, кейігенде, адамнан көңілі қайтқан шақта айтылатын бата да бар. Оның халық арасында теріс бата деп те атайды.
Теріс батаны бүгінде күнделікті өмірде жиі кездестірмесек те, көркем әдебиет кейіпкерлері арқылы теріс бата ұғымына қанығуға болады. Қазақ халқының "Қыз Жібек" лиро-эпостық жырында Базарбайдың өз ұлы Төлеген мен оны қолдаушыларға былай дегені бар: "Әй, жарандар, менің мынау балам тілегімді бермей кетті. Қайнына баратынын білгенің маған ұстап бер,– дейді,– Егер де біреуің қошемет қылып ерсең, мен тұзыма салып, теріс батамды беремін".
Теріс батаны қарғыспен жиі шатастыратынымыз жасырын емес. Бірақ, этнограф Болат Бопайұлы Tengrinews.kz сайтына берген пікірінде қарғыс пен теріс батаның айырмасы бар екендігін атап көрсеткен. "Қарғыс ызаланғанда, біреумен қатты ұрысып, өштескенде айтылады. Мысалы, "аспаннан қурай түссін, желкеңді турай түссін, әке-шешең аңырап қалсын, ақ лағың далада маңырап қалсын" дейді. Қарғыс адамға, төрт түлік малға, табиғатқа, жерге, айуанға, ауа райына да айтыла береді. Мысалы: қан жауғыр, ызыңдаған күнің құрысын, жылқыға - талағың түссін, қойға - топалаң келсін, ешкіге - кемелек келсін, түйеге - шелегің түссін дейді. Ал теріс бата жолың болмасын, жамандық бассын деп тек адамға қаратылып айтылады", - дейді этнограф.
Көркем әдебиетте теріс бата беру "дәстүрі" Ілияс Есенберлиннің "Алмас қылышында" кездеседі. Халық ауыз әдебиетінде сақталып қалған оқиға желісі былайша суреттеледі. "Бірде Кенесары ханның атақты батыры Ағыбай батыр, Жайық жақта жылқысы кілең тұлпар Бостан атты байдың барын естіп жолға шығады. Байдың ауылына жақындағанда батыр қарапайым адамның киімін киіп, маңайды барлап келе жатып он жетілер шамасындағы жақсы киінген, бес қаруы сай жас жігітке жолығады. Жасы үлкен кісімен аман-саулық сұрасқан жас жігіт қасындағы атқосшысына: «Мейманды үйге апар. Мен барғанша кетпесін» деп тапсырады. Бірақ Ағыбай киіз үйден сусын ішеді де шығып кетеді.
Жасағына келіп, ауылда бізге қарсы шығар ешкім жоқ «Абылайлап» шабыңдар, дейді. Тыныш жатқан ауылға қырғидай тиген қырық жігіт көп жылқыны қозыкөш жерге айдап барғанда, соңдарынан бір адамның қуып келе жатқанын байқайды. Бұл бағанағы жас жігіт еді. Ол келе сала сайыста бірнеше жігітті аттан түсіріп, Ағыбайдың өзін де шоқпармен ұрып өтеді. Шоқпар батырдың қайың ерінің қасын быт-шыт сындырады. Ағыбай батыр ойланып жатпастан найзасын сілтейді. Құлап түскен жігіттің сеңсең тымағы құлап қолаң шашы жайылған қыз екенін көреді:
"Әр адам қасіретін көзден ұқты,
Болғанмен жан шыдамас қанша мықты.
Найзаны зорға тартып алғанымда,
Ышқынып қыздың жаны бірге шықты.
Бұны көрген Ағыбай батыр есі ауып құлап қала жаздайды. Болары болған соң, басқа амал жоқтықтан қыздың денесін алып Бостан байдың ауылына келеді:
Хабарлап, Бостан байға алып жүрдік,
Бұл кезде шығып қаппыз жолға күндік.
Қаралы қайтқан көштей ұбап-шұбап,
Ауылға бесін ауа келіп кірдік”.
Жалғыз перзентінің қаза болғанына қайғырған қыз әкесі сонда Ағыбай батырға теріс бата береді:
"Бостан бай жас сорғалап сақалынан,
Қан жұтып қайғыменен қапаланған.
Мән-жайын білгеннен соң жортуылдың,
Қос қолын теріс жайып бата қылған:
– Ел сыйлап, қадірлеген, ханым Кене,
Осы ма бергендігің елге өнеге?
Бүлік сап тыныш жатқан ауылыма,
Бар еді қанды кегің қандай менде?
Жазықсыз жан болды ма белдескенің,
Жау болып шыққаны ма ел дескенім.
Жіберсең сәлем айтып ат керек деп,
Шетінен көзін тізіп бермес пе едім?…
Өсірген ұл орнына жалғыз қызым,
Шынымен таусылды ма дәм мен тұзың?
Мал жиған зияны жоқ бір шал едім,
Сұм тағдыр, мені қайдан көрді көзің?
Қазақтың жетпеді ме ен даласы,
Бар еді қандай құның менде аласы?
Келгенде жетпіс төртке қу бас шалдың
Жазылар енді қайтіп жан жарасы?!
Айтқам жоқ төрде отырып елге билік,
Ел-жұртым сыйлаушы еді жетпіс үйлік.
Жазығым бір құдай мен Кенеханға,
Жылқымның болғаны ма бәрі жүйрік?
Түн болды енді, міне көрген күнім,
Қапамен қайғы жұтып, шықпайды үнім.
Тал қармап тұңғиыққа тастағандай,
Бар еді қандай жазық, қандай мінім?
Қол жетпес шынар едім өскен биік,
Ішіме жалын-шоқты салды күйік.
Бұл малдың енді маған керегі не,
Алып бар Кенеханға бәрін жиып.
Қалыппыз жер шұқылап төмен қарап,
Айтқандай бізге қарғыс барлық алап”.
Теріс батаны жаман ырымға балаған қазақ оның нақты мәтінін жазып қалдырмаған. Өйткені, қатты күйінген адам "ойына келгенін" айтатын болған деседі. Мұхтар Әуезовтің "Абай жолы" романында да теріс бата кездеседі.
"Талып жатқан күйінен есін жаңа жиып, екі көзін алартып ашып атасына жаңа қараған Әмірге, Құнанбай қос қолын созып, алақанын сырт қаратып тұр. Намаздағыдай мінажат. Қимылын, суық тілек қимылын жасады. Әмір мен Абайға қатар созды. Бұл – теріс батаның, қарғыс батаның белгісі. Нұрғаным мен Ізғұтты екеуі, екі жақтан ұлардай шулады.
– Я, құдай, қабыл етпе!,
– Жаратқан, елең алма! Не сұмдық! Қарғыс айтқалы жатыр ғой, өз балаларына! – деп үркіп үн салды. Бірақ, Құнанбай енді оларды перуәйіне де ілген жоқ. Жүгініп алып, көлденең жатқан немересінің кеудесінің үстіне теріс батаның алақанын жайып тұр.
– Қызарып атқан таңда, мына зауал таңда… Айттым аталық қарғысымды. Менен туған арам қан, бәдбәхіт нәсілдерім мына екеуі. Жаратқан ием, я кәрім алла, менің қолымнан өлтіртпедің. Бендең болған бар тілегім. Ақ тілегім со болсын. Ал мына екеуін! Жібер өзіңнің ақ бұйрықты ажалыңды. Уын, зәрін өзгеге жаймай тұрғанда, жой көздерін, жоғарғылдардың! – деп қолының сыртымен теріс батасын етіп салды. Есін енді жиған немересі мен Абайға: – Шық! Жоғал, жойыл көзімнен! Ұрпағым екенің шын болса, құрбан еттім екеуіңді. Садаға еттім сен екі шіріген жұмыртқаны, бар да өл! Тез өл! Жөнел! – деді".
Шешелердің "Қабыл ете көрме" деп зар жылауынан-ақ ата қарғысы өткір екендігіне көз жеткізуге болады. Сонымен қатар, теріс батаның ауырлығын, оның тектен-тек айтылмайтындығын, адам қатты күйнігенде ғана айтылатындығын Сәбит Мұқанов өзінің "Өмір мектебі" атты романында әдемі келтіреді: "Бөліс күні мен Нұртазаның ас үйінен шықпай, шөке түсіп жатып қалдым. Ендігі қорыққаным – Мұстафа үйі жағынан айғай-шу еді. Мен ойлаған ем, "ашулы мінезді Мұстафа, өзгеге емес, үстіне тіккен үйін жығып бөлерде шыдамай, жанжалдасар, деп, "Сілеусін мен Ұлтуған дауыс көтеріп жылар, мені қарғар" деп.
Олардың бірі де өйтпеген. Үйді жығарда жалғыз ауру Мұстафа ғана төсегінде жатып қап, өзгелері тысқа шыққан да, бөлшектеген құрым үйге, көз жастарын ғана төгіп үнсіз қарап тұрған.
Үй жығылып, ашық аспанның астында қалғанда Мұстафа көзінің жасы ақтарылған бейнемен басын көтеріп, теріс жайған қолымен, мені емес, Нұртазаны қарғаған".
Бүгінде теріс бата қандай жағдай беріледі және қаншалықты дұрыс деген сауалға жауап беру мақсатында оқырмандарымызыдң пікірін білген болатынмыз.
Бүгінде теріс батаны қандай жағдайда береді?
Диана Нұрболатқызы, 18 жаста:
Бата дегенде көз алдымызға ақсақал не беделді адам елестейді. Мен үшін бата деген – үлкеннің ықыласына, мерейіне бөлену. Батасыз ас қайырмаймыз. Ондағы ой – бүгінгі жеген асымыздың берекесі қашпасын, ақ арылмасын дегені. Бірақ, теріс батаның да барын естідім. Жиі ата-ана баласының ит тірлігін көрген кезде теріс батасын беріп жатады. Қазіргі қоғамда теріс батаны баласы ата-анасының қалауына емес, өзгеге үйленіп не тұрмысқа шыққанда айтады. Сондықтан, ата-ананың ақ батасын алып, үй болайық дегенді де естиміз. Меніңше, теріс бата деген ұғымды қолданыстан шығаруымыз керек. Өйткені, қандай жамандық жасаса да өмір өзі алдына әкеледі деп сендіріп өсірді. Өмір бәрін өзі үйлестірсе қарғыстың не керегі бар?! "Жамандыққа жақсылық – ер кісінің ісі". Қарғыс та – жамандықтың бір түрі. Солай емес пе?
Роза Махутова, 67 жаста:
Иә, шынымен бұрындары ата-ананың қарғысын естігін, теріс бата алған дегенді жиі еститінбіз. Бірақ, бүгінде ондайды айтатын адам да қалмаған сияқты. Балаң ақ сүтіңді ақтамаса, қарғап-сілегім келіп тұрады. Бірақ, оған дәтіміз қалай бармақ?! Қазіргі заманда "Қыз алып қашу" дәстүрінде теріс бата ұғымы жиі кездесетін сияқты. Өйткені, есік алдына жатып алып, "аттасаң, теріс батамды беремін" деп қорқытатын біршама жасқа келген әйел адамдардың әңгімесін естиміз. Соған қарағанда, теріс батаның шынымен әсері мен кеселі болғаны ғой.
Дана Ибрагимова, 25 жаста:
Мен теріс бата ұғымын тек көркем әдебиеттен ғана білемін және бүгінгі қоғам үшін керекті нәрсе ретінде ешқашан қабылдаған емеспін. Бір танысым бар. Өзге ұлттың азаматына тұрмысқа шықты. Сол кезде ғана алғаш рет өмірімде теріс бата дегеннің не екеніне көз жеткіздім. Ашулы әкесі қарғап-сілеп үйден шығарып жіберді. Бүгінде жақсы отбасы болғанымен, "ата-анамның көз жасына қалдым" деп әлі күнге дейін налиды. Меніңше, теріс бата беру, өзгенің болашағына балта шабу керек емес. Өмір бәрін өзі түзейді…
Қазақтың кез келген салт-дәстүрі рухани байлыққа, қайырым мен береке толы. Бірақ, сол болмыстың ішінде сирек кездесетін теріс батаның залалы ауыр болған деседі. Қалай ойлайсыз, бүгінгі қоғам үшін теріс бата керек пе?