Дәстүрін дәріптеп, салтын сақтаған атам қазақ ырым-тыйымдары арқылы тәрбие берген. Ырым-тыйымның пайдасы да ұшан-теңіз... Қай ырым-тыйымды алып қарасаңыз да, белгілі бір дәлел-дәйекке сүйеніп айтылады. Тәрбие тал бесіктен. Тәрбиеге қатысты ырым-тыйымдарды біле жүріңіз!
Нанды бір қолыңмен үзбе! Нан уағын тастама!
Мұның себебі бар. Ешнәрсе себепсізден-себепсіз айтылмаса керек. Мәселен, нанды бір қолымен үзу деген киелі асты қорлаумен бірдей дегенге саяды. Ертеде халқымыздың ұғымында нан уағын тастама «обал болады», «жеп қойсаң, бай боласың» деп тәрбиелеген.
Жатқанда аяғыңды басыңнан биік көтерме! Тізеңді құшақтама!
Бұл сөз басыңды қорлау дегенді білдіреді, өйткені «Дос басқа қарайды, дұшпан аяққа қарайды» деген мақал тегіннен-тегін айтылмаса керек. Тізе құшақтау жаман ырым болып саналған, ол – жалғыз қалудың белгісі.
Үйде ысқырма! Үйдегі жан басын санама!
«Үйде ысқырма, үйге жылан келеді» дейді дана халқымыз. Жалпы алғанда қазақ ұғымында жылан – дұшпан. Сол секілді айдалада ысқырған желдей, ұлыған қасқырдай баспанасыз қаласың деген ұғым да бар. Көп балалы ата-аналар жан басын санағанды жек көрген. «Көз тиеді», «көп екен», «сұқтанба» деп қорыққан.
Желі, көгенді аттама! Малды теппе, ақты төкпе!
Желі – құлын байланатын арқан, ал көген – қозы, лақ бекітілген арқан. Қазақ малдың киесі бар деп қадірлеген. Бұлардың басында сүт сауылады, ал сүт – өмір өзегі, оны аяқ асты етуге болмайды.