Сәукеле кигізу салтының қазақ салт-дәстүрлерінің ішіндегі орны бөлек. Себебі сәукеле әйел киімдерінің ішінде ең асылы ғана емес, оның жұбайлық өміріндегі елеулі кезінің естен кетпес ыстық белгісі. Бұлаңдап өскен оң жақтағы және ақ босаға арасын аттар арадағы қимас та қызықты кездің ескерткіші. Олай болса келіншекке сәукеле кигізудің өзі бір ерекше салтанат.
Шапан келді – сын келді,
Қызыл тілім қимылда.
Жүруші едім алшақтап,
Тақия тіктім моншақтап,
Жеңгелерім жиналып
Келдің бе киім құшақтап, - дейді аттанайын деп отырған қалыңдық. Дәстүр бойынша қызға сәукелені, басқа да киімдерін әкесінің үйінде ұзатылар сәтте жеңгелері арнайы келіп оң жақтағы үкілі тақиясының орнына кигізіп, енесінен байғазы алған.
Сәукеле байғазысының бағасы да олқы болмаған. Бұған құда-құдағилар шақырылған. Олар көрімдік атаған. Шашу шашылып, ақ бата арналған. Сәукелені кигізгені үшін ауылдың сыйлы әйелі күйеу жігіттен сыйлық алған. Сол күні құдалар үлкен үйге кеткенше келіншек сәукелесін киіп отырған. Қырдың қарға аунап тұрған қызыл түлкісіндей онсыз да ажарлы келіншекті құлпыртып жіберетін сәукелені қыз жақтың туыстары әдейі шешкізбеген.
Сәукелелі келіншек ажарлы да базарлы көрінеді. Оны жұрттың бәрі көруге ынтық. Оның көрімдігі де соған лайық болуы керек. Жас отау, сәукелелі келіншек, ойын-сауық, көңілді күлкі жаңа өмірдің бақыт есігін ашқандай әсер береді. Көрсе көздің жауын алатын осы бұйым тек келіншек сәні ғана емес, той салтанаты мен құдалар беделін де көтере түсетін ерекше көрініс.
Жас келін түскен жерінде бір жылға дейін желек жамылып жүреді. Ойын-тойға барғанда сәукелесін де киіп барады. Қазақ әдетінде сәукелені ұзатылар кезінде ғана киеді. Келін болып түскеннен соң оны шешіп алып қояды.
Дереккөзі: Қазақ халқының ұлттық киімдері./ Құраст. Б.Хинаят., А.Сужикова.-Алматы: Алматыкітап баспасы,2011.-384 бет, суретті.
Ұқсас жазбалар:
Сәукеле сән береді сұлуларға
Аруға жарасады шолпы, шашбау