Сарпай сыйлау салты

Қазақтың өзі қонағын ерекше сыйлап, оны төріне оздырып отырған. Былайша айтқанда, «Қонақ келсе – құт келедіге» балаған ғой. Қонақ күтудің осылайша өзіндік дәстүрі қалыптасқан. Ең сыйлы да құрметті қонағы - құдасына киімнен тарту еткен. Оны қазақ арасында киіт деп аталған. Ол негізінен құдалық кезінде екі жақтың бір-біріне киім түрінде берілетін болған. Алайда күнделікті тұрмыста ішінара жүзеге асқанымен, бүгінде атауы анағұрлым ұмытылыңқыраған көне бір дәстүр бар. Бұл тарапта ол нендей дәстүр, қандай атау деп жатқан боларсыз?!..

Расында, кәдімгі киіттен сәл-пәл ғана айырмы бөлек, тек ол құдалық кезінде емес, басқа уақыттардың барлығында сыйға тартылатын бағалы шапан немесе ол сарпай деп аталады. Ел арасында сарпай шапан деген атауы да жоқ емес. Қазақ шапан кигізуді сарпай жапты деген. Сарпай атауы көбінде еліміздің оңтүстік өңірінде немесе Түркіменстан қазақтарының тілінде сақталған болатын.

Сарпай ертеде едәуір ұзын, мол пішілген бағалы, әрі сәнді киімнің атауы болған. Өз кезегінде сарпайды қарақалпақ пен қырғыз еркектері де киген. Түркі халықтарына сарпай атауы сірә, парсы тілінен енген тәрізді. Яғни, парсы тіліндегі сәрапа «бастан-аяқ», «тұтас» деген ұғымда қолданылады. Олай болса, сарпай о баста-ақ ұзын және мол пішіліп тігілген сәнді киім, «бастан-аяқ денені түгел жауып тұратын шапан» дегенді білдірді. Осы тұрғыдан келгенде, сарпайды бүгінгі қазақтың да кеңінен пайдаланып, өзінің құдасына және құрметті кісісіне сыйлай беруін бек құптар ек. Оның үстіне, бір-бірімізге сарпайды тарту арқылы ұмытқыраған сол дәстүрмізді қайта тірілтіп, оны барынша дәріптеуге зор мүмкіндік болары сөзсіз.

Шын мәнінде, қазіргі таңда құдасына немесе ең сыйлы қонаққа шапан жабу үрдісі бізде жоқ емес, бар ғой әрине. Алайда ол өзінің бұрынғы атауын көмескілендіріп, сарпай деп атала бермейді. Сондықтан да біз осы бір сарпайды әдіптей отырып, иыққа жабатын әлгі шапаныңызды өз атауымен айтып, өз қалыптасқан игі жолымен жалғастырсақ деген ниет жоқ емес екенін жасырғымыз келмейді. Олай болса енді шапан жаба берместен, бұдан былай сарпай жабуға тырысыңыз...

jastar.kz