- Негізгі бет
- Салт-дәстүр
- Салт пен дәстүрдің...
Салт пен дәстүрдің айырмашылығы неде?
Қазақ елі салт-дәстүрге бай. Салт-дәстүр – ұлт үшін өмір сүру қағидасы, қоғам заңы. Бүгінде мәдениетіміздің негізгі көзі, байлығы ретінде санайтын салт-дәстүрді біз қалай түсініп жүрміз. Мәселен, осы сөзді бір-бірінен ажырата, айыра аламыз ба? Тіпті кейбірі бұл сөзді бөліп жармай атаған дұрыс десе, кейбірі екеуінің мағынасында айырмашылық жоқ екенін алға тартады. Алайда екі сөздің мағынасы екі бөлек. Мұны біз тілдік қолданыста қос сөз ретінде айтып жүргенімізбен, көпшілігіміз сол мағынаны біле бірмейміз. Назарларыңызға салт пен дәстүрдің негізгі айырмашылықтарын ұсынамыз.
Салт-дәстүр — әр ұлттың, халықтың діні мен сеніміне, тұрмыс-тіршілігіне, ұлттық құрылым ерекшелігіне сәйкес ғасырлар бойы жинақталып, өмірдің өзі туғызған ғұрыптардың жиынтығы, қауым мен қоғамда қалыптасқан мінез-құлықтың үлгілері. Күнделікті қолданыста бір мәдени топты екіншісінен айыратын және бейресми жолмен реттейтін қабылданған мінез-кұлық ережесіне немесе әлеуметтік әрекеттерді жөнге келтіретін терминге жатады. Дәл осылай уикипедияда анықтама беріліпті. Алайда салт дегеніміздің өзі – адам өмірінің күнделікті тіршілігінде (отбасынан бастап қоғамдық өмірдегі қатынаста) жиі қолданылатын мінез-құлық, қарым-қатынас ережелері мен жол-жора, рәсім, заңдарының жиынтығы. Ол жеке адам өмірінде еңбек, іс-әрекет, адамгершілік, құқық, діни ережелермен байланысты көрініс береді де біртіндеп ауыл-аймақ, ру-тайпаға ортақ рәсімге (ритуалға) айналады.
Ал дәстүр – қоғамдық сананың барлық салаларымен байланыста дамыған. Топтасқан қауымның қалыптасқан бірыңғай көзқарасын, әдет, заңын марапаттайтын рәсім. Сонымен қатар дәстүр – тарихи тұрақтанған. Қоғамдық қарым-қатынастың нормада бір ұрпақтан екінші ұрпаққа жалғасып жататын, көпшілік қоғам мүшелеріне ортақ әдет-ғұрыптардың жинақталған түрі.
Қарап отырсаңыз дәстүрдің өресі салттан әлдеқайда кеңірек. Мұнда салт жеке адам өмірінде көрініс тауып, ақырындап ауыл-аймақ, ру-тайпаға ортақ рәсім ретінде танылса, керісінше дәстүр топтасқан қауымның бірыңғай көзқарасынан туындаған рәсім. Яғни бірі тұрақты болса, екіншісі бұл қасиетке ие емес.
Н. Үсенова