"Күй өнері ЮНЕСКО шеңберіндегі құндылықтар қатарына қосылды. Ал домбыра – қазақтың ұлттық бренді" – деді мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Елорда төрінде Домбыра күніне орай өткен концертте.
Ұлттық домбыра күнін атап өту – игі дәстүрге айналғаны белгілі. Биыл да өңір-өңірде домбыраны ұлықтауға арналған концерт, іс-шаралар өтуде.
"Бұл – халқымыздың тамыры тереңде жатқан төл өнерін дәріптейтін мейрам. Қазақ пен домбыра – бір-бірінен бөле-жаруға болмайтын егіз ұғым. Домбыра – көне заманның аңыздарына арқау болған киелі аспап. "Ақсақ құлан" күйінің шығу төркінін білмейтін қазақ кемде-кем. Ежелгі дәуірден жеткен қастерлі домбыра ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып келеді. Қазақ сан ғасырлық шежіресінің куәсі болған қасиетті аспапты бойтұмарына балаған. Қазіргі тілмен айтсақ, бұл – біздің ұлттық брендіміз", – деді Президент.
Мемлекет басшысының айтуынша, құдіретті қос ішектің үнінде ұлы даланың жыры, бабалардың сыры сақталған. Халқымыз қуанышы мен қайғысын, арман-тілегі мен үмітін күй арқылы жеткізген. Мемлекет басшысы домбыраға тіл бітсе, тебіренбейтін қазақ жоқ екенін, қандастарымыз мекендейтін қай елге барсақ та, домбыраның қоңыр үні күмбірлеп тұратындығын атап өтті. Байтақ даланы дүбірлеткен күйшілердің асыл мұрасы – рухани қазынамыздың баға жетпес байлығы.
"Құрманғазының "Сарыарқасы", Тәттімбеттің "Саржайлауы" күй өнерінің шыңы саналады. Нұрғисаның "Аққуы" – қазақтың қанына сіңген бекзат өнердің бірегей туындысы. Сондай дарын иелерінен аманат болған киелі мұра бүгінде адамзаттың асыл қазынасына айналды. Күй өнері ЮНЕСКО шеңберіндегі құндылықтар қатарына қосылды. Домбыраны ұлықтап, күй өнерін дамыту үшін елімізде көптеген игі істер атқарылуда. Елордада күй атасы Құрманғазының ескерткіші ашылды. Ал кеше ғана күйші Дина апамыздың құрметіне сәулет туындысы бой көтерді", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент озық мәдениеті бар ұлттың рухы әрдайым биік болары сөзсіз деп санайды. Сондықтан өскелең ұрпақ осы киелі өнерді лайықты жалғастыруы қажет. Мектепте домбыра үйренуге арналған факультатив сабақтарын енгізу жөніндегі бастаманы қолдаған Қасым-Жомарт Тоқаев, бұл сабақтар балаларымыздың ұлттық санасының күшеюіне және олардың көзқарасы мен мәдени танымының кеңеюіне оң ықпал ететініне сенім білдірді.