- Негізгі бет
- Салт-дәстүр
- "Өкіл күйеу" деген...
"Өкіл күйеу" деген кім?
Қазақ – салт-дәстүрге бай халық. "Қазақ халқының тұрмысы мен мәдениеті" кітабынан алынған ұлтымыздың бет-бейнесін, болмыс-бітімін көрсететін, бүгінде жойылып бара жатқан 5 дәстүрді ұсынамыз.
Өкіл күйеу
1835 жыл, Шамуэль Брашшаи. Қырғыз-қазақтар.
Бұрынғы қазақшылық кезінде бірі егде, бірі жас екі ер адам тым жақын сыйластық қарым-қатынаста болады. Бірімен-бірі туыстай араласып, бірінің жоғын бірі түгендеп, жан аямас достық қалыпта жүреді. Мұндай кісілер бірін-бірі "өкіл күйеу" деп атайды. Бірақ бұлар кәдімгі күйеу емес, аталуы ғана солай болғанмен, достықтан да, туыстықтан да жақын көңілде болады. Мұны екі ұлт өкілі немесе құрбы адамдар арасындағы тамырлық қатынаспен шатастыруға болмайды. Бұлардың айырмашылығы адамдардың жас ерекшелігімен ажыратылады.
Мығау жазасы
Мұндай жаза опасыздарға, сатқындарға қолданылған. Жазаға ұшыраған адамның аяқ-қолын байлап, ағашқа (керегеге) таңған, ал соғыс кезінде найза астына керген. Сонан соң барлық жиылған жұрт оның бетіне түкіріп, лағнет айтып, қарғыс жаудырған. Қарттар теріс батасын беріп, ел-жұрт оны адам қатарына қоспай, қаңғыртып жіберген. Мұндайларда отбасы болмаған. Көбінесе олар жасырынып, шын аты-жөнін, тегін айта алмаған. Әдетте жазаға ұшыраған қарабет көз көрмейтін, құлақ естімейтін жерлерге кетіп, оны туған-туысқандары да іздемеген. "Қыз Жібек" жырында Төлегенді өлтіріп кеткен Бекежанға үш найзаның сабымен мығау жазасын қолданған.
Қол ұстатар
Әдетте қыз айттырылып, қалың мал төленген соң, жігіт қалыңдық ауылына ұрын келеді. Міне, осы жолы жігіт пен қызды бірін-біріне алғаш рет табыстыру үшін көрімдік, қыз кәде, шаш сипатар, мойын тастар, арқа жатар деген салт-дәстүрлерді жасап, кәде алады. Сол көп дәстүрлердің басы – қол ұстатар. Мұнда жеңге бір-біріне не дерін білмей отырған екеуінің қолын ұстатады да, өзі шығып кетеді. Бұл – екі жасты жақындатудың халықтық амалы.
Көңіл шай
Адам өмірінде қуанышты да, ренішті де жағдайлар болады. Басына іс түскенде, тұрмыста кездесетін қиын жағдайда, ренішті, күйінішті кездерде адамдар бір-біріне көңіл білдіріп, қиыншылыққа ортақтасып, ақыл-кеңес береді. Ашулы сәтте басу айтады. Міне, осындай кездерде ауылы аралас ағайын-туыс көңіл білдіріп, дастарқан жаяды. Аталған жағдайларда жайылған дастарқан "Көңіл шай" деп аталады. Осы жерде көңіл білдіру мен көңіл айтудың арасын ажырата білу керек. Көңіл білдіру жоғарыдағыдай. Ал көңіл айту - қазалы жағдайда қолданылатын ғұрып.
Ауылдың алты ауызы
Тойда, ойын-сауықта, қонақкәде сұрағанда, көбінесе алыстан келгендер: «Ауылдың алты ауызы» болмайтын ба еді? Әуелі өздеріңіз бастаңыздар»,– деп қалатын әдеті бар. Демек, бұл – жол ауылдікі, өнер, өлең ауылдан басталсын деген сөз. Сөйтіп, өлең ауыл өнерпаздарынан басталады. Ауылдың алты ауызы дегеніміз осы. Бұл өлең табан астында суырып салып айтылған өлең немесе бұрыннан таныс өлең, жырлар да болуы мүмкін. Мұның ән, әуені де әр түрлі болады. Ол елден-елге тарала береді. Ауылдың алты ауызы өнерді дамытуға, әнші, домбырашылардың талантын көрсетуге зор қызмет еткен. Дала өнерін дамытқан, өрістеткен. Жастарды өнерпаздыққа баулыған.
М. Оңғарова