- Негізгі бет
- Салт-дәстүр
- Наурызда болатын табиғи...
Наурызда болатын табиғи құбылыстар
Халқымыз наурыз айын жылдың басы, жылбасы деп атайды. Жаңа жылды дәл осы айдан бастайды. Мұның сыры да аз емес.
Көк пен жерді, жұлдыз бен аспанды бақылаған көшпенді жұрт табиғат өзгерісі мен аспан өзгерісі арасында сәйкестікті жіті зерттеп, оны шаруашылық пен тұрмыс-тіршілікке қолданғаны белгілі. Халық мұндай мамандарды есепшілер деп атаған. Есепшілердің ілімі бүкіл халыққа қолжетімді болған. Яғни, есепшінің білетін ілімін қарапайым халық та біліп, түсініп, ұғынып отырған.
Сондықтан табиғи өзгерісті бір адамдай түсініп, соған қарай әрекет еткен.
Наурыз неге жыл басы?
Өйткені дәл осы наурыз айында табиғатта сирек кездесетін құбылыс – күн мен түннің теңелуі болады. Нақтырақ айтсақ, аспан әлемінде Үркер, Сүмбіле, Үшарқар-Таразы сынды ірі үш жұлдыз бір түзудің бойында келіп, тізіле орналасады. Мұны халық күн мен түннің теңелуі дейді. Бұдан кейін үш шоқжұлдыз да көзге көрінбей кетеді. Міне, бұл көктем мен жаздың басталғанын білдіреді. Кейін жаз біте бастағанда Таразы, кейін Сүмбіле, қыс келгенін білдіретін Үркер туады.
Күн мен түннің теңелуі – Наурыз мейрамындағы орталық ұғым. Шаруа бағып ұзақты күнді далала өткізетін, малшы, егінші қауым күннің қаншалықты ұзарғанын, түннің сонгалықты қысқарғанын шамалап біліп отыратын шоқы, төбе, адыр, өзен , бұлақ т.б. табиғи белгілері болады.
Бірақ күн мен түн теңелді екен деп халық өткінші амалға алданып қалмайды. Үркер, Үшарқар-Таразы, Сұлу сары жұлдыздарына қарай отырып, олардың көкжиекке жақындау шамасын межешеп, жаздың шығуына қанша күн қалғанын есептейді. Содан кейін ғана шаруашылыққа кіріседі.
Есепшілер күн мен түннің теңелгенін жан-жануарлардың мінез-құлқына қарап та ажырататын болған. Мәселен, батыс қазақтары наурыздың 14-сі күні сарышұнақ інін шыққанын күтіп, бақылау жасайды. Егер сарышұнақ інінен ұзамай, маңайында жүрсе, демек, күн әлі суық болады деген сөз. Ал егер інінен ұзақтау кетсе, онда күн жылынады деп болжаған. Тасбақа ішінен шыққанда, ауызына шөп тістеп шықса, онда күн мен түн теңелді әрі күн жылынады деген. Бұл шөпті халық мәриям шөп деп атап кеткен.
Күн мен түннің теңелгенін төрт түлік сезеді. Мұны әз жүру дейді. Яғни, отардағы қой күннің жылынатынын біліп марқаюы. Отардағы қошқар тұмсығын көкке көтереді.
Батыс қазақтарында наурыздың келе жатқанын белгілейтін 14 наурызда өтетін Көрісу мейрамы бар. Бұл күні ауыл адамдары бір-бірімен ашық-жарқын, емен-жарқын амандасып, төс қағыстырып құрмет көрсетеді. Бұл – бір-бірімізге деген өкпе-реніш қыстың суығымен бірге кетсін деген ниет.
Ұзанған күннің көзі, түн қараңғысының қысқарып, орнын жарыққа беруі, жер бетінің жылып, көктің қаулап шығуы жасарудың, жаңғырудың белгісіндей көрінеді. Жер мұздың, қардың құрсауынан арылып бусанады. Жер дүниені елжірететін де, бусандыратын да тіке түскен күн сәулесі. Күннің қызуы өтіп бара жатқан шақта көктің жүзін сары бауыр, қара барқын бұлт басып найзағай онйап, күн күркіреп жаңбыр төгеді.
Наурызда жауып жатқан қар үстіне құмалақ шашу арқылы көктемнің ерте, не кеш шығатынын болжап білуге болады: егер құмалақ қар үстіне кідіріп қалса, көктем қырық күн кеш туады.
Қ. Слямбек