Наурыз – көне мейрам. Оны қазақ халқының ерте дәуірлерден бері тойлап, атап өтіліп келе жатқанына күмән жоқ. Наурызды құт-береке санаудың арқасында үлкен халықтық білімге, дүниетаным белгісіне айналды. Наурыз халқымыз үшін күн мен түннің теңелуі ғана емес, жаңару мен жаңғырудың бастауы.
Наурыздың көне мереке екенін Абай да, этнограф Мәшһүр-Жүсіп Көпеев те жазған. Қазақ мәдениеті жайлы тың деректер қалдырып кеткен М.Көпеевтің Наурыз жайлы жазғандары әсіресе бағалы. 70 жыл бойық ұмытылып кете жаздаған наурызды жаңғыртуға этнографтың деректерінің маңызы зор болды.
Сонымен, Көпеев наурыз жайлы қандай деректер қалдырған екен, соған көз жүгіртіп көрсек.
Мәселен, Мәшһүр-Жүсіп Көпеев наурыз мерекесі жайлы былай дейді: «Қазақта Наурыз деген кісі аты болған. Келін-кепшіктер атай алмай «Ұлы күн» деп, «Ұлыстың ұлы күні» деп кеткен. «Ұлыс» - түркінің ата-бабаларынан қалған ескі тіл. Біздің қазақта Ұлыстың ұлы күні «Наурыз».
Бұл жерде Көпеев наурыздың қазақ арасында ертеден келе жатқан мейрам екенін әрі оның ұлыстың ұлы күн деп аталуының өзі көне замандардан бастау алатынын меңзейді.
Мәшһүр Жүсіп наурыз шежіресін сонау Нұх пайғамбардың заманынан бастау алады деп, мынандай дерек келтіреді:
«Бұл наурыздама той болып, қай заманда басталған жұмыс? Жоғарғы жақта сөйленген Нұх пайғамбар еркегі, ұрғашысы араласып, сексен қаралы жолдаспен кеме жасап мініп, алты ай, он күн суда жүзіп, су тартылып, кемесі Қазығұрт тауына кез болып, соған тоқтап, құрғақшылық көріп, қара жерді басқан. Біреудің әкесі, біреудің баласы, біреудің бауыры, туысқаны қырылып қалып, «салт атты, сабау қамшылы» болып судан шыққан тышқандай сүмірейіп шыққан соң тамақтарынан ас жүрмеген. Енді біз тірі болғанда неменеге жараймыз деп уайым-қайғыда болған.
Сонан соң бір Сонан соң бір үйретуші табылып, арақ жасап ішкен. Арақ ішкен соң: «Ішкен мас, жеген тоқ, уайым да жоқ, қайғы да жоқ» - бұрынғы күннің жаманын, жақсысын ұмытқан. Өздерінің аман қалғанына қызық, мереке, той жасаған.
Сөйтсе, сол күнде ай есебімен санағанда «Мұхарамма» айының оны екен де, жұлдыз есебімен санағанда, күннің хамале бір уәжібіне кірген күні бірінші хамале болып табылған. Нұх пайғамбардың тұңғышы – «Сам» деген баласы. Ғараб, Ғажам – сол самның ұрпағы. Біреуі ай есебін ұстап, жыл басын «Мұхарамма» деп санап, оны «Ғашура күні» деп, мейрам қылып ұстап қалған. Біреуі – Ғажам жұрты, жұлдыз есебін ұстап «Бірінші хамале – жыл басы» деп мейрам қылып ұстап қалған. Мұның ұстап қалған күні число есебімен наурыздың тоғызына дәл келіп, қыс пен жаздың аударыс, төңкерісіне тұпа-тура, дәлме-дәл шыққан. Мұны біздің қазақ «Бұхар есебі» дейді. Бұл есептен біздің қазақ жұрты орысқа қарағанша, аумай, жаңылмай ұстап келген».
Көпеев қалдырған маңызды деректің бірі – қазақта наурыздама тойының болғандығы. Арқа еліндегі дәулетті Тәтидің наурыздама ойын өткізген деп, арғынның атақты биі Едігені жүз кісісімен күткендігі жөнінде Мәшһүр Жүсіп жазбаларында мынадай дерек бар: Сіз бір жақтан бір жаққа бара жатқан жолаушы емессіз, әдейін наурыздама қылдыра келдіңіз! Ұдайымен сегіз күн қылмаған соң, мұның қылуға не сәндігі бар?! – деп, сегіз күн күтіп, сыйлап, бір күнінен бір күнін асыра беріпті. Тәти мырза алдырған түлкілерінің ішінде бір қара түлкісі бар, наурыздаманың үстінен келіп қалыпты. Қара түлкі алдырып келгеніне бір қуанып, «Наурыздама қылдырамын!» деп, Едігенің келгеніне қуанып: «Бұл – наурыздама Баяудікі болды. Мен ұрғашы наурыздамасына ортақтаспаймын!» деп, басы Едігенің өзіне түйе бастатқан тоғыз, онан кейінгісіне: біріне ат, жүз кісіден бір кісіні құр қойған жоқ. Ең аяқ атшыларға бір-бір матадан үлестіріп: – Міне – менің наурызым! – деп, сый қылыпты.
Міне, сондай жақсы күнде тасып кетіп алған дуа ұрпағынан Шорман шығып, Мұса шығып, байлық, беклік таласа қоса шығып, жалпақ Сүйіндікке құт ауыл, ұйытқы ауыл болып тұр. Бұл күндегі пәленшекем, түгеншекемнің пейіліне қарағанда, тағалы торы тай ұстап тұра алмайтұғын пейіл бар. Атасына, бабасына тиген осы екен. Оңған, ілгері басқан біреуді: «Шіркін атасына, бабасына дуа тиген тұқым ғой!» дейді.
Мәшһүр-Жүсіп Көпеевтің наурыз жайлы жазған тағы бір ескі дерегі – наурыз айында болатын табиғат құбылысы жайлы айтқаны. Этнографтың Бұхар жұртынан келтірген дерегінде күн мен түн теңелгенде, балық аунап түседі. Кейбір елдерде күн мен түннің теңелгенін осы құбылысқа қарап байқайтын болған.
Жиырма тоғыз жасында Бұхарай шәрифте болған Мәшһүр Жүсіп өзі байқаған жайын: «Наурыздама той қылатұғын жұрттың патшалары тірі балықты көп қылып ұстатып алып, бір керсен суға салып, көптің алқасына қойдырады. Отырған көп әлеумет сол балықтарға көздерін тігіп қарап отырады. Бір мезгілде балық біткен бірі қалмай теп-тегіс шалқасынан жата қалады. Қарындары жарқырап, лезде балықтар аунаған жағынан екінші жағына қарай аунап түседі. Сонан соң патшалар барабан соқтырады: «Ескі жыл шықты, жаңа жыл келді!» деп, сегіз күн ұдайымен қол астына қараған жұртқа той, тамаша береді: «Жаңа жыл тойы!» деп жазады.
Халқымыз наурыздың келгенін, келе жатқанын жан-жануарларға қарап байқайтыны бар. Мәселен, наурыздың келе жатқанын көктемнің хабаршысы боп жеткен кішкене наурызек торғайының келуінен білген. Оған бата жасап, бармақтай торғайды қадір тұтқан. Наурыздың келгенін тасбақаға қарап таныған халық інінен шыққан тасбақа шөп тістеп шықса, күн жылынады деп марқаятын болған. Ал отардағы қошқарлар тұмсығын көкке көтерсе, бұл да наурыз айының келгенінің нышаны. Сол сынды балықтың аунап түсуі де күннің жылынатынын білдірсе керек.