- Негізгі бет
- Салт-дәстүр
- Қыз бен жігітке...
Қыз бен жігітке қойылатын талаптар
Шалкиіз жырау "Алғаным ару болмаса, алдыма алып сүймен-ді!" дейді. Ал Бұқар жырау:
Жал, құйрығы қаба деп,
Жабыдан айғыр салмаңыз!
Қалың малы арзан деп,
Жаман қатын алмаңыз!
Жабыдан айғыр салсаңыз,
Жауға мінер ат тумас.
Жаман қатын алсаңыз,
Топқа кірер ұл тумас", - деп жырлайды. Қазақтың қосылар қыз бен жігітке қояр талабы зор болған. Назар салып көрелік!
Қызға қойылатын талаптар
1. Қыз бен жігіт арасындағы туыстық жеті атаға толуы
Талапқа сай ұлттық түсінік: Жеті атасын білмеген жетесіз. Жеті атасын білген жігіт жеті жұрттың қамын ойлайды. Жеті атаға толыстық, жеке ел болыстық.
2. Қыз бен жігіт арасындағы жас үйлесімі болуы
Отау тігер жас – жігеттерде 19 бен 25, ал қыздарға 16 мен 19. Жиырмаға жеткен қыз кәрі болар, өңі кетіп, шырайы сары болар. (Шал ақын)
3. Қыздың ақылдылығы
Әйел алсаң, қарап ал ақылдысын, Ол сенің ақыреттік жақын кісің. (Шал ақын) Жасаулы деп, малды деп байдан алма, Кедей қызы арзан деп құмарланба. Ары бар, ақылы бар, ұяты бар, Ата-ананың қызынан қапы қалма (Абай)
4. Қыздың тектілігі
Тегіне қарап қызын ал. Соғуына қарап қау ас. Көріп алған көріктіден, Көрмей алған текті артық. Аяғын көріп асын іш, Шешесін көріп қызын ал.
5. Қыздың сымбаты мен көркі
Әркімдікі өзіне, ай көрінер көзіне. Сұлу сұлу емес, сүйген сұлу, Махаббаттың отына күйген сұлу. Ақылына көркі сай.
6. Қыздың іскерлігі
Өнерсіз қыздан без. Өнегесіз ұлдан без.
Ер жігітке қойылатын талаптар
Халықтық талап:
1. Кескін келбеті
Талапқа сай түсінік: «Еңсегей бойлы, терең ойлы, өткір көзді, қара қасты, кең маңдайлы, қыр мұрынды, қияқ мұртты, кең иықты, шешен тілді, жау жүректі т.с.с»
2. Қадір – қасиеті.
«Қырандай алғыр, сұңқардай ер, арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты, қасқырдай өжет, нардай төзімді т.с.с»
3. Қабілет икемі.
Ел басқаратын, дау шешетін, жомарттық жасайтын.
4. Зерде-зейіні
Тылсым сырды ұға алмайтын.
5. Өнер-өрісі
Өмірден әперер сыбағасын
6. Тапқырлық-ерлігі
Дұшпанға найза сұға алатын
7. Қайрат - қаруы
Аяқтан шалғанды жыға алатын
9. Жігер - күші
Қиындықта сыналатын.
9. Білімі
Биікке бастап шыға алатын
10. Адалдығы
Туған елі мен дос – жарандарына адал болатын
11. Әділеттігі
Қара қылды жаратын
12. Шыншылдығы
Қаймықпастан, турасын айтатын.
Н. Айдархан