Қымызмұрындық – қазақ халқының атадан балаға мұра болып келе жатқан игі дәстүрінің бірі. Ертеде жер аяғы кеңіп, бие құлындап, желіге байланған тұста көптен көріспеген ағайын-туған сағынып, бірін-бірі осы «Қымызмұрындыққа» шақырысып, мәре-сәре болған. Бұл мерекеде өнерпаздар ән мен жырдан шашу шашып қана қоймай, қыздар билеп, жігіттер білек күшін сынасып, кір тасын көтеріп, арқан тартысып, қазақ күресінен, тоғыз құмалақ, асық ойындары секілді қазақ ұлттық ойындарынан жарыс өткізген. Еңкейген кәріден еңбектеген балаға дейін әр ауылдан жеткізілген сары қымыздың дәмін татып, бағасын берген. Дастарқанға қазақтың ұлттық тағамдары қойылған.
Биенің сүтін "саумал" дейді. Саумалдың емдік қасиеті мол. Әсіресе бірінші рет құлындаған, яғни қулық биенің сүті үлкен биелерге қарағанда әлдеқайда қуатты болады. Саумалды сауған бойда ішу керек. 100-200 грамм аз мөлшерден бастап, бір литрге дейін үш мезгіл ішуге болады. Бие басына күнінен орта есеппен 10-12 литр сүт алуға болады. Кей биелер 15-17 литрге дейін сүт береді. "Сауын саусаң бие сау, боз қырау түспей суалмас" деген мақал осы тұста еске түседі екен. Тағы бір ерекшелігі саумал биелерді 8 ай саууға болады. Тіпті күтімі келіскен бие жыл бойы сүт береді.
Саумалды ем ретінде буын ауруларына ішсе тіпті пайдалы. Сал ауруының алдын алады және жаңа босанған келіншектің сүтін молайтып, нәрлі етеді. Демек, емізіп жүрген балаға да пайдасы зор. Саумал жүрек ауруларын, асқазан жарасын емдеуге, бауыр ауруына, иммундық жүйе жұмысының жақсаруына, туберкулез, ішек, тері ауруларына, аллергияны, қан аздықты, т.б. ауруларды емдеуде жиі қолданады.
Аурудан асқан жан бар ма?
Жылқыдан асқан мал бар ма?!
Биенің сүті сары бал,
Қымыздан асқан дәм бар ма?! – деп Ақтамберді жырға қосқанындай, бие сүті А, С, В1, дәрумендеріне бай. Оның минералдық қасиеттері 12 сағатқа дейін жойылмайды. Құрамындағы "С" дәрумені сиыр сүтімен салыстырғанда он есе көп. Басқа сүтке қарағанда бие сүтінде кездесетін ақуыздар, майлар, көмірсутегілер өте ерекше, яғни альбуминдік (сүттің ерекше түрі) қасиетке ие. Демек, бие сүті ананың сүтімен пара-пар.
Қымыз – жылқы терісінен тігіліп, тобылғы түтінінің ысы әбден сіңген сабада, не болмаса ағаш күбіде ашытылады. Қымыздың ашытқысы «қор» деп аталады. Дәкеге түйген қорды сабаға салып немесе оның үстіне бір шелектей жаңа сауған салқын саумалды құйып, ыдыстың сыртын жылы орап тастайды. Қор езіліп, саумалға тегіс тарағанда саумалдың дәмі қышқылданады. Сөйтіп жаңа қор жасалады. Жаңа қордың үстіне салқындатылған (әйтпесе қымыз іртіктеліп кетеді) саумалды құйып, саумал әр сұйылған сайын піспекпен жарты сағаттай пісіп араластырады. Қымыз ашытылған ыдысқа жылқының сүр қазысы мен семіз жаясын салса, қымыз майлы әрі жұмсақ болады. Әдетте, қымыздың өзінен де май шығады. Ол май қымыздың бетінде қалқып жүреді. Іңірде пісілген қымызды жылылап қымтап, келесі күні биенің бас сауымы сауылып болғаннан кейін ғана қотарады. Саба мен күбіні аптасына ең кемі бір рет ыстайды. Себебі дер кезінде тарзартып, ысталмаған ыдыс өңезденіп, қымыздан ескі дәм шығады. Әжелеріміз күбіні киік отымен (тобылғымен) ыстаған. Киікоты піскенде оны келесі жылға жететіндей орып, кептіріп алатын болған.
Қымыз дайындау шеберлігіне, сүттің сапасына, уақыт мезгіліне қарай бірнеше түрге бөлінеді. Осыған орай оның аталуы да алуан түрлі.
Уыз қымыз – биені алғаш байлағанда ашытылатын қымыз. Мұны "бие бау" деп те атайды.
Бал қымыз – әбден пісілген және бойына жылқының майы сіңген бапты, жұмсақ қымыз. Мұндайда қымыздың түрі әдеттегі қымыздан гөрі сары әрі қою болады.
Бесті қымыз – төрт түн ашып, ашуы мейлінше жеткен қымыз.
Дөнен қымыз – үш түнегеннен кейін қотарылатын, мейлінше ашуы жеткен қымыз.
Жуас қымыз – үстіне саумал құйып жұмсартылған қымыз. Қымыз аса ашып кеткенше ішуге қолайлы болуы үшін осылай істейді.
Құнан қымыз – бірінші рет құлындаған биенің сүтінен ашытылатын қымыз. Қулық биенің сүті жылда сауылып жүрген үлкен биелердің сүтіне қарағанда әлдеқайда қуатты. Оны әдетте «ту қымыз» деп те атайды.
Қысырдың қымызы – бие ағытылғаннан кейін, жем-шөбі дайын адамдар қысыр биелерді іріктеп алып қалып, қыстай қолда ұстап сауады. Сондықтан да бұл қымызды «қысырдың қымызы» деп атайды.
Сары қымыз – дертке шипа, денеге күш. Шөп пісіп, биенің сүті қойылған кезде ашытылатын қымыз. Жаздыкүнгі қымызға қарағанда қою әрі өңі сары болады.
Сірге жаяр қымыз – бие ағытылар кездегі ең соңғы қымыз. Бие алғаш байланып, уыз қымыз ішерде бір той болса, бие ағытылып, сірге жияр қымызды ішерде тағы бір той болады.
Түнеме қымыз – ескі қымыздың үстіне саумал құйылып, келесі күні қотарылатын қымыз.
Қымыз құрамында 28 түрлі микроэлементтер мен көптеген дәрумендер бар. Бұл элементтер бие құнарлы жерге жайылған сайын арта түседі. Қымыздың құрамында жыныс гармондарына жақсы әсер ететін ферменттер көп. Бұл әйелдерді бедеуліктен, ерлерді белсіздіктен қорғайды. Ағзаны қуаттандырады, құрт ауруларының алдын алады, ауырған адамның қайта қалпына келуіне жақсы ықпал етеді. Ашыған қымыз шөлді басып, қантамырды қордаланған зиянды қалдықтардан тазартады. Іш қатуының алдын алады. Ашығудан кейін қымыз ішу буын ауруларына өте пайдалы. Адам денесінің күш-қуатын арттырады, бүйрек пен бауырды қанықтырады, қан тамырларын тазалайды. Буын аурулары мен сүйектің қақсауын, жүйкенің жұқаруын, бас айналуын, созылмалы сары ауру (гепатит), ұйқысыздық, ішектегі жара (гастрит) сияқты аурулардың алдын алады немесе жеңілдетеді. Қымыз адамның физикалық жағдайын жақсартады, тәбетін ашады, ас қорытуды жақсартады. Қымызды безгек ауруына және жөтелге қарсы да ішуге болады. Қымызбен емделгенде қан құрамындағы гемоглобин, эритроцит көбейеді. Тамырдың соғуы жиілеп, қан айналымы жылдамдайды. Қан тамыры жұмысы мен жүрек соғысы жақсарады.
Есіңізде болсын, қымызды әркім шамасына қарай мөлшерімен ішуі керек. Тым көп ішкен жағдайда пайдалы ферменттер мен дәрумендер бір-бірімен теріс байланыс орнатып, адамның әлсіреуі мен естен адасуына алып келеді. Ең дұрысы, өзіңнің кеңесші дәрігеріңмен ақылдасып саумал, қымыз ішкен дұрыс.