Үйленер кезде күйеу жігіт біліп жүруі тиіс кәделер бар. Әр елдің салты басқа болғанымен, қай жердің қызын аларыңызды кім біледі. Білгеніңіз артық болмас.
Сүт ақы (кей жерлерде ана сүті, ата сүті) — қайын енеге емізгені үшін берілетін кәде. Ол – бір түйе немесе бір ат. Қазіргі заман талабына сай түйе мен жылқының құнымен тең бағалы әшекей.
Балдыз көрімдік – бұрындары ұрын барғанда қалыңдықтың сіңілісімен арнайы танысып, соны таныстырған жанға көрімдік ретінде сыйлық ұсынған. Қазіргі заман талабына сай қалыңдықтың сіңілілері жездесіне әр түрлі ойын шартарын ұсынып қалыңдық отырған бөлменің кілтін сатады. Күйеу жігіт балдыздарына ақшалай сый жасап, балдыз көрімдік кәдесін жасайды.
Жеңгетай – қалыңдықтың жақын жеңгелеріне арналады.
Сәукеле байғазы – қалыңдықтың сәукелесін киген жеңгесі күйеу жігіттен байғазы сұрайды. Ақшалай сыйлық немесе алтын, күміс әшекейлер беріледі.
Отау жабар — қалыңдықтың отауын жапқан әйелдерге берілетін мал.
Ентігімдік – күйеудің алдынан шығып қарсы алып, шашу шашқан келіншектерге берілетін кәде.
Ат байлар — кезінде біздің аталарымыз екінші бір ауылға бару үшін қазіргідей авто көлік емес, атты көлік етіп пайдаланған. Сол кездері ат байлар деген ырым болған, қалыңдық ауылына келген күйеу жігіттің атын қалыңдық жеңгелері байлағаны үшін куйеу жігіт мата немесе әшекей бұйымдарды берген. Қазіргі біздің заманымызда осы салт ұмыт бола бастады.
Төсек салар – ұрын тойда төсек салған жеңгесіне беретін кәде.
Шымылдық байлар – шымылдықты құрып берген қалыңдық туысқандарына берілетін сый.
Қол ұстатар — ұрын тойда қалыңдықтың қолын жігітке ұстатқан жеңгесіне беретін сыйлық.
Шаш сипатар – қалыңдық жеңгелері күйеу жігітке қалыңдықтың шашын сипауға рұқсат бергендері үшін берілетін сыйлық.
Ит ырылдар – куйеуге ырылдаған итті қуу үшін (есік сыртынан жеңгесінің бірі ит болып ырылдайды).
Бақан сылдымақ – түндікті ашқан адамға берілетін сыйлық.
Қыз көтерер – қалыңдықты кілемге салып көтергендерге беріледі.
Кемпір өлді — өтірік өліп, қосылуға кедергі келтірген кемпірді қайта «тірілту» үшін берілетін ақы.
Куйеу аттанар – күйеуді атқа отырғызғаны үшін.
Қыз қашар – туыстарынан қашып кеткен қалыңдықты әкелгендері үшін берілетін кәде.
Мәлімет: neke.kz сайтынан