Құда-құдағи туралы айтылған аталы сөздер

Құда-құдағи туралы айтылған аталы сөздер
Фото: el.kz

Қазақ халқында «құда – мыңжылдық» дейтін дәстүрлі сөз бар. Бұл сөздің астары сонау халықтың қалыптасу кезінен келеді. Қай елді, қай ұлтты алмайық, ержеткен баласы мен есейген қызын, бірін ұяға, бірін қияға қондырады. Бұл – үйлену дәстүрі. Соның ішінде, үй болып отырған жас отбасының ата-аналары бір-біріне төс қағысып құда-құдағи атанады. Құда-құдағи туралы қазақта айтылған аталы сөздер де жетерлік. Ендеше солардың бір легіне кезек берейік.

***

Құданы Құдай қосады.

 ***

Құда болғанша, құлы мен биін сұрас,

Құда болған соң, құл да болса сыйлас.

 ***

Жабыны жауға мінбе жалы бар деп,

Жаманмен құда болма малы бар деп.

 ***

Бай мен бай құда болса,

Ортасында жорға жүреді.

Жарлы мен жарлы құда болса,

Ортасында дорба жүреді.

Бай мен кедей құда болса,

Өзара зорға-зорға жүреді.

 ***

Біреу болса – құда, екеу болса – ұя.

*** 

Құданың тайын алғың келсе,

Құлынды биесін сұра.

 ***

Құдағи құрдасыңдай болсын,

Құдаң шын досыңдай болсын.

 ***

Ағайынның қызығы – алыс-беріс,

Құдалықтың қызығы – барыс-келіс.

 ***

Алыс жермен құда болсаң,

Түйе-түйе ас келер;

Жақын жермен құда болсаң,

Түйе-түйе сөз келер.

 ***

Құдасымен Құдай ұрған ұрысады.

 ***

Құда болғанша хал-жайын сұрас,

Құда болған соң, қолда барымен сыйлас.

 ***

Құда – мың жылдық,

Күйеу – жүз жылдық.

 ***

Құда – Құдайдың аты.

 ***

Құда болдым дедің бе,

Құйрық-бауыр жедің бе?

 ***

Аты, тоны бар кісі

Жиын, тойға барысар;

Ұлы, қызы бар кісі,

Құдалыққа барысар.

*** 

Қараның таққа мінгені –

Біріне бірінің құда түскені.

 ***

Бай мен бай құда болса, достасады,

Бай мен кедей құда болса, қастасады.

О. Сансызбай