- Негізгі бет
- Салт-дәстүр
- Келінге берілетін бата...
Келінге берілетін бата
«Батаменен ел көгерер, жаңбырменен жер көгерер»,- деп қазақ халқы айтпақшы, келін болып есік аттаған күннен бастап келінге жақсы баталар беріледі. Бүгін біз сіздерге келінге берілетін бата түрлерін ұсынып отырмыз. Келінге жақсы бата беру ата мен ененің, үлкен қайны ағалар мен апаларымыздың міндеті. Сондықтан, жақсы баталарды жаттай жүріңіздер.
***
Ақылды енелі бол,
Абысынға беделді бол.
Қайын апаңа жағымды бол,
Қайын жұртыңа жұғымды бол.
Ардақты аталы бол,
Оң ісіңмен баталы бол.
Қайын ағаңа қадірлі бол,
Ар ісінде сабырлы бол.
Байыңа сүйікті бол,
Ай, жылында жүкті бол.
Қайын сіңліңе сырлас бол,
Қайныңа құрдас бол.
Малға барсаң көнекті бол,
Суға барсаң шелекті бол.
Ошаққа барсаң отынды бол,
Бауға барсаң желекті бол.
Кішіпейіл, сүйкімді бол,
Өнерге икемді бол.
Жұмысыңда епті бол,
Шаңырағыңда көпті бол!
***
Еліңе елеулі бол,
Халқыңа қалаулы бол!
Ата-енеңе жағымды бол,
Қайын аға, қайныңа қайырымды бол.
Ауылыңа айбарлы бол,
Күйеуіңе жайдарлы бол.
Әумин!
***
Отша лаула, сөнбегін,
Еш жамандық көрмегін.
Қосағыңмен қоса ағар,
Құтты болсын қадамың,
Келін болдың, қарағым.
Салтын ұста, ардақта,
Үлкен ата-бабаңның.
Ошақтан от кетпесін,
Үйіңнен көп кетпесін,
Адал болғын жарыңа,
Лаула оттай, жалында!
Әумин!
***
Құдайым осынау үйге дуа берсін,
Тіл-аузын дұшпанның буа берсін.
Келіннің балағынан бала саулап,
Салпы ерін сары ұлдар туа берсін.
***
Жас келіннің қонған жері
Құтты қоныс тұғыр болсын.
Біреуі шал, біреуі кемпір –
Қос ағарған ғұмыр болсын!
Балапанмен, балақанмен
Бесік іші жыбыр болсын!
Құлан-тайдың асырымен
Оттың басы дүбір болсын.
Сүйіспендік махаббатпен
Тәтті күлкі, сыбыр болсын.
Кәрі күліп, бала бағып,
Мол қызықтан ығыр болсын.
Кәрілерге мейірімді келіндерде
әдеп болсын.
Ата күту, ана бағу –
Ата жолы әдет болсын!
Әумин.
***
Келінің баянды болсын,
Үлкендерді сыйлайтын аяулы болсын!
Жылы жүзді болсын!
Жұмақ сөзді болсын!
Келінің бақытты болсын,
Ел қыдырса, сыпайы жүрсін.
Күлсе, сыпайы күлсін,
Ашпын деп жалаңдамасын.
Өз байымнан анау тәуір екен деп,
Шаш қайырғанға алаңдамасын.
Алдымен еріне жақсын,
Қолға қонған қырғидай
Атасы мен анасына жақсын.
Әумин.
***
Айналайын қарағым!
Алтыннан болсын тарағың,
Күмістен болсын жарағың.
Бақыт қонып басыңа,
Басталсын өмір парағың.
Ашық болсын есігің,
Ұлды болсын бесігің.
Қазаның жиі майланып,
Алладан болсын несібің.
Айналайын қарағым!
Ақылды болсын сыңарың.
Жаратқан Ием жар болып,
Алладан болсын тұмарың.
Айналайын қарағым!
Ашық болсын қабағың.
Бағың артып күн сайын,
Көктен болсын сыбағаң.
Мұң баспасын жүзіңді,
Құм баспасын ізіңді.
Жұлдызың тұрсын жарқырап,
Көктемдей қылып күзіңді.
***
Шайың қызыл болсын,
Ғұмырың ұзын болсын.
Несібең таса берсін,
Дұшпаның қаша берсін,
Құдайым ұзақ ғұмыр жаза берсін!
Дереккөз: neke.kz
Y. Almabek