Халқымыз өте ырымшыл халық. Ырымға сену біздің бүкіл жан-дүниемізге сіңген. Қазақтың қай ырымын алып қарасаңыз да, белгілі бір жамандықтың алдын алуға негізделеді. "Неге олай?" деген сұраққа "болмайды" деген жауап қана естісеңіз де, соған қанағат табасыз. Көп ырым тұрмыс-тіршілікке, наным-сенімге байланысты туып отырған. Ұлтымыздың сондай ырымдарын біле жүріңіз!
1. Жолаушыға «қайда барасың» демейді, «жол болсын» дейді.
2. Тамақ үстіне келген адамға үй иесі «мақтап жүреді екенсің» деп риза боп қалады. Дастархан жиналып жатқанда келгенге «бізді жамандап жүреді екенсің» деп ескерту жасайды.
3. Қазақ сейсенбіде жолға шықпайды, іс, жұмыс бастамайды, көшіп-қонбайды.
4. Жақын адамдарға пышақ, ит сыйламайды. Егер жақын адамның пышағы өте ұнаса, оны ұрлап немесе сатып алады.
5. Егер сүйінші сұраса, шауып келуге болады. Бірақ «сүйінші, сүйінші» деп айқайлап келуге тиіс.
6. Біреу әңгіме айтып отырғанда сәби түшкіріп қалса, шын айтқаны деп ойлайды.
7. Адамның келіншек отырған жақтағы аяғы ұйып қалса, ол екіқабат екен деп ырымдайды.
8. Адамға немесе малға біреу сұқтанып қараса, «көзің тиеді» деп түкіртеді.
9. Балықтың құйрығын ұстаса, ауға балық түспейді.
10. Садақаға киім берсе, оның түймесін қиып алады.