Қазақтың ұлттық сусындары

Қазақтың ұлттық сусындары
Фото: massaget.kz

Қазақтың ұлттық сусындары көбіне сүттен дайындалған. Арасында дәнді-дақылдардан жасалатындары да бар. Ал ең бастысы ұлттық сусынның денсаулыққа пайдасы өте мол. Назарларыңызға халқымыздың ұлттық сусындары мен оның денсаулыққа пайдасы жайлы мәліметтерді ұсынамыз.

Қымыз – құрамында дәрумендер, майлар мен ақуыздарға бай ұлттық сусын. Бие сүтінен ашытылған тағам. Бір литр қымыздың құрамында 200-260 мг С дәрумені болады, ал адам ағзасына күнделікті 50 мг С дәрумені қажет. Қымызда сонымен қатар сөл бөлу және жүрек жұмысын жақсартатын В тобындағы В(1), В(2), В(3), оның ішінде қанның жасалуына қатысатын В12 дәрумені бар.

Шұбат – түйеден сауылған сүт. Түйе сүтінің емдік қасиеттері бағзы заманнан бері белгілі. Шұбатты бабаларымыз өкпе, асқазан ауруларымен қатар түрлі созылмалы дерттерге, жалпы ағза әлсірегенде, әрі уланғанда емдік қасиеті жоғары мал өнімі ретінде пайдаланған. Ең алдымен шұбаттың емдік қасиетіне тоқталатын болсақ, бір литр шұбат адам ағзасын тәуліктік қажет ететін дәрумендермен және басқа микроэлементтермен толық қамтамасыз ете алады. Шұбатта табиғи иммундық қасиеті адам денсаулығына пайдалы түйіршік белоктар бар. Отандық және батыс ғалымдарының мәліметтері бойынша, алты ай бойы күнделікті астан 30 минут бұрын бір литр шұбат ішкен жағдайда оның ісік, тыныс алу, ас қорыту жолдары және жүрек-қан тамыры сияқты ауруларды емдеуге ықпал жасайтындығы тұжырымдалған.

Айран – қазақтың төл сусындарының біріне жататын сүт өнімі. Сүтте кездесетін дәруменмен толыққан айранда ағзадағы зат алмасу жүйесін жылдамдатады екен. Сондай-ақ, артық салмақтан арылуды көздейтін жандар күніне бір кесе айран ішсе, діттеген мақсатына жете алады. Әсіресе, айранды кешкі уақытта ішкен пайдалы.

Боза – дәнді дақылдардан ашытып жасалатын ежелгі сусын. Көбіне тарыдан ашытып қолдан жасалады, ішімдікке ұқсас. Бір тәулік бойы суға бөктіріліп қойылған дән жармасының сарысуын төгіп тастағаннан кейін, қалған тұнбаға белгілі мөлшерде май, су құйып, оттың табына жайлап қайнатып, ботқа жасайды. Оны суытып қойып, дәнді дақылдың бір түрінен (тары, арпа, т.б.) ашытқы дайындайды. Ол үшін дақылды қажетінше алып, үстіне ыстық су құйып, 3-4 сағат бөктіреді де, сүзіп алып, жылы жерге жайып қойса, 3-4 күнде дәндері өнеді. Бірден кеуіп кетпес үшін, үстін жауып тастайды. Өнгеннен кейін, келіге салып түйеді.

Осылайша дайын болған қоспаның үстіне суытылған қайнаған су құйып, жарты тәуліктей ашытып қояды. Содан соң, дайын қоспадан ыдысқа керегінше салып, қайнаған салқын суға араластырып, сүзгіден өткізеді. Алынған сұйық сусын Боза деп аталады. Дайындалу технологиясы мен сақталу мерзіміне қарай жас боза, қорланған боза деп те атайды. Жас боза құрамында 4-6%, ал қорланған Б-да 12-15% спирт болады. Бозаның уытсыз, жай ашытқымен жасалған түрін мақсым боза дейді.

Қымыран – сүттен ашытылып жасалған сұйық тамақ – айранның бір түрі немесе түйенің шұбаты мен сиыр сүтінің араласы. Түйенің пісірілмеген сүтінен ашытылған сусын – қымыран. Пісірілген сүтінен ашытылғаны – шұбат.

Бiр литр қымыран ересек адамның В1, В 12 және С дәрумендеріне деген қажеттілігін қанағаттандыра алады. Дәстүрлi сусын сонымен қатар iшек, бауырды тазалап, өт жолдарының жұмысын жақсартады. Қышқыл бөлудi тездетiп, асты жылдам қорытуға септiгiн тигiзедi. Айран мен сүтке қарағанда, тиiмдiлiгi анағұрлым жоғары болады екен. Қымыз және сиыр сүтiнен жасалатын өнiмдерге қарағанда, қымыранның құнарлы заттары көп. Мәселен, бiр литр түйе сүтiнде 911 ккал болса, бие сүтiнде 528, сиырдікі 660 калорияны құрайды.

Қатық – қойдың, ешкі мен сиырдың қаймағы алынбаған сүтінен ұйытқан аса қою айран. Қатық піскен сүттен де ұйытылады. Қатық ұйыту үшін жылы сүтке ұйытқы құйып, ыдыстың бетін жауып, күн түспейтін жылы жерге 2-3 сағаттай қояды. Қаймағы алынбаған сүттен ұйытылған қатықтың бетіне қалың қаймақ тұрады. Ал кілегейі алынбаған шикі сүттен ұйытылған қатықтың бетіне қалың кілегей жиналады.

Шалап – айранға су қосып ішетін шөлбасар сусын. Көбіне жазда ішіледі. Шалап дайындау үшін алдымен айран немесе шұбатты үлкен ыдысқа құйып алады да үстіне су қосады. Сөйтіп қасықпен жақсылап араластырады. Бір литр айран немесе бір литр шұбатқа бір литр су қосу керек. Шалап түйе сүтінен ашытылады. Бұл әрі сусын, әрі тағам.

Ашыған көже – сүт қатқан тары, күріш қосқан қайнаған судан жасалған сусын. Көшпелі ғұмыр кешіп өткен қазақ халқының төл сусыны. Құрамындағы дақылдар сізге қуат беріп (көктемде адамның әлсірейтінін білесіз), сұйығы шөліңізді қандырады.

Қ. Слямбек