Киім – адам киетін, денесін ыстық, суықтан қорғайтын бұйым.
Тымақ – аң, мал терісінен жасалған қыстық бас киім.
Бөрік – жиегіне аң терісін салған, төбесіне үкі қадалған, сырты әшекейленген, ерлер де, қыздар мен жас келіншектер де киетін бас киім.
Бөкебай – түбіттен тоқылған әйелдердің бас киімі.
Тақия – қыздардың үкілеген, әсем зергерлік бұйымдар тағылған бас киімі.
Қасаба – қымбат матадан тігілетін қыздардың бас киімі.
Қалпақ – ер адамдардың бас киімі.
Төбетей – төбеге киетін жаздық шағын бас киім.
Құлақшын (малақай) – қыстық бас киім.
Жалбағай – малшылардың жаздық бас киімі.
Сәукеле – ұзатылатын қыздардың қымбат бас киімі.
Сәлде – молдалардың орап киетін бас киімі.
Желек – сәукеленің немесе қыздар бас киімінің желке тұсынан төгіліп тұратын жібек мата.
Жыға – мойынға су кетпеу үшін дулығаның немесе бас киімнің желке тұсынан тағылған қалың мата.
Күләпара – су немесе қар түспес үшін бас киімнің сыртынан қаптай киетін, брезеттен тігілген бас киім.
Күндік – егде әйелдер басына орай тартатын жаулықтың бір түрі.
Жаулық – тұрмыстағы әйелдердің тартатын бас киімі.
Кимешек – әжелердің тек беті ашық, басын, иығын жауып тұратын бас киімі.
Шалма – түбіттен тоқылған ерлердің мойынорағышы.
Шәлі (салы) – әйелдердің басқа тартатын шашақты, сәндік орамалы.
Жейде – іштен киетін ерлер киімі.
Көйлек – әйел киімі.
Киіт (кәде) – құдалыққа ұсынатын киім, бұйым.
Күрте – ерлердің жейде сыртынан киетін жұқа киімі.
Кеудеше – жылылық үшін кеудеге киетін жеңсіз киім.
Бешпент - ерлердің жазда киетін сырт киімі.
Шапан – тізеден төмен түсетін қалың сырт киім. Түрлері: қаптал шапан, қималы шапан, сырмалы шапан.
Қамзол – әйелдердің көйлек сыртынан киетін киімі.
Шекпен – су өтпес үшін киетін сырт киім. Ең бағалысы түйе жүнінен тігіледі.
Жақы (құлын жақы, тай жақы) – жылқы терісін жүнін сыртына қаратып тігетін кәдлі киім.
Жадағай – түйе жүнінен тоқылған астарсыз шапан.
Тон – аң, мал, қой терілерінен тігілетін жылы киімдер. Түрлері: қырмызы тон, қамқа тон т.б.
Тұлып – қасқыр, қой терісінен тігілген, қыста тоңбас үшін киім сыртынан киетін кең киім.
Ішік – аң терілерінен тігілген, қыста киетін сәнді киім. Түрлері: қасқыр ішік, бота ішік, түлкі ішік, жанат ішік, күзен ішік, құндыз ішік, қоян ішік, қарсақ ішік, бұлғын ішік.
Күпі – ішіне жабағы жүн салып сырыған шапан түрі.
Кебенек – жауынды, боранды күні киім сыртынан киетін су өтпейтін киім.
Белдемше – үй шаруасында пайдаланатын белден байланатын алжапқыш.
Белбеу – киім сыртынан буылатын, былғарыдан, матадан жасалатын бұйым.
Шалбар – ерлердің балақты бұт киімі.
Дамбал – ұзын балақты іш киім.
Лыпа – балақсыз іш киім.
Жарғақ шалбар – тықыр теріден тігілген шалбар.
Тері шалбар – жүнін ішіне қаратып тігілген қыста киетін шалбар.
Иткөйлек – жаңа туған нәрестеге кигізетін жөрмеп тікке көйлекше.
Етік – былғарыдан тігілетін қонышы ұзын аяқ киім.
Саптама етік – байпақ салып киетін қысқы етік.
Байпақ – етік ішінен киетін киізден тігілген аяқ киім.
Жым етік – өкшесі аласа қисық табан етік.
Шоңқайма етік – еркекке де, әйелге де арналған биік өкшелі, түрлі түсті жіппен әдіптелген сәнді етік.
Ұлтарма – жұмысқа киетін оңай тігілетін етік түрі.
Кебіс – былғарыдан қонышсыз тігілетін аяқ киім.
Мәсі – кебіспен киетін қонышты, өкшесіз аяқ киім.
Шоқай етік – жұмысқа киетін аяқ киім.
Ұлтарақ – аяқ киім ішіне жылылық үшін салынатын киіз.
Шұлық – жалаң аяққа киетін жүннен тоқылатын киім.
Шәрке – жазда киетін жұқа аяқ киім.
Сандал – үсті ашық жаздық аяқ киім.
Шұлғау – етік, мәсі ішінен аяққа орайтын жұмсақ мата.
Пима – жүннен басылған жылы, қыстық аяқ киім.
Қолғап – қыста немесе жұмыс жасағанда киетін киім.
Түйме – киім өңірін қаусырынғанда бекітетін бұйым.
Құрысқақ – тымақ желкесін төбесіне іліп бекітетін ағаш тиек.