- Негізгі бет
- Салт-дәстүр
- Қазақ халқы сәбидің...
Қазақ халқы сәбидің шашын неге 40 күнге дейін алмайды?
Қазақ халқы жаңа туған сәбидің әр әрекетіне ерекше көңіл бөліп, әрқайсысын дәстүрге айналдырған. Сәбидің алғаш сөйлегені, жүргеніне дейін мән берген. Тіпті, алғаш рет шаш алу рәсіміне де байыппен қараған. Мұны қазақта "қарын шаш" дәстүрі деп атайды. Этнограф-жазушы Болат Бопайұлы Tengrinews.kz тілшісіне ескіден келе жатқан дәстүр туралы толығырақ айтып берді.
Шаш алатын ұстараға да мән берген
Маманның айтуынша, сәбидің алғаш рет шашын алудың да өз рәсімі бар. Қазақта қырқынан шыққан баланың қарын шашын алады екен. Оған дейін сәбидің шашын алуға болмайды деп саналады. Егер қырық күнге дейін шашын алып тастаса, оның өміріне қауіп төнеді деп ырым еткен. Сонымен қатар, баланың шашын алуға ауыл үлкендері мен даналарын шақырған.
- Қарын шашты екінің бірі ала бермейді. Сәбидің шашын алғаш рет аталас туыстардың ішіндегі немесе ауылдағы көпті көрген қария алуы қажет. Баланың шашына бірінші кімнің қолы тисе, сәби соның мінезіне ұқсайды деп ырымдаған", - дейді ол.
Болат Бопайұлының айтуынша, баланың шашын алатын ұстараға да көп көңіл бөлінген.
- Шаш алатын ұстара өткір болса, баланың да тілі сондай өткір болады деп сенген. Ал ұстараның ұшы нашарлау болса, бала бос белбеу, сылбыр болып өседі деген. Сондықтан қазақ халқы қарын шашты алатын кезде ұстараны мүмкіндігінше қайрап алу керек. Не болмаса, су жаңа ұстара алу қажет. Бұрын қолданылған ұстара болса, кейін баланың мінезі қырыс болып, басы ауырады деп қорыққан. Тіпті, жұқпалы ауруға ұшырайды деп сенген. Сосын сол ұстараны басқа нәрсеге пайдаланбай, қабына салып сақтап қояды", - дейді этнограф.
Кейін баланың қарын шашын алған адамға шапан кигізіп, мал берген екен.
- Шаш алудың да өз шеберлігі бар. Баланың шашын маңдайына дейін тақап алмаған. Сондай-ақ көк желкесіне дейін қырмайды. Әйтпесе, баланың ажары ашылмайды деп қорыққан. Мұндай кезде маңдайы тар, мінезі қырсық, жұмсасаң тіл алмайтын бала болып өседі. Қазақ "ақ маңдай", "жазық маңдай" деген тіркестерге көп көңіл бөлген. Ол адамның ажарын сымбаттап, мінезін бейнелеу үшін қажет. Шашты маңдайға дейін алмайтын ырымның себебі осы", - дейді Болат Бопайұлы.
Қарын шашты өртеп жіберген
Баланың шашын алған адам кейін нәрестеге бата береді.
Бала көңілі жай болсын,
Мың жылқылы бай болсын.
Айдағаны қой болсын,
Шайнағаны май болсын.
Азын-аулақ дәулеті
Күнде өзіне той болсын.
Жұртта қалған жұрыны
Домалап келіп қой болсын.
Ғұмыр жасы ұзақ болсын,
Ұлықпанның жасын берсін.
Мұхамедтің басын берсін,
Қызырдың ғылымын берсін.
Көзі көреген болсын,
Сөзі шешен болсын.
"Қарын шашын" мен алдым,
Мінезі өзімдей болсын", - деп қарт кісі нәрестеге бата берген.
Маманның сөзінше, алынған шашты да кез келген жерге тастамайды екен.
- Алынған шашты далада тастауға болмайды. Жанып жатқан отқа тастап, өртеп жібереді. Бұл мінезі өрттеу қаулап, жалындап өссін дегені. Не болмаса, бәйтерек, ши, жоңышқа сияқты өсімдіктердің түбіне барып көмген. Сол кезде баланың шашы қаулап өседі деп ырым еткен", - дейді ол.
Этнографтың тайуынша, қарын шашты далада тастауға болмайды деген ырымның өз себебі де бар.
- Шаш далада қалса, құстар оны алып кетіп, ұя салады. Ол жерде жұмыртқа басып шығарады, одан балапан туады, ол құсқа айналады - сол құс ұядан ұшып кеткенше баланың басы ауырады деп сенген. Өздеріңіз білетіндей, басы ауыратын адам сын көтере алмай, табиғатынан жаман мінезді болады. Сондықтан, қазақ халқы шаш алуға да, алынған шашқа да көп көңіл бөлген", - деп қорытындылады Болат Бопайұлы.
Оқи отырыңыз:
Қазақтың ұмытылған дәстүрлері: Тәжім ету
Қазақтың ұмытылған дәстүрлері: Төркіндеу
Н. Үсенова