Этномәдениет: Түр мен түс ұғымдары

Әр түстің қазақ ұғымында өзіндік мән-мағынасы, ұғымы бар.

Мысалы, көк түс – көгерудің, жақсы көңіл күйдің, өсіп-өркендеудің белгісі. Қазақ: «Көгер Көкте, көсегең көгерсін!» деп бата береді. «Көгерме! Көктеме!» деп қарғайды. Қазақстан туының көк түсті болуы да осы ұлттық ұғыммен астарлас.

Жасыл түс – жаңарудың, гүлденудің, жақсылықтың нышаны.

Ақ түс – адалдықтың, тазалықтың, пәктіктің айғағы.

Қызыл түс – жастықтың, сұлулықтың, әдемілік пен нәзіктіктің, сыпайылықтың нышаны.

Сары түс – уайым, сарғаю, сағыныштың белгісі.

Қара түс – жағымсыз бейне көрінісі.

Осы жерде ақ пен қараға байланысты халық қағидасында қалыптасқан жайттар туралы толық айта кеткен жөн. Өйткені бұл сөздер түр мен түсті ғана емес, басқа да мағыналы бейнелердің көрінісі бола алады. Мысалы, ақжол, ақкөңіл, ақниет, ақжүрек, т.б. Бұл сөздер жағымды бейнеде алынады. Алайда ақ деген жағымсыз бейнеде де қолданыла береді. Мысалы, аққұс, ақсайтан – жеңілдік ұшқалақ деген сөз. Ақсаусақ еңбек етпейтін, ақкөз тас жүрек, ақсирақ жұрт, жоқшылық сияқты теріс, қолайсыз жайларды көрсетеді.

Қараниет, қаражүрек, қара қамшы, қарабет деген сөздер, әрине, өте жағымсыз бейнеде көп қолданылады. Дегенмен қара сөзі қасиетті, киелі деген ұғымды да айғақтайды. Мәселен, қара жер, қара шаңырақ, қара қазан, қара орман, қара жол, т.б.

Қазақ ұғымында ең асыл, ең қымбат, ең иелі ұғым екендігі осы қара сөзімен байланыстыра қолданып айтылады: қара нар – мал басы, киелі түйе; қара от – құнарлы жайылым, қара шал – ақылды, орны бөлек ата; қара шаңырақ – қасиетті үй.

Ал қаралады, қара басты десек, келеңсіз істі, қаралы десек, қайғы-қасіретті, қара тұтты десек, паналады дегенді білдіреміз.

Жоғарыда көк көп жағдайда ұнамды жайларда айтылғанымен, көк, көкайыл – ашулы адам бейнесін көрсетсе, енді бірде шөп, өсімдік мағынасында айтылады. Қазақтың көк етікті дегені – ауқатты, бай адамды айтқаны.

«Мал аласы сыртында, адам аласы ішінде» деген мақал бар. Мұнда түр, түс айтылып тұр. Сондай-ақ ала ауыз, ала аяқ, ала қол, ала құйын, ала көңіл деген сөздер адамдардың және олардың арасындағы жағымсыз іс-әрекеттерді анықтайды.

Қоңыр қой, қоңыр сиыр, қоңыр қаз десек, осындағы жан-жануарлар түсін айтып отырғанымыз анық. Бірақ қоңыр сөзі тек түсті ғана бейнелей бермейді. Кейде анықтауыш қызметін де атқарады. Мысалы, қоңыр жел, қоңыр кеш, қоңыр күз, майда қоңыр, жәй қоңыр жайлы, ұнамды дегенді білдіреді. «Даусын қоңырлатып сөйледі. Қоңырланып отыр» десек, ол адамның көңіл күйінің нашарлығын айтқанымыз.

Қызық деген сөз де бірнеше ұғымды анықтайды. Мысалы, қызыл ат дегенді ұқтырады. Қызыл қырғын, қызық сөз, қызыл жел, қызылкөз, қызыл қарын деген сөздер ретіне қарай қанды қырғын, көп сөз, ыстық жел, аяуды білмейтін адам, жас бала деген ұғымды анықтайды.

Ана тілімізде ала-құла, аламыш, жолақ, күлдібадам, алабажақ, әлем-жәлем, қошқыл деген түр, түстер де бар. Бұлар әр түрлі түстердің біріуін немесе араласуын көрсетеді.

Сөзге ұста, тілге бай халқымыз қарапайым түс, түр арқылы да әр сөздің көп мағыналылығы мен төркінін де анықтап, дәл тауып көрсетіп кеткенін осы аз сөзден-ақ байқауға болады.