- Негізгі бет
- Салт-дәстүр
- Этномәдениет: Азық-түлік атаулары...
Этномәдениет: Азық-түлік атаулары
Өмірде тіршілік пен тұрмыстық салт-сана, ұлттық әдет-ғұрыпқа орай әр саланың өзіндік терминдері мен сөздігі болады.
Соның ішінде халықтың азық-түлікке байланысты сөздігі әрі қызықты, этнографиялық ерекшелігі мен құны, маңызы мен орны бар, айтуға, зерттеуге тұрарлық жай.
Бұл да «қылыштан да өткір» тіліміз бен мәдениетіміздің үзілмес, ұмытуға болмайтын үлкен бір бөлшегі. Оларды жеке-жеке саралап, талдап айтар болсақ, мына төмендегідей сөздік шығады.
Ас – 1. Ұлттық салт-дәстүрде қайтыс болған есімі көпке белгілі адамдардың құрметіне жасалатын той. 2. Тамақтардың жалпы атауы.
Асаба – дастархан басшысы.
Асадал – асқа арналған ыдыстарды сақтайтын ағаш жәшік.
Ас үй – азық-түлік, ас-су және ыдыстар тұратын шағын үй.
Аспаз – тамақ пісіретін адам (әйел, ер адам).
Азық-түлік – тамақ және оның түрлерінің жинақтап айтқандағы жалпы атауы.
Ас-су – бір мезгілдік берілетін тағам мен қонақасының және оның дайындық жұмыстарының атауы.
Аяқ – тамақ берілетін ыдыстардың жалпы атауы.
Ақ қой – қыста терісі сыпырылып, мүшесі қатырылып қойған мал.
Ақтау – келіге түйілген сөкті ұшырып, елеп кебектерінің тазарту жолын айтады.
Ащылау – құрт, тұз, жуа сияқты дәмдерді жеп, ауыз дәмін алу.
Ашықты – нанды, сүтті ашыту үшін қосылатын айран, құлмақ сияқты ақ пен дақыл.
Ашқылтым – сүт тағамдарының дәмі.
Айналдыру – қазы, қартаны, түрлі ішектерді, майын ішіне қаратып айналдыруды айтады.
Айран – сүттен жасалатын тағам.
Айну (айныған) – сұйық тамақтың (қымыз, шұбат, айран, т.б.) дәмінің бұзылуы.
Аңқасы кебу – қатты шөлдеді дегенді білдіретін сөз.
Ант сүйек – соғым етінің соңғы асылуы, яғни, соғым еті таусылды деген мағынаны білдіреді.
Атпа ату – бидай, тары, т.б. дақылдарды суды қолмен құю арқылы суару әдісі.
Атау, кере – адамның өмірден өтен алдындағы ең соңғы дәмі, тамағы.
Ашыған көже – сүт қатқан тары, күріш қосқан қайнаған судан жасалған сусын.
Аштық – халықтың мүлде азық-түліксіз қалуы, апат. Ұлттық ұлағат ұғымындағы жеті жұттың бірі осы.
Ашқарақ (ашкөз) – тамақсау, тамаққор, аштыққа төзбейтін адам.
Ашқарын – таңертең тамақ ішпеген деген мағынада.
Ашпа-жалап – тамақ тапшы, аш отыр дегенді білдіреді.
Адал – таза, жейтін тамақ.
Арам – ішіп-жеуге болмайтын тамақ.
Ас қайыру – тамақ ішіп болғаннан кейін бата беру.
Асхана – тамақтану орны.
Астық – азық-түлік.
Арамтамақ – еңбек етпей тамаққа ортақ болатын жатыпішер.
Ақсорпа – соғымның майлы сүйегін қайнатқанда шығатын сорпа.
Ақлақ – ақ ірімшіктен жасалатын дәмді ас.
Ақірім – сүр еттің сорпасына ақ (айран) қосып ішетін сусын.
Атала – ұннан жасалатын бағасы төмен ас.
Бұқпа – етті өз буына сусыз пісіру.
Бұқтыру – етті, шайды өз буымен қайнату немесе пісіру.
Басу – нанды илеу, картоп пісіру әдістері мен жолы.
Баздану – ет тағамдарының көгеріп, бұзылуы.
Быжу (быжыды) – кеспектегі іркіттің немеседе күбідегі айранның шамадан тыс қатты ашуы.
Бітік – егіннің мол әрі сапалы шығымы.
Быламақ – тісі жоқ адамдарға берілетін ботқа.
Быршыма – қатты ашып кеткен айран.
Бүрме – мал етін өз терісіне бүріп сақтау.
Борша – отқа қақтап пісірілген ет.
Бал – бал арасынан алынатын тәтті шырын.
Бақыршы – жылқышы қосында тамақ пісіретін адам.
Балқаймақ – қайнатқан қаймақ.
Бауырсақ – ұннан қуырылып пісірілген нан түрі.
Бөкпен – сөктен, күріштен бөрттірілген ас.
Дастарқан – ас, қонақасы берудегі киелі, қасиетті, ең жоғары ұлы атау. Ас-су киесі, берекесі мен байлығы осы дастарқан арқылы көрінеді, өлшенеді және бағаланады.
Дақыл – азықтық өсімдік (арпа, жүгері, бұршақ, жасымық, т.б.).
Дәм – тамақтың сыпайы атауы.
Жал-жая – жылқы етінің ең кәделі, ең дәмді мүшелері.
Жаубүйрек – аңшылардың тамағы.
Жаужұмыр – қойдың етін өз қарнына тығып, жерге көміліп пісірілетін дала тағамы.
Жолжұмыр – ұсақ малдың етін терісіне пісіру әдісі.
Жент – 1. Бидай мен тарыны майдаламай, ірі, жарып тартуды айтады. 2. Жармадан істелінген тағам.
Жылы-жұмсақ – жас ет деген сөз.
Жөргем – қойдың ішегін өріп пісіреді және ол жөргем деп аталады.
Жіті – жегенде жүрекке тиетін май сияқты тамақтарды айтады. Мысалы, жіті май, жіті қазы, жіті құйрық.
Ежігей – сүттен жасалатын жеңсік тағам.
Екшеу – бидай, тарыны, тас, құмнан, шөп-шаламнан арылту әдісі.
Еселеу – қазан, самаурын суы азайғанда үстіне су құю.
Келісөк – жаңа піскен тарының сөгінен қаймақ қосылып, келіге түйіліп жасалатын жеңсік ас.
Кебек – тарының, бидайдың қабығы.
Көк – жеміс тағамдарының жалпы атауы.
Кепиет – ас, тағамдардың қасиеті бар, егер оны ысыраптаса, тамақтың кепиеті ұрады деген ұғым бар.
Көбік – тамақты қайтқанда бетіне шығатын қоймалжың зат.
Кісе қуырдақ – ішек-қарын, өкпе-бауырдан жасалатын қуырдақтың түрі.
Күлше – қоламтаға піскен нан.
Кенеу – тамақтың құнары, қуаты деген сөз.
Қазан-ошақ – ас-су ыдыстарының жалпы атауы.
Қазан асу (қазан көтеру) – ет тағамдарын әзірлеуге қам жасауды білдіретін ұғым.
Қазаншы – қазан басында тамақ пісіруші және оған жауапты адам.
Қарын бастау – қарын майының басталуы (жөн-жосықты білдіреді, жолды ұғым).
Көмбе – мал, аң етін өз қарнына, терісіне салып жерге көміп пісіру тәсілі.
Қақтау – етті, балықты кептіріп алу үшін боршалап тіледі де тұздайды. Сонда ол бұзылмай, сүрленіп сақталады.
Қаралау – сөкті дауындау әдісі.
Қаймақ – сүттен алынатын тағам.
Құймақ – ұнға жұмыртқа қосылып, майға қайнатқан тағам.
Қауыншек – қауыннан кептіріліп (қақталып) жасалатын тағам.
Қаспақ – сүт қайнатқанда қазан түбіне жабысып қалатын қырынды, дәмді болады.
Қату (май қату, сүт қату) – тағамға май, сүт, қаймақ қосуды айтады. Мысалы, шай сүт, сорпаға айран қатады.
Қамыр – нан тағамдарын жасау үшін иленген ұн.
Қызыл – ет деген сөз.
Қызылшыл – етті жақсы көреді дегенді білдіреді.
Қап қағар – әрбір азық-түліктің соңғысы, таусылуы деген сөз.
Қуыру – етті, бидайды, тарыны қазанға сусыз пісіру әдісі.
Қуырдақ – майға қуырылған ет.
Қимай – сиыр ішегі мен етінен жасалған шұжық түрі.
Қарма – балық еті мен сүйегінен тартылған талқан.
Қымыз – бие сүті, шипалы сусын әрі тағам.
Құрт – ақтан жасалатын тамақ.
Құрткөже – құрттан жасалатын тамақ.
Қатық – сүт тағамы (ақ).
Қорықтық – ыстық тасқа пісірілген сүт.
Қиықша – майға қуырылған на.
Қазанжаппа – нанды пісіру әдісі.
Тоқтық – азық-түліктің, ішіп-жемнің молдығы.
Тосап – сүтке бал, май қосылып қайнатылған емдік ас.
Тапа нан – тамаға пісірілген нан.
Төп – ұннан, талқаннан бөкітіліп пісірілген ас.
Томыртқа – ыстық сорпаға мұз қосып ішу тәсілі.
Талғажау – аз асты үнемдеп жеу.
Талғау – екіқабат әйелдер белгілі бір тамаққа тәбеті ашылады және соны іздейді. Әйелдің мұндай күйін «талғақ» дейді.
Талқан – бидайды, тарыны, ірімшікті диірменге тартқанда шығатын ұнақ.
Тасқорық – даладағы тас бетіндегі ойық. Күн қызған кезде ыстықтығы сондай, қой сүтіне құйса, пісіп қалады.
Тоң май – нан пісіру үшін мал майынан шыжғырылып алынатын май.
Тамақсау – мезгілді-мезгілсіз тамақ іше беретін адам.
Тарту – бидайды, тарыны диірменнен ұнтап өткізу.
Торта – қуырылған тарыдан сөк жасау тәсілі.
Түнемел – түн асқан ет тағмы немесе қымыздың түрі.
Оңаза – әлсін-әлі тамақ ішкісі келе беретін тамақсау адам.
Обыр – тамаққа тоймайтын адам.
Науат – қан тектес тәтті.
Нәрем, нәр – тамақ, дәм.
Май – қаймақтан алынатын тамақ.
Малта – езілген құрттың жұқанасы, ұсағы.
Меңіреу – қой сүтінен ұйытылған қатық түрі.
Май шұрқан – қуырдақтың ұн қосып пісіретін түрі.
Мешкей – тамақты өте көп ішетін немесе тамаққа тоймайтын адам.
Майқошан – арасына ет қосып табаға пісіретін нан.
Мипалау – ми, май, бауыр араластырып істелетін тағам.
Мыжыма – майға езілген ыстық нан.
Сүмесүт – ертке кезде қой терісін сүтке қайнатудан шыққан бала тағамы.
Салма – ет пен наннан жасалатын сорпалы тамақ.
Сірне – жас төлдің еті.
Сырбаз қуырдақ – төлдің етін сүтке қайнатып пісіру.
Сөк – тарының піскен дәні.
Сарысу – ірімшік қайнатқанда шығатын тұнба.
Сүзбе – айран, қатықтан шығатын ащы дәм.
Сүткөже – сүтке күріш, сөк қосылған сұйық тамақ.
Сүр – соғымнан қалған, қыстан шыққан, әдбен тұз сіңген ет.
Ыс (ыстау) – сүт тағамдарына (қымыз, шұбат, айран, т.б.) арналған тері, ағаш ыдыстаржы (саба, күбі) арша, тобылғы, қайың қабығы сияқты ағаштардың түтініне ыстауды «ыс» деп атайды.
Уызқағанақ – қой-ешкі төлдеп жатқанда оның уызынан жасалатын тәті бала тағамы.
Ұшыру – бидай, тары сияқты дәнді-дақылдарды желді күндері күрекпен атқанда ол шаң-тозаңнан, шөп-шаламнан арылады. Мұны диқан қауымы «ұшыру» дейді.
Іріткі – құрт, ірімшік дайындау үшін сүтті ірітетін ащы ақ және қозы мәйегі.
Ірімшік – сүттен жасалатын дәмді тағам.
Шалап – айранға су қосып ішетін шөлбасар сусын.
Шайнама – шайнап жейтін тамақтар.
Шыжық – майын алу үшін малдың іш майын немесе құйрық майын қазанға шыжғырғаннан қалған жұқа қабыршықтар. Оны құрткөжеге қосады.
Шыпта – құрт-ірімшікті жайып, кептіру үшін шиден тоқылған үй мүлкінің бірі.
Шыртылдақ – қорытылған сары май.
Шұжық – ішікке тығылған ет, өте маңызды әрі кәделі тағам.
Шыж-мыж – отқа қақталып пісірілген бүйрек майы.
Шелпек – жұқа қамырдан майға пісірілген ұн тағамы.
Қ. Слямбек