Қазағымыздың кеңпейілділігін, жомарттығын, қонақжайлылығын паш ететін дәстүрлердің бірі — ерулік беру.
Жаңа қонысқа көшіп келгендердің алғашында үйренісе алмай тосырқайтыны заңдылық. Сондықтан дана халқымыз ерулік беруді ойлап тапқан: бұрыннан отырғандар көшіп келгендердің үйін тігісіп, барлық көрші болып, кезек-кезек қоныстанушыларды бала-шағасымен қосып, түгел үйлеріне шақырып, танысып, білісіп араласып кетуге жағдай жасайды. Үлкендер де, бала-шаға да ерулік кезінде әбден танысады.
Егер көшіп келгендер жас отау болса, оларға ыдыс-аяқ сияқты ұсақ-түйек, бірақ күнделікті қажетті дүниелерді де тарту ететін болған. Осылай етене жақын араласудың арқасында бөтен адамдар туыстардай бауыр басып кетеді. Бұдан былай бір-біріне бас-көз болады.
«Досы көпті жау алмайды» деген сөз бар. Досымыз көбейген сайын біз де күшейе береміз. Әрбір жергілікті жердің жазылмаған заңдары болады, бұрыннан келе жатқандар жаңа көршілерін сол заңдармен, сондай-ақ мекемелердің мекенжайымен (мектеп, аурухана, әкімшілік, т.б.) таныстырады.
Қазіргі кезде әсіресе, үлкен қалаларда бұл дәстүр өкінішке орай, ұмытылып барады. Әдетте «көршіңіз кім?» деген сұраққа, «неше жыл тұрсам да білмеймін, танымаймын» деп жауап беретіндер көп.
Демалысқа, іссапарға аттанғанда көршілерге пәтеріңізге көз қырын сала жүруді тапсырсаңыз, көңіліңіз алаңсыз болар еді. Аяқ астынан қонақ келіп қалса, келіп көмектесе қояды. Кейде ешкімге тісжармаған жақын сырыңызды көршіге айтасыз.
Кімге болса да, ерулік беріп, жатсынбай қарсы алу дәстүрінің арқасында жер аударылған корей, шешен халықтары қазақ жеріне бауыр басып, сіңісіп кетті. Тіпті олардың біразы тарихи туған жерлеріне қайта оралса да, қазақ халқының жақсы қасиетін ұмытпай айтып жүретіндігін бұқаралық ақпарат құралдарынан естіп-біліп жүреміз. Сол себепті асыл дәстүрлеріміз бен әдет-ғұрыптарымызды ұрпақтан-ұрпаққа беріп отырғанымыз абзал болар еді.
Ұқсас жазбалар:
Дәстүр сөйлейді. "Ашамайға мінгізу"
Дәстүр сөйлейді. "Қамшы қайтару"