- Негізгі бет
- Салт-дәстүр
- Ел естімеген баталар...
Ел естімеген баталар
Жанқұтты он жеті жасында әкесінің айтуымен Сарым елінің беделді биі Шабанбайға бата алуға келеді. Би Жанқұттының жағдайын сұрап білгеннен кейін:
— Шырағым, дүниеде не адал, әлемде не мықты? — деп сұрайды. Сонда Жанқұтты:
Адал болсаң судай бол,
Су арамды кетіреді.
Мықты болсаң жердей бол,
Жер жаһанды көтереді, — деген екен. Жауабына риза болған Шабанбай бала Жақұттыны бірнеше күн қонақ етіп, кетерінде:
Аллаңа жағамын десең — азанды бол.
Ағайынға жағам десең — қазанды бол.
Халқыңа жағам десең — әділ бол,
Судай таза бол,
Жердей берік бол,
Өмірің ұзақ болсын,
Аймағың суат болсын,
Сөзің халқыңа қуат болсын, - деп батасын беріп аттандырған екен.
Ожырайдың батасы
Айсек деген болыс бір қараша ауылға қона қалса, қонақасыға сойылған малдан, не болмаса сол үйдің адамдарының жүріс-тұрысынан, тартқан табағынан бір мін тауып, айыпқа жығып, ат-шапан алып елге күн бермепті. Жәбір көргендер Ожырайға келіп шағынады, орайы келген бір жолы Ожырай да Айсек қонған үйге бірге қонады. Сойған малдан, адамдардың жүріс-тұрысынан еш мін таба алмаған Айсек өзімен бірге қонған Ожырайды жақтырмай осы арқылы айып алмаймын ба деп ойлайды. Сонымен алдына табақ келгенде басты алмай, жамбасты алып кесіп жей бастайды. Ожырай оған қарамай басты ап ауыз тиіп, үй иесіне ұсынады. Оған Айсек ала көзімен бір қарап қойып, қолыңдағы жамбасты ұсынбай сүйегіне жеткізе мұжиды. Осы арада айып салмақшы болған Айсек, тамақ жеп болғаннан кейін үйдің бір жігіті бата сұрап қолын жайғанда, “басты кім ұстаса батаны да сол береді” деп қоразданып отырып алады. Сонда Ожырай былай деп шұбырта жөнелді:
—Алдымен Айсек алды таңдағанын,
Онан соң біз алдық оның алмағанын.
Басты қойып, жамбасты ұстаған соң,
Енді білдім Айсектің алдағанын.
Е, Айсек, сен несіне бажырайдың,
Сөзіне құлағың сал Ожырайдың.
Басты қойып жамбасты өзің алдың,
Еркіңше асаймын деп аппақ майын.
Жілікті қазан жаққа ұсынбадың,
Келін-кешек дәметсе де қымсынбадың.
Етке тойып, тағы айып дәметкендей,
Мынауың ісі емес қой мұсылманның.
Мұнымен жақсы болыс болмағаның,
Айып пен құлын екен ойлағаның.
Аппақ майға, ей, Айсек, тойсаң-дағы,
Көзіңнің жаңа білдім тоймағанын.
Жоқ жерден елге салма көп айыпты.
Жігіттер “Әумин” деп қол жайыпты.
Бас кескен Ожырайдың батасы осы,
“Бісімілла, Аллауһуакбар” дей салыпты.
Сөз сүйегінен өткен болыс айып алмақ түгілі, ұялғаннан қыбыжықтап “бәсе, осындай болса керек” деп жантая кетіпті.
Қайсаның батасы
Қайса 1893 жылы Буыршынның Шұңқыр деген жерінде дүниеге келіпті. Шын аты — Бекежан екен. 1920 жылдардың соңында Баркөлге келіп тұрақтапты да, Қайса деген атпен танылыпты. Сол Қайса бір күні байдың үйінде қонақ болыпты. Бай үлы Қайсаға қара шай құйыпты. Шай ішіліп болған соң бай бата тілепті.Сонда Қайса:
— Жас етке жайдары бата.
Сүрі етке сүбелі бата.
Ақ шайға аңқылдаған бата.
Қара шайға қайдағы бата?!
Аумин аллаһуакбар! — депті. Қайса бастатқан бірнеше адам Бекбойтанның үйіне қонып жатыпты. Бекбойтанның баласы қонақасыға мал әкеліп көлденең тартып қол жайыпты. Сонда төрде отырған Қайса:
— Бекбойтанның баласы, бойтаным-ай,
Теке лақты әкелдің қой данымай.
Осындайға жақсы едің, Теміржан-ау,
Қайда кеткен “бойыңдағы сайтаның-ай”.
Лақ етін жемейміз, Лақты сойды демейміз.
Сойсаң бізге қозы сой,
Енді үйіңе келмейміз,
Аллаһуакбар, депті.
Маусымбай шежірешінің батасы
“Әмин” деп алып келген малдарың,
Дәм бұйырып, бас құрады шалдарың.
Өмірлерің ұзақ болсын, балалар,
Атыменен тілек етем Алланың.
Бақыттарың масатының өңіндей,
Жайлауындай жайнай берсін Қалбаның.
Толықсыған төрт түлікке жер толып,
Жер қайыссын баданадай малдарың.
Көкпектідей мөлдір болсын ойларың,
Самырсындай өсе берсін бойларың.
Қосбұлақтың қайыңындай ырғалып,
Тең құлпырсын оңдарың мен солдарың.
Жеміс пенен жидек болсын тауларың,
Самарқаңдай сәнді болсын бау-бағың.
Ұрпақтарың ер боп туып ел үшін,
Айбатынан таба алмасын жауларың.
Берекелі болсын, тату елдерің,
Ел басқарсын ойы озық ұлдарың.
Арта берсін абыройы еліңнің,
Дәнге толсын ырысты боп жерлерің.
Арттарыңа даңқың қалсын Майқынай,
Өрлей берсін бақыттарың тайқымай».
Ата-бабам жүр екен ізі жоба боп,
Еркін өскен ен далада халқым-ай!
Ақындарың сайрай берсін бұлбұлдай,
Ұрпақтарың шұбай берсін құндыздай.
Жай отындай өнерлерің жарқылдап,
Көрік берсін көк жүзінде жұлдыздай.
Зылиқадай нұрлы болсын жарларын,
Нәрестемен көмкерілсін жан-жағың.
Ашу орнын сабырлықпен тежейтін,
Саф алтындай ауыр болсын мінезің.
Көк майсада шұбатылған желілер,
Барлық жастар, бас қосыңдар, келіңдер.
Барлығың да Майқы атаңның ұрпағысың,
Сырт қалмасын қыздарым мен келіндер.
Бірден-бірге мұрасымен Майқының,
Өреңдерім, өсіңдер де өріңдер.
Өнерлі елдің өнегесін үйреніп,
Кейінгіге тұқым қылып себіңдер.
Естанайдың – қарт жыраудың жырларын,
Маржаңдай қып ақ қағазға төгіңдер.
Майқы атамның тарихының мұрасын,
Хатқа жазып, қол тапсырып беріңдер.
Надан өткен елің үшін еске алып,
Сендер соның игілігін көріңдер!
Мұнан кейін оқу оқы, өнер тап,
Надандықты бізбен бірге көміңдер...
Түйе шөгіп, жылқы жатыр далада,
Алды-артыңа өзің ойлан қара да.
Бірден бірге мұра болып бұл жұмыс,
Атадан қап келе жатыр балаға.
Жер емшегін, мал емшегін қатар ем,
Мен демеймін, мал жаныңа қарама.
Өнерлі елден өнеге алып үйреніп,
Сен де ел боп дүние жүзін арала.
Сарыарқада еркін өсіп, жүріп кең,
Надандықтың қасиетін біліп пе ең?
Ата тегім кім екенін танымай,
О, ғажайып, өрең таптым түркіден.
Естіп үнін, нұрлы көзге жас келіп,
Көзім көрді, оқып-білген басқа елді,
Жүріпсіз де, құрыпсыз да, амал не,
Ата-бабам даңқы қайда қастерлі?
Осыны ойлап алып келдім,
Дәрібайдың кітабын.
Танып көрсем, анық сенем,
Соны қадір тұтамын.
Еркін ұғып, шерден шығып,
Тыныстаймын жұтамын.
Дастан ғып жаз атам қазақ мұрасын,
Жалған қоспа турасын айт, расын.
Бүгінгілер түсінбесе өз соры,
Ес білгенде соңғы жастар сынасын.
Кітабыңнан сенің жазған нәр алып,
Білмегендер білрендерден сұрасын.
Анықтап жаз, анықтап жаз қайта-қайта тапсырам,
Ұрпақтарға болар азық, мұра қалсын жақсыдан,
Аллаһуакбар!
Болат Бопайұлы Жота Қажы
@. @assel_assanova