Қай халықты алсақ та, оның өзіне тән тұрмыс-тіршілігі, күнкөрісі, әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі болады. Салт-дәстүр сол халықпен бірге жасасып, оның тарихында өшпес із қалдырады. Бірақ ұмыт болып бара жатқан ұлттық салт-дәстүрлеріміз де жоқ емес. Ендеше, салтымыз санамызда мәңгілік жаңғырып тұруы үшін дәстүр сөйлейді.
Үме (салт). «Үмеге келген үндемей қалмайды»( мақал). Үлкен, ауыр, көлемді жұмыстарды ауыл, ру адамдары «бір жеңнен қол шығарып» бас қосып, көпшілік болып, бірігіп атқарады. Соның бірі – үме. Әсіресе, қысқы мал азығы үшін жемшөп дайындағанда мал иесі жігіттерді үмеге шақырады. Қарулы азаматтар бер орақтарын шыңдап, қайрап іске кіріседі. 20-30 жігіт қатарласа тұрып орақ тартады. Бір күн ішінде бірнеше тонна шөп шабылып, әрі жиналып алынады. Үмеге ет асаймыз деген бала-шағалар да, көңіл көтеретін әнші, күйші, жыршылар да келіп, өнер көрсетіп, жұрт бір серпіліп қалады. Кейде үлкен Үмелерде жігіттер күреске түсіп, қара жарыстар ұйымдастырылған. Көмекке келгендерге берілетін ас “үме” деп аталған. Үме – ұжымдасқан еңбек тойы. Мұндай істен ауыл азаматтары ешқашан шет қалмайды. Себебі, үме дәстүрі қазақ халқының береке-бірлігінің белгісі деп санаған.
Асар (салт). Қазақы ортада ауқымды да күрделі жұмыстарды ру-қауымның негізгі құрамдас бөлігі біраталардың бірлесе атқару харекетінің атауы. Мысалы, егіншілік дамыған өлкелерде арық, кәріз қазу, тазалау секілді суландыру жүйесіндегі жұмыстарды, сондай-ақ, үй тұрғызу, қора-қопсы салу сияқты құрылыс жұмыстарын асар жасау арқылы атқарған. Қазақ ауылында бір отбасының қолынан келмейтін күрделі, көлемді жұмыстарды атқару үшін бірнеше ауылдың адамдары асарға шақырылады. Асарға шақырылғандар еңбегі үшін төлемақы талап етпейді, асарға шақырушы адам оларға жақсы ас әзірлеп, дастарқан жаяды. Ұжымдасып жұмыс істеудің үлкен бір көрінісі деп қарауға болатын тағы бір үрдіс батыс қазақтары тілінде «үме» деп аталады. Шөп шабу науқаны кезінде қыз-бозбаланың және әнші-жыршының жиналатынына байланысты «Үмеге келген үндемей қалмайды» деген мақал туған.
Оңтүстік өңірде «асаршы» мен «мердігерші» атаулары бір мағынада айтыла береді. Жұмысқа қатысушылардың жас шамасы да, күш қуаты тұрғысынан жұмысқа жарамдылығы да ескерілді. Мысалы, Шу бойы қазақтарында дәстүр бойынша қоғамдық қарекетке қатысатын ер адам жасы 16 жастан төмен, 60 жастан жоғары болмаған. Өйткені асарға қатысушы әрбір адам арық бойында жатқан суармалы алқаптан жер алуға қақысы бар. Ал жерді қауымның еңбекке жарамды адамы алу тиіс. 1888 жылы көктемде Бөтімбай Сәтінің тоғанында жұысты он бес күнде аяқтаған 28 адамның арқайсысына ені 33 сажын, ұзындығы 66 сажын жер берілген. Егер отбасының отағасы қайтыс болса, онда жер үлкен ұлына немесе жесіріне тиісті болған. Олар маусым аралығында жүргізілетін арықты жөндеу, тазалау секілді жұмыстарға қатысуға міндетті болған. Тіпті қауым мүшесі басқа жаққа кетсе де, өз тоғанының бойында жатқан жерге иелігін сақтап қалды.
Дәстүрлі көшпелі ортада қой қырқымды ұйымдастыру, қыстаулардағы үйлерді салу мен мал жайланатын орындарды тұрғызу сияқты біршама уақыт пен күш-қайратты қажет ететін шараларды атқаруға екі-үш ұрпақтан тұратын «бір ата» деп аталатын (орыс деректерінде орыс. хозяйственный аул немесе орыс. большая неразделенная семья) шама-шарқы жетпегендіктен, көрші ауылдың адамдары асарға шақырылды. Аталмыш және осы құралыптас ауқымды шараларды бірлесе атқару көшпелі ортадағы әлеуметтік қатынастардың нығаюының үлкен кепілі болды. Яғни ру-қауымның тіршілік кеңістігінде асардың қоғамдық қатынастарды ұйымдастыру мен реттеудегі орны мен рөлі айырықша болды.
Сейіт Кенжахметұлының "Қазақ халқының салт-дәстүрлері" кітабынан.