- Негізгі бет
- Салт-дәстүр
- Дәстүр сөйлейді. "Тұғыр...
Дәстүр сөйлейді. "Тұғыр жабар"
Қай халықты алсақ та, оның өзіне тән тұрмыс-тіршілігі, күнкөрісі, әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі болады. Салт-дәстүр сол халықпен бірге жасасып, оның тарихында өшпес із қалдырады. Бірақ ұмыт болып бара жатқан ұлттық салт-дәстүрлеріміз де жоқ емес. Ендеше, салтымыз санамызда мәңгілік жаңғырып тұруы үшін дәстүр сөйлейді.
Бұл "тұғыр жабар" дәстүріне тоқталмас бұрын, "тұғыр" сөзіне анықтама беріп алайық. Тұғыр дегеніміз – бүркіт отыратын құрылғы. 3 – 4 сирағы бар, биіктігі құс отырғанда шалғысы жерге тимейтіндей мөлшерде көбінесе ағаштан жасалады. Біреудің қыран құсына көзі түсіп, көңілі ауса оны қалап сұрап алады. Оның қарымтасына беретін кәдені "тұғыр жабар" деп атайды. Оның көлемі XIX ғасырдың соңында өте қымбат болған: бүркіттің алғырлығына қарай, аталық түйе бастатқан тоғыздан бастап, 5-6 түйеге тең келген.
Жақсы бапталған қыран бүркіт үшін Шу мен Сырдарияда 5-6 түйе, қаршыға мен сұңқар 1-2 түйеге бағаланған. Семей губерниясында жақсы бүркітке 250-300 сом немесе 1000 бас қой берген . Ал Зайсан уезінде XX ғ. басында жақсы қыран бүркіт үшін ауқаттылар 5-9 түйе немесе 200 бас қой немесе 300-500 сом ақша төлеп сатып алған.
Ал сұңқар 1-2 түйе, қаршыға онан арзандау болған. А.Янушкевич дерегі бойынша жай бүркітті қазақтар XIX ғ ортасын да бір түйе, тіптен онан да көп беріп сатып алған. Ұлы Абай Сыбан елінің Тулақ деген адамынан Қарашолақ деген бүркітті оншақты ірі қараға сатып алғандығы көпке белгілі дерек. 1910 жылғы "Туркестанские ведомости" бетінде (№247) бүркіт бағасы 200 сом екендігі көрсетілсе, құсбегілердің қаршығаны Қоқан ханына апарып, 200 тілләдан (1 тіллә 3 сом 80 тивгаға тең) сатқандығы айтылады.
Жайық бойында бүркіттің бағасы бір арба бидайға тең келген. Тіптен XX ғ орта шенінде Қобда қазақтары алғыр бүркітті ту сиыр бастатқан бір топ қойға сатып алғандығы туралы дерек бар. Қазақта аушы құсты алғырлығы мен қырандығына қарай қысырақтық, жамбылық, бір аттық, тайлық, түйелік деп құнын белгілеген. Кейін жаппай кәсіпке айналған құс саудасы Түркістан базарында бапталмаған лашын 10-15 COM, үйретілгені 80-100 сомға дейін болған. Базарға сонау Башқұртстаннан бастап, Жетісу, Ферғана тауларынан аулап, арнайы әкелген жақсы үйретілген тұйғын құны қымбат, 200 сомға дейін жеткен.
Б. Хинаят, Қ.М. Исабековтің " Саятшылық қазақтың дәстүрлі аңшылығы" атты кітабынан алынған.
Е. Жұмабайұлы