- Негізгі бет
- Салт-дәстүр
- Дәстүр сөйлейді. "Тоғыз"...
Дәстүр сөйлейді. "Тоғыз"
Қай халықты алсақ та, оның өзіне тән тұрмыс-тіршілігі, күнкөрісі, әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі болады. Салт-дәстүр сол халықпен бірге жасасып, оның тарихында өшпес із қалдырады. Бірақ ұмыт болып бара жатқан ұлттық салт-дәстүрлеріміз де жоқ емес. Ендеше, салтымыз санамызда мәңгілік жаңғырып тұруы үшін дәстүр сөйлейді.
Халық мәдениетінде дәстүр ретінде ежелден қалыптасқан «тоғыз» деп аталатын салттың екі түрі бар. Бұлардың аталуы бірдей болғанымен қолдану жолы мүлде бөлек.
1. Тоғыз (салт). «Ау, мен тоғызды жоқтығымнан тартып отырмын ба? Ата-бабамның диханшылық салты» (Т. Нұрмағанбетов). Ел ішінде еңбек дәстүрлерінің бұлжымас заңы бар. Мысалы: егіннен – кеусен, малдан – зекет, табыстан – шүлен сияқты. Соның қазіргі күнде ұмытылып бара жатқан түрі – тоғыз. Бау-бақша өсіретін ел, әсіресе, Қазақстанның солтүстігіндегі өнімді мол жинап алғаннан кейін туған-туысқандарына, құда-жекжаттарына, сыйлас көршілеріне тоғыз беретін жақсы салты бар. Яғни, өздері қалаған адамдарына қоржынға салып қауын-қарбыз жібереді. Оның саны тоғыз не екі тоғыз, үш тоғыздан кем болмауы керек. Келген адам ол үйге тоғыз әкелгенін айтады. Бұл жай келіс емес, кәделі, сыйлы келіс. Тоғыз дегенің – тарту, ескеру, құрмет белгісі. Сонымен бірге, мұнда дәмету де бар. Демек, тоғыз жіберген адамға соған лайық сый-сияпат жасау керек. Халық арасында бірін-бірі ескеру, елеу осы тоғыз арқылы білінеді.
2. Тоғыз (салт). «Бір тоғыз айып төлеп құтылған екен». («Ел аузынан» жинағынан). Тоғыздың бұл тармағы құқықтық, әділет жүйесінде қолданылады. Әдетте, жеңіл жаза алғандар атын не шапанын төлеп шығады. Ал ауыр жазаға тартылғандар, мысалы: ұрлығы, ел-жұрт алдындағы зор кінәсі, дін жолындағы күнәсі үшін, опасыздығы үшін қылмыс жасағандарға қатаң жаза қолданылады. Оларға «тоғыз» деп аталатын жаза бар. Қылмыстың ауырлығына байланысты жаза бірнеше есе көбейтіледі. Айталық, әдейі жер өртегендерге, біреудің некесін бұзғандарға үш тоғыз төлеттіреді. Бұған түйе бастатқан 3 түйе, 3 жылқы, 3 сиыр. Мұны үш еселесе, 9 түйе, 9 жылқы, 9 сиыр болып шығады. Егер жаза ат бастатқан тоғыз болса, 3 жылқы, 3 сиыр, 3 қой болып төмендей береді.
Жер аудару, түрмеге отырғызу, жоқ кезде қазақтың бұл заңы көшпелі елдің әлеуметтік тұрғысына сәйкес жасалғаны анық.
Сейіт Кенжахметұлының "Қазақ халқының салт-дәстүрлері" кітабынан.
Е. Жұмабайұлы