Қай халықты алсақ та, оның өзіне тән тұрмыс-тіршілігі, күнкөрісі, әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі болады. Салт-дәстүр сол халықпен бірге жасасып, оның тарихында өшпес із қалдырады. Бірақ ұмыт болып бара жатқан ұлттық салт-дәстүрлеріміз де жоқ емес. Ендеше, салтымыз санамызда мәңгілік жаңғырып тұруы үшін дәстүр сөйлейді.
Халық ішінде «Балалығың ұстаса, нағашыңа бар, жігіттігің ұстаса, қайныңа бар» деген қағида бар. Әдеттегідей барыс-келіс емес, ата жолында мұның өз жөн-жосығы бар. «Жігіттің жақсы болмағы – нағашыдан» дегендей, бұл жолы ерекше салтанатпен жиен жора-жолдастарын ертіп барады. Нағашылары оған құрмет көрсетеді. Мал сойып, төрге шығарып, сауық құрады. Жиен барынша еркелеп, еркін сөйлеп, арасында нағашыларының кемшіліктері болса, сынай отырып әзілдеседі. Нағашылары жиендеріне жиенқұрығын («қырық серкеш») беріп, барынша риза етіп аттандырады. Нағашы елінде 4-5 күн қыдырып, аунап-қунаған жиен кетер алдында ризашылығын білдіріп аттанады. Бір ескеріп кететін жай: нағашы-жиен арасында бәсеке, көре алмаушылық, күндеу сияқты жат әдеттер болмайды. Олар қатты әзілдескенімен, бірін-бірі көтеріп, сырттай мақтап, әрі олардың атымен мақтанып жүреді.
Сейіт Кенжахметұлының "Қазақ халқының салт-дәстүрлері" кітабынан.