- Негізгі бет
- Салт-дәстүр
- Дәстүр сөйлейді. "Қамшы...
Дәстүр сөйлейді. "Қамшы қайтару"
Қай халықты алсақ та, оның өзіне тән тұрмыс-тіршілігі, күнкөрісі, әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі болады. Салт-дәстүр сол халықпен бірге жасасып, оның тарихында өшпес із қалдырады. Бірақ ұмыт болып бара жатқан ұлттық салт-дәстүрлеріміз де жоқ емес. Ендеше, салтымыз санамызда мәңгілік жаңғырып тұруы үшін дәстүр сөйлейді.
Қамшы қайтару — қазақ халқының ұлттық салт-дәстүрі. Қамшы — қазақ тұрмысы мен мәдениетінде ойып алар өзіндік орны бар қасиетті құрал. Мысалы, халқымыздың ұғымы мен әдетіне қамшы тастау (яғни, сөз сұрау), қамшы жұмсады (яғни, сабады, күш көрсетті), қамшы болды (яғни, әсер етті, себеп болды (жақсы мағынада) деген сөздер жиі кездеседі. Солардың бірі — қамшы қайтару дәстүрі.
Аталған дәстүр — құдалық, яғни, құда түсу жолында жасалатын таза қазақи ұғымды көрсететін жолдардың бірі. Мұның жөн-жосығы былай. Ұлына қалыңдық іздеген жігіт әкесі ауылдың ақсақалы мен азаматтарына және өз туыс-туғандарына жолығып, шаруасын айтады. Бұған жанашырлар ақыл қосып, пәлен жерде осындай жақсы адам бар және оның бойжеткен қызы барын айтады. Әрине, болашақ құдалардың текті аталардан болуын әркімнің де қалайтыны белгілі ғой.
Сөйтіп, жігіт әкесі өзінің беделді адамдарын ертіп қыз әкесінің үйіне барып түседі. Қонақасын ішіп аттанған жігіт әкесі өз қамшысын кереге басына іліп кетеді. Мұны көрген қыз әкесі келген кісілердің аты-жөнін, ата-тегін білгеннен кейін, оларға тиісті жауабын беруі керек. Егер қыздың басы бос болмаса (яғни, біреуге айттырылып қойылса) немесе қызын бергісі келмесе қамшы иесіне қайтарылады. Мұны «қамшы қайтару» дейді. Бұған жігіт әкесі ренжімейді.
Сейіт Кенжахметұлының "Қазақ халқының салт-дәстүрлері" кітабынан...
Ұқсас жазбалар:
Е. Жұмабайұлы