- Негізгі бет
- Салт-дәстүр
- Дәстүр сөйлейді. "Бәжі...
Дәстүр сөйлейді. "Бәжі басу"
Қай халықты алсақ та, оның өзіне тән тұрмыс-тіршілігі, күнкөрісі, әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі болады. Салт-дәстүр сол халықпен бірге жасасып, оның тарихында өшпес із қалдырады. Бірақ ұмыт болып бара жатқан ұлттық салт-дәстүрлеріміз де жоқ емес. Ендеше, салтымыз санамызда мәңгілік жаңғырып тұруы үшін дәстүр сөйлейді.
Бәжі басу — ертедегі жазалау түрі. Қызған темір, адамның май құйрығына басылады. Бұл - қылмыскердің ар-ұятына басылған өлмес, өшпес таңба. Мұны "бәжі басылған" деп атайды. Бұл сирек оқиға болғандықтан, қылмыскердің аты елден-елге тарап, әңгіме етіледі. Бұдан кейінгі ұрпақтарына да зор таңба. Нағашы-жиендер арасында да айтылып, күлкі болады.
Арқада Тұрлыбай деген беделді кісі бір әдепсізді тәртіпке шақырса, ол айтқыш шалдың өзіне тиісіпті. Сонда шешен қарт: "Шырағым, мен сені қара ауыз дедім бе? Нанжарым (жарымес) дедім бе? Құйрығына бәжі басылған дедім бе? Байдың тоқалы тепкен дедім бе?" - деп, әлгі жөнсіздің барлық масқарасын тізіп, жер қылыпты. Мұны естіген би, бұзыққа жиырма қамшы дүре бұйырыпты. Жазаны орындау үшін оны жығып салып, шалбарын шешкенде, шынында, оның құйрығына бәжі басылған болып шығыпты.
Сейіт Кенжахметұлының "Қазақ халқының тұрмысы мен мәдениеті" кітабынан.
Е. Жұмабайұлы