- Негізгі бет
- Салт-дәстүр
- Дәстүр сөйлейді. Атқа...
Дәстүр сөйлейді. Атқа мінгізу
Бала тәрбиесіне байланысты салт-дәстүрдің бірі — 3-4 жасқа келген ұл баланы атқа мінгізу. Алдымен ағаштан ашамай-ер жасалған. Оның қолтырмаш — баланың белін буатын жұмсақ белбауы және тепкішек — баланың аяғын салатын, үзеңгі орнында жүретін дорбасы болған. Осыған орай:
— Мықтап тарт ашамайдың қолтырмашын,
Жас болса, жол үстінде болдырмасын, — деген тілек айтылған. Ашамай-ердің алды-арты биік сүйеніші болған. Осыны жуас құнанға ерттеп, баланы мінгізіп байлап қойған. Тізгінді балаға ұстатып, бір адам құланды жетектеп жүретін. Осыдан кейін ауылды айналдыра жүргізіп, жиналып тұрған үлкендерге сәлем бергізетін. Қариялар:
— Атқа жақсы шаба біл,
Өнеге-өнер таба біл,
Аймағыңа жаға біл! — деп тілек-бата берген. Әйелдер баланың атқа міну құрметіне шашу шашқан. Ересек балалар таймен жарысып, бірімен-бірі күресіп, түрлі ойындар ойнаған. Үлкендер ет жеп, қымыз ішіп, бата беріп тараған.