Дәстүр сөйлейді. "Ашамайға мінгізу"

Қай халықты алсақ та, оның өзіне тән тұрмыс-тіршілігі, күнкөрісі, әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі болады. Салт-дәстүр сол халықпен бірге жасасып, оның тарихында өшпес із қалдырады. Бірақ ұмыт болып бара жатқан ұлттық салт-дәстүрлеріміз де жоқ емес. Ендеше, салтымыз санамызда мәңгілік жаңғырып тұруы үшін дәстүр сөйлейді.

Ашамайға мінгізу (салт). Баланың сана-сезімін жетілдіру үшін жасалатын тәрбиеләк салттың бірі – осы ашамайға мінгізу болып табылады. Жас бала есі кіріп, 6-7 жасқа келген соң оған жеке тай атап, ашамай істетіп қамшы өріп "сен азамат болдың" деген сенім ұялатып,  үйретілген жуас тайға әсем ашамай ерттеп мінгізіп, жүргізеді. Бұл баланың көңілін өсіреді, басқа балалар алдында мерейі көтеріліп, мақтаныш сезімде болады, тез есейеді. Оны еңбекке адамгершілікке тәрбиелеудің ұлттық әдістемелік жолдарының бірі – осы ашамайға мінгізу арқылы көрінеді. Осындай қуанышты сәтте ақсақалды атасы баласына:

Ал, ақ тілек, ақ тілек,
Атқа тоқым сал білек,
Атқа да жақсы шаба біл,
Жасыңнан малды баға біл,
Өнеге, өнер таба біл,
Аймағыңа жаға біл,
Атқа міндің, ақжол болсын –

немесе:

Асқар-асқар таудан өт,
Ағыны қатты судан өт.
Ит тұмсығы батпайтын,
Іргесі биік нудан өт.
Айдын-шалқар көлден өтіп,
Жеті қылым елден өт.
Құс қанатын талдырған,
Қу мекиен шөлден өт!
Жолсыз жерде жол баста,
Жаугерлік болса қол баста.
Сәйгүлігің сай болсын,
Тілегім осы әу баста Әумин, –

деп бата берілген соң, баланың қолына аттың тізгінін, оң қолына қамшы ұстатады, аналар шашу шашып, тілектер айтады. Баланы атқа мінгізгесін жігіт атты ерттеп, көрші-колаң, ауылды аралатады. Есігінің алдына ашамайға мінгізу рәсімін өткізген балаға келген үйдің бәрі шашу шашып, баланың киіміне үкі, шашақ, теңге, моншақ қадайды. "Бала шаршады-ау" деген кезде үсті-басы әлем-жәлемге, әшекейге толып ауылға қайтып оралады. Сол күні мал сойылып, ат шаптырылып, той жасалады. Ашамайға баланы мінгізіп, аттың басын жетектеген жігітке, бата берген ақсақалға әке-шешесі сыйлық береді. Бірте-бірте атпен баланың өзі жүреді, бір-екі күннен соң аяғын байламайды, сонымен бір жеті ішінде ашамайды тастап ерге отырады. Байлар ашамайға мінген балаларын көштің алдынан салтанатпен жүргізген.

Сейіт Кенжахметұлының "Қазақ халқының салт-дәстүрлері" кітабынан...