Әр халықтың оның өзіне тән тұрмыс-тіршілігі, күнкөрісі, әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі болады. Салт-дәстүр сол халықпен бірге жасайды. Бірақ ұмыт болып бара жатқан дәстүрлер де жоқ емес. Ендеше, салтымыз санамызда мәңгілік жаңғырып тұруы үшін дәстүр сөйлейді.
Ақ үй аманат (салт). Қазақ тарихы мен аңыз әңгімелерінде «ақ үй аманат» берген екен деген сөз жиі кездеседі. XVI-XVII ғасырлардағы жаугершілік замандарда екі жақ мәміліге келіп, іс бітімгершілікпен аяқталғанда осы салт сол үлкен жұмыстардың айғағы ретінде жүрген. Мұндайда негізінен кінәлі жақ өзінің жеңілгендігін мойындап бар сән-салтанат, дүние жиһазымен ақ орда, яғни «ақ үй аманат» әкеліп тапсырады. Бұл тек жеңілу ғана емес, сол елді мойындаудың, бұдан былай тату көршіліктің (елдіктің) кепілі ретіндегі орны бөлек құжат әрі сый-сияпат десе де болады.
«Ақ үй аманат» негізінен көшпелі елдің, әсіресе, түркі халықтарының арасында жиі болған. Бұл туралы ғалымдар Ш.Уәлихановтың, Ә.Марғұланның еңбектерінде жазылған. Мұндай жағдай өткен ғасырларда қазақ даласында жиі болған. Мысалы: жоңғар-қазақ соғыстарында, қытай-қазақ шапқыншылығында, Хиуа хандығы мен қазақ хандығы арасында қақтығыстар да елшілер «ақ үй аманат» тапсырып бітім мен келісімге келген кездер көп болған. Мұндай жағдайдың басында мемлекет ішінде беделді би, батырлар мен шешендер, атақты ақсақалдар мен хандардың өздері де жүрген.
«Ақ үй аманат» - ант, серт пен келісімнің, татулықтың айғағы. Оны бұзған ел басқа халықтар алдында кінәлі деп сыналған және одан сырт айналған.
Сейіт Кенжахметұлының "Қазақ халқының салт-дәстүрлері" кітабынан.