Баланың тұсауын қалай кеседі?

Баланың тұсауын қалай кеседі?
Фото: zhardemov.kz

Қазақ халқының бала тәрбиесіндегі орны елеулі әдет-ғұрып, ырымға толы салт-жорасы – тұсау кесу. Бұл – бала жығылмай жүріп кетсін, болашағы жарқын болсын деген тілекпен жасалатын дәстүр. Міндетті түрде орындалатын салт.

Баланың тұсауын кескен адамның өмірде сүріншек, шалағай, зуылдақ не өтірікші болмағаны дұрыс. Керісінше, жүріс-тұрысы жылдам, орнықты адам болғанын әке-шешесі әдейі ырым етіп, қалайтын болған. Ең алдымен, жиналған көпшіліктің арасынан жүрісі жылдам, қимылы ширақ, іске епті адам таңдалып, баланың тұсауын кесуді соған тапсырады. Бұл – бала соған тартсын деген тілектен туған рәсім. Не болмаса, көңілі қалаған адамын алдын ала белгілеп қояды.

Тұсау кесерге арнайы ала жіп дайындалады. Қыз бала болса, пысық, ақжарқын, көпке қадірлі, сыйлы келіншекке, ұл баланың тұсауын есімі ел аузында жүрген қадірлі ер-азаматқа кестіреді.

Тұсауы кесілген соң сәбиді екі адам ортаға алып шығып, тез-тез жүргізеді. Бір-екі адымға дейін сүйемелдеп апарып, бос еркіне жібереді. Беліне байланған тәттілерді алып, шашу етіп шашады. Тұсауын кескен соң тұсаулық жіпті әркім ырым етіп бөліп алады. Негізінен тұсау кесілген жіп сол топтағы жаңадан нәрестелі болған немесе бала көтере алмай жүрген келіншектерге ырым етіп таратылады. Баланың жолына төселген ақ матаның екінші басына ырымдап бірнеше зат қоюға болады. Бұл – домбыра, кітап және нан. Бала домбыраға жармасса, өнер адамы болады. Кітапты алса, ғылым жолын қуады. Нанға қолын созса,  еңбекқор болады. Тұсау кескен адамға сыйлық беріледі.

Тұсауды ала жіппен кесу көне шаман дінінен қалған. Ала жіп адалдыққа жол ашады. Ала жіпте ақ пен қара жіпті айқастырып еседі. Өйткені өмір қос-қостан жаралады. Бұлар қатар жүруі керек. Бірін-бірінсіз болмайды. Тек бір Алла ғана жалғыз. Ала жіптің негізгі мәні осында.

Қазіргі кезде тұсау кесу аз ғана ортада, біршама өзгерістермен өткізіліп жүр. Мәселен, кейде тұсауды қайшымен кеседі. Бұл дұрыс емес. Өйткені баланың өмірі қайшылаудан басталса, алдағы өмірі күрделі, кедергілерге толы болуы мүмкін. Сондықтан қазақ ежелден бері тұсауды пышақпен шорт кесетін болған. Тұсауды әжелер кеспейді. Әжелер ақ батасын беріп, баланың аяғына тұсауды байлап береді.

Қазақ халқының нанымы бойынша, егер баланың тұсауы кесілмесе, онда ол жиі шалынысып, жығыла береді. Сол себепті бала тұсау кесу жасынан асып кетсе де, тұсау кесу жорасын орындау қажет.

arda.com.kz

М. Ақан