Асық ойынына қой, арқар, құлжа сияқты жануарлардың асығы мен тайынша-торпақтың топайларынан өңделіп пайдаланылады. Үлкендер де, балалар да ойнайды. А. о.-ыны барысында әсіресе, ұтыстың негізгі шарттарының бірі – асықтың алшы түсуіне айырықша мән берілді. Сондықтан алшы түсуге икемді ірі, шомбал еркек қойдың және арқар мен құлжаның асықтары, әсіресе, осы асықтардан жасалған сақалар жоғары бағаланды. Аса тиімді атыс асықтарының қатарына кеней мен топай (жылқы мен тайыншаның топайынан басқа) деп аталатын сақалардың шағын түрлері де жатқызылды.
Қазақы ортада сақалар құнды бұйым ретінде ойыншылардың арасында әртүрлі айырбасқа түсіп отырды. Мысалы, бір сақа екі асыққа айырбасталды. Ал құлжаның сақасы үш асыққа тең болған деген сияқты. Ойыншылар асықтың күтіміне ерекше мән берді. Әсіресе, әртүрлі түске боялған асықтар да жоғары бағаланды. Қазақ әйелдері жүн бояғанда бояудың басыртқысына немесе қалған қалдығына асықтарды салып, сәл қайнатып бояп беретін болған.
Асық ойнау. С.М.Дудин экспедициясы материалынан.
Семей облысы, Қарқаралы оязы, Талды өзені бойы. 1899 ж.
Асық ойынының төмендегідей түрлері бар: үш табан, бүгіп алу, көн (жоң), жарып алу, сыпырмай, түртпей, тыштырмай атан, бестас, мергендік немесе шеңбер жасап ату, хан талапай, алты табан, асық қағу, қаршу, алшы, шұбырту, ұпай ұтысу, қол жоң, ат жарыстыру, қошқар соғыстыру, мұз ойнақ, иірмекіл, қақпақыл, сасыр, хан ойыны, аламан хан, асық табысу (асық жасыру), бүк-шік, төрт шүкейт, шомшы, манай және т.б.
Асық ойыны. Кунсткамера қорынан (1199-436)
Көрсетілген атаулар кейбір өңірде басқаша аталғанымен А. о.-ның ұйымдастырылу және өрбітілу реті барлық аймақтарға бірдей деп айтуға болады. Тағы бір ескерер жайт – А. о.-ның бір түрі бір өңірдің өзінде әр түрлі атаулармен де атала береді.
Осыған орай Маңғыстау қазақтары арасында этнографиялық зерттеу жүргізген Р.Карутцтың төмендегідей мәліметтерін келтіруге болады: «Әдетте, балалар әртүрлі түске боялған асықтармен ойнауды ұнатады. Қолына 6-7 асықты алады да, алақанымен және қолының сыртымен қағып ойнайды. Жерге түсіп кеткен асықтарды жинап алып, осыны бірнеше рет қайталайды». Зерттеушінің айтып отырған ойынның аты бестас деп аталады. Ал солтүстік және шығыс өңірлердегі бұл ойынның атауы – асық қаршу. Сондай-ақ, қазақы ортада әсіресе, кең тараған Асық ойынының негізгі түрлерінің бірі – алшы ойынының мүлдем басқа қақпақыл, иірмекіл, манай, сасыр сияқты атауларының бар екендігін айтуға болады. Төменде дәстүрлі көшпелі ортада ойналған А. о.-ның кейбір негізгі түрлерінің сипаттамалары беріліп отыр.
Құмар түсті. Ең алдымен, барлық А. о.-на тән ұтыстың негізгі шарты болып табылатын төрт асықтың иіріліп, жерге түскеннен кейінгі құмар деп аталатын ұпай әкелетін «жатысы» жөнінде. Егер иірілген төрт асық қатарынан кілең алшы немесе кілең тәйке немесе кілең бүк немесе шіге түссе оны құмар түсті деп атайды. Алайда төрт асығы алшы түсіп, құмар түсті жасаған ойыншы ғана бірден төрт ұпайға ие болады. Басқа «құмар түскендер» екі ұпайды ғана иеленеді. Бірақ, төрт асықта талапайға түседі. Асыққа ие болған ойыншылар ойынға қайтадан кіріседі. Алайда бұрын әбжіл қимылдаған ойыншы төрт асықты бірдей иемденіп кетсе, қалған ойыншылар өз асықтарын көнге қайтадан тігуге мәжбүр болады. Ал төрт асық әлгі бұрын қимылдаған ойыншының меншігі болып саналады.
Асық қаршу / бестас. Бұл ойынды екі немесе одан да көп ойыншы дөңгелене отырып ойнайды. Ойынды бастамас бұрын асық иіру жолымен ойыншылардың реті белгіленеді. Кімнің асығы алшысынан түссе, ойынды сол бастайды. Кішкене ықшам асықтар таңдалып алынады. Бес асықты жерге тастап, соның ішінен бір асықты лақтырып, ол төмен түскенше асықтың біреуін алып және лақтырылған асықты қағып үлгеру керек. Әуелі, біріншісінде, асықтарды бір-бірден, екіншісінде, екі-екіден, үшіншісінде, үшеуін бірге, ал біреуін жеке, соңында, төртеуін бірдей сыпырып алу керек. Ойынның бесінші сатысы «көпірден өткізу» деп аталады: бұл жүрісте ойыншы сол қолының бас бармағы мен сұқ саусағын асық өтетіндей етіп жерге тіреп тұрады. Оны көпір деп атайды. Бір асықты лақтыра отырып қалған төрт асықты бір-бірлеп «көпірден» өткізеді. Бұл кейде нәби өткізу делінеді, сондықтан ең соңғы өткен асықты нәби асық деп те атайды.
Асық қаршу немесе бестас. «Екілік алу» сәті.
Асық қаршу немесе бестас.
«Көпірден өткізу» сәті.
Ойынның алтыншы жүрісінде асықтарды қолдың сыртымен қағып алып, қол сыртына түскен асықтарды ыңғайына қарай қаршып алады. Ойынның соңғы жүрісі қайыра қаршу. Мұнда да асықтарды қол сыртымен қағып алады да, қол сыртына түскен асықты ыңғайлап алып, қолдың ұшына таман түскен асықты қаршып, қолдың ортасына таман түскен асықты «сауып» (алақанын то- сып) алады. Асықтың біреуі жерге түсіп кетсе немесе қолына ілінбей қалса, ойын ережесі бұзылды деп санала- ды. Сөйтіп кезек келесі ойыншыға беріледі.
Асық қағу. Алдымен осы ойынның кейбір ерекшелік- теріне тоқтала кетейік. Жоғары лақтырылған асық құс деп аталады. Ойынның шарты бойынша лақтырылған кезде құс қолға түспейтіндей жағдайда, оны қайтадан қақшып ұстауға талпынуды құс қуу деп атайды. Сондай-ақ, темші теру деп жерде жатқан бес асықтың әрқайсысын жоғары лақтырып жерге түсірмей қағып алуды айтады. Және алақандағы асықты сәл жоғары лақтырып қолдың сырты- мен қағып алу кезінде ешқандай асық тоқтамай домалап түссе, яғни құр алақан қалса, оны құр жайдақ деп атайды. Құр жайлақ үш рет қайталанса ойыншы жеңілдіге саналып кезек қарсыласына көшеді. Ойын осы тәртіппен жеңімпаз анықталғанша жалғаса береді.
Бұл ойынның түрін ойыншылардың жеке-жеке немесе екі топқа бөлініп те ойнауларына болады. Әуелгі кезек алушы асықты уыстап, үйіріп, сырмаққа шашады. Содан соң жалғыз сақаны жоғары лақтырып, ол төмендегенше жердегі бір ыңғай түскен (ыңғай алшы немесе бүге т.б.) асықтарды жұбымен (екіден, төрттен, алтыдан т.б. неше жұппен теруді алдын ала келіседі) теріп үлгеріп, алақанымен уыстап, сақаны жерге түсірмей алады. Жерден терген алақанындағы асықтардың үстіне түсіріп, сақаны қоса уысында ұстап қалу керек. Асық берілуі мүмкін. Алтай қазақтары асық иіріп ұтысып ойнау ойынын қол жоң деп атайды.