Архаизмге айналған есімдер

Қазақ тілі – қазақ мәдениетінің күре тамыры. Мәдениетті тілден бөліп қарауға болмайды. Ғылым біздің тарихымызды 2000 жылға дейін зерттеді. Ал, тілдің тарихы одан да ұзақ, зерттеу одан да қиын. Ендеше, осы тарихы терең, мыңдаған жыл бойы қалыптасып, дамып келе жатқан тілді бүгінгі жас ұрпақ қалай түсінеді? Көнерген тұрмыс-салт сөздерін былай қойғанда адам есімдері жайлы не біледі? Осы сұрақ төңірегінде және бірсыпыра адам есімдерінің мағынасы жайлы айтып көрейік.

Ұлпан:

Қазақ тілінде кітап оқитын сауаты бар оқырманның бәрі осы Ұлпан есімін біледі. Роман кейіпкерінің нақты тарихта болған, болмағаны бізге белгісіз. Бірақ, Ұлпандай ана болу қазақтың қыздары үшін ауыр сын. Ендеше осы Ұлпан анамыздың есімі неге Ұлпан деп қойылған?

Ұлпан - Ұлпа жүнді аң терісі, жылбысқа, елтірі (бұлар қозы терілері), жақ (құлын, бұзау терілері) тәріздес. Мал жоқшысы малшы, Ұлпан жоқшысы аңшы (Мақал).

Сырым:

Бүгінгі жастардың есіне Сырым десе, бірден Сырым Исабаев елестеуі әбден мүмкін. Ал, көзіқарақты оқырман үшін Сырым Датұлының еске түсе кететіні белгілі. Сырым сөзінің қандай мағынасы бар?

Қазақта "Жалғыз туған жігіттен, сырым өскен тал артық" деген сөз бар. Бұдан "сырым" сөзінің ну, бітік, жыныс деген мағынасын білеміз.

Мұхтар:

Мұхтар есімі қазақта ең танымал есімдердің бірі. Мұхтар Әуезов, Мұхтар Мағауин, Мұхтар Шаханов сынды есімдер елге танымал. Мұхтар сөзі таңдаулы, сара, өте жақсы деген мағына береді екен.

Еңлік:

"Еңлік-Кебек" есімімен елге танылған әйдік есімнің бірі осы. Қазақ сөзінде "Еліктің лағындай" деп сүйкімділікті сипаттайтын тұрақты тіркес бар. Дәл осы еліктің лағы еңлік деп аталады екен.

Тайыр:

Қазақтың белгілі ақыны Тайыр Жароков жайлы сөз ұстаған жанның білері анық. Алматыда Жароков көшесі бар. Қытай қазақтары ортасында Тайыр Белгібайұлы есімді күйші өткен. Тайыр сөзінің бірнеше мағынасы бар екен.

Құс; Жоғары ұшушы; Болжам, болжал;

Құралай:

"Құралайды көзге атқан" тіркесі қазақта мерген адамға қаратылады. Құралайды қыран құс деп те, тағы аң деп түсіндіретіндер бар. Ауыспалы мағынада сұлу, көркем деп те қолданылады.

Рауан:

Рауан сөзі бүгінгі қазақ жастарына есім ретінде көп қойылған. Рауан - жарық, сәуле, нұр, күннің арайы. "Терезеден аппақ таңғы Рауан енiп тұр" (Мұратбеков).

Айдар:

Қазақ ақсақалдарында Айдар аталған кісілер көп емес. Бірақ 70 жылдардан кейінгі туылған орта жастан төменгілерде Айдар деген есім көптеп кездеседі. Мұның мәні: ертеде ата-бабамыз төбесінің орайындағы тумысынан алынбаған бір шоқ қарын шашты арнайы қалдырып отырған. Айдар - айбардың және күш-қуаттың белгісі ретінде қаралған.

Санжар:

Император деген мағынада қолданылады.

Әбілмансұр:

Қазақтың ханы Абылайдың азан шақырып қойған аты - Әбілмансұр. Әбілмансұр - жеңімпаз деген мағына береді.

Ораз:

Қазақ даласында ежелден бері қойылып келе жатқан есімдердің бірі. Оразмұхаммед сұлтаннан бастап, кешегі Оразәлі ақынға дейін.

Шалкиіз жырауда: "Ораздының ұлы өсер, Жиірлінің қызы өсер" деген тіркес бар.

Ораз сөзі бай-бақытты деген мән береді.

Сіздің есіміңіздің қандай мәні бар?

Сурет: zharar.com