Әр жылы жасалатын тойлар

Ерлі-зайыптылардың некеге тұрғанына, шаңырақ құрғанына белгілі бір уақыт толғанда атап өтетін тойлары болады. Еуропалықтардың бұл дәстүрі кейбірі қазақ отбасыларына да тән. Мысалы, отбасының күміс тойын, алтын тойын өткізуі. Біз енді отбасылық өмірдің әр жылындағы тойларға тоқталсақ.

Шыт той – отбасы құрғаннан кейін бір жыл өткен соң атап өтіледі. Бұл күні ерлі-зайыптылар бір-біріне шыт орамал сыйлайды. 

Ағаш той – отбасылық өмірдің бесжылдығына орай аталып өтіледі. Бұл күні ерлі-зайыптылар бір-біріне ағаштан жасалған бұйымдар сыйлайды.

Раушан той – онжылдық бас қосу мерекесі. Бұл күні достар қонаққа шақырылады, барлығы қолдарына раушан гүлдерін ұстап билейді. 

Әйнек той – онбесжылдық той. Бұл күні сыйлық шыныдан істелген бұйымдар болуы шарт. Әйнек – ерлі-зайыптылар қарым-қатынасының мөлдірлігінің куәсі болмақ. 

Фарфор той – отбасылық өмірдегі жиырма жылдан  кейін атап өтіледі. Шақырыл-ған меймандарға тағамдар фарфордан жасалған жаңа ыдыстарға салынып тартылады.

Күміс той – жиырма бес жылдан кейін аталып өтіледі. Бұл күні некелік алтын сақинаның қасына күміс сақина қосылуы керек.

Інжу той – отыз жылдан кейінгі той. Бұл күні күйеуі әйеліне алқа сыйлауы керек, бұл өткен күндердің бәрінің де інжудей тартымды болғанының куәсі болмақ.

Кенеп той – отыз бес жылдан кейін тойланады.  Бұл күні кенептен тігілген заттар сыйланып, кенеп дастарқан жайылады.

Лағыл той – қырық жыл өткеннен кейінгі мереке. Бұл күні сыйланған алтын сақинаға махаббат пен жалынның белгісі – лағыл орнатылған болуы шарт.

Алтын той – отбасылық өмірдің елу жылдық торқалы тойы. Мерекелік алтын сақиналар жаңа сақиналармен ауыстырылады. 

Гауһар той – отасқанына алпыс жыл өткенде тойланады. Мұны атап өту – ендігі жерде бұл некені ешкім бұза алмайды деген ұғымға саяды. 

Темір той – ерлі-зайыптылық өмірдің алпыс бес жылдығында өтеді. 

Тас той – мұның бір ерекшелігі, неке қиылғанына алпыс жеті жарым жыл өткенде аталып өтіледі.

Игілікті той – жетпіс жыл өткенде тойланады.

Тәждік той – бұл ең соңғы той болып есептелмек, отбасылық өмірдің жетпіс бес жылы өткенде атап өтіледі.

Той-тойға ұлассын, оқырман!

kyzdaralemi.kz