- Негізгі бет
- Салт-дәстүр
- «Әр әке қызын...
«Әр әке қызын осылай ұзатса ғой…»
«Жылқы ішінде ала жүр,
Ұстай алмай бала жүр.
Алыс-алыс кеткенде,
Мені есіңе ала жүр», — деп айтылып жүрген әнді тыңдағанда бір ыңғайсыз күйге түсетінім бар. Бұл әу баста ән емес, тыңдағанның сай-сүйегін сырқыратқан сыңсу еді. Кәдімгі қыздың ұзатылып бара жатқандағы айтатын сыңсуы. Мұның әуелгі мәтіні қалай? Қалай шыққан? Қандай жағдайда айтылған?
Оны толықтай түйсініп, жүрекпен сезіну үшін бала күнімде өзім көзбен көрген қыз ұзату жайын қоса әңгімелеп берсем деймін. Ендеше, қазақы қара әңгімеге құлақ тосқандай шайыңыздан ұрттап қойып, арқаны кеңге сала беріңіз…
Айтпақшы, осы әңгімені бірде бір ағама айтып бергем, әңгіменің адамымыз ғой, ауызекі айтылғанда әсерлі шықса керек, үнсіз отырып қалды. Жүзіне қарасам, ерінін жыбырлатайын десе көзі «сөйлеп» кетейін деп тұр екен… «Әр әке қызын осылай ұзатса ғой…» деп терең тыныстады аздан соң. Қыз ұзатуды соншама қиындатып жібергендей болдым ба деп сәл ыңғайсызданып қалғаным бар еді…
***
Өзім қыз ұзатып көрген жоқпын. Бірақ сол сәтті өз басым өте бір астаң-кестең алақұйын сезімді бастан өткерер, көңіл босатар ерекше оқиға деп білемін. Өйткені, кішкентай кезімде әпкелерім ұзатылғанда көргендерім, сезінгендерім жанымның терең түкпірінде сол қалпы сақталып қалыпты. Көңіл айнасының шаңын бір сүртсем, бәрі де бала күнімдегідей жарқырап көз алдыма келе қалады. Құдалық, одан кейінгі жол-жоралғылар өз алдына бөлек әңгіме ғой, мен тек ұзатылу жайына ғана тоқталайын.
Ең үлкен әпкемді ұзатардан бір ай бұрын бүкіл туыс үйіне шақырды. (Қыз – қонақ» деген сол ғой. Неге екенін білмеймін, бұл салтты «танысу» дейді.) Қасына екі-үш құрбысын ертіп, сән-салтанатымен әлгі үйлердің бәріне қонақ болды. Сән-салтанат деп отырғаным, ұзатылатын қызға ең көркем атты күміс ер-тоқым, күміс жүген-ноқтамен әшекейлеп мінгізеді. Жаңа киім киеді. Қасындағы қыздар да барын киіп, бақанын қолына алып дегендей сәніне сән қосып шығады. Ол кезде қыз күніндегі киімнің келіншек болғанда жарамайтынын білесіздер ғой, ұзатылар қыз «танысуға» киген жаңа киімін қасына ерген құрбыларына үлестіріп кетеді. Сонымен, не керек, барған үйі барын алдына тосып, еркелетіп-ақ бағады. Ұзатылып барады ғой. «Бізден не қаласаң да ала ғой, ағаң тіпті бар жасауыңды өзі жасап беруге бар» -деп бәйек болған жеңгелер, «барған жеріңде апайыңмен бала күндегі ұрыс-керісіңді есіңе ала қойсаң болды – сағынбай қаласың…» деп қағытқан жезделер…, бәрі-бәрі қыз көңілін көтерумен әлек. «Отыз күн ойын» дегені сол шығар бәлкім.
Межелі күн жетті. Тойдан бір күн бұрын құда жақтан төрт адам келді. Жездем, күйеу жолдас жігіт, құда-құдағи болып келген екі кісі. Ертең той деген күні түнде әпкем естелік үлестірді. «Әпкелерің естелік үлестіруге шақырып жатыр, барыңдар» дегенде топ бала жарыса жүгірдік. Әкемнің ағасының үйі, інісінің үйі бәріміз қатар отыратынбыз, көрші-қолаң, тойға келген басқа туыстың балалары бар дегендей өте көппіз енді. Біз кіргенде шешем шығып келе жатыр екен. «Мәәә, мынаның бәріне қайтып жеткізесің, ересектеулеріне берсең болды ғой» деп күліп жатыр. Естеліктің көбі шетін шілтерлеп, кестелеп тіккен кішкентай шыт орамал. Барлығына жуығын өзі тіккен. Кейбірін қонақ болып жүргенде құрбыларына тіккізген дегендей. Оның кейбіреуіне сырға, жүзік, сағат дегендей заттар, кейбіреуіне кәмпит түйіп дайындап қойыпты. Ол жерде сыйлық балаларға емес, негізінен өзінен кейінгі ересек бауырларына, сіңлілеріне, туыстарының ересек балаларына беріледі. Туыстық қатынасты өлшей отырып, мысалы, біреудің тұңғышы болса оған сағат түйілген, біреудің жалғыз қызы болса оған сырға түйілген деген секілді қомақты сыйлар, одан кейінгілерге орташа, төмен дегендей ретімен беріле береді. Кішкене балалар еленбейді де. Әпкеңнен орамал алуға жарап қалу деген адам қатарына қосылғандай үлкен дүние. Мен солай сезінетінмін…
Сол жолы естелік орамал менен ілгері ағама келіп тоқтады ғой. Ең соңғы кәмпит түйілген шытты Ұланбекке беріп жатып, маған: «Үй, менің Ұларбегіме жетпей қалыпты ғой, болды, саған Сәкен береді» деп басымнан сипап қойды. Астыңғы иегім қисаңдап үнсіз ғана төгіліп, ауық-ауық иығыммен демала бір жылайтыным бар еді, сол басталып келе жатты ғой… Азайып бара жатқан шыттарға қарап өзім де ойлап тұр едім, жетпей қалғанда жаман болдым. Сәкен дегені өзінен кейінгі әпкем Сәкенгүл. Сол ұзатылғанда береді дегені ғой. Сөзі де ұнамады. Ол кезде 7-8 жас деген әжептәуір естияр кез емес пе?! Көкейден көтерілген сөзді қарасаңызшы: «Шыт алу үшін Сәкеннің ұзатылғанын күтем бе енді?». Шыға жөнелдім. «Мәә, ананы қара, өкпелеп кетті. Сенің артыңнан бармай қоймасын. Ха ха ха!». Ыза буады. Ешкімге шамаң келмейді, баласың ғой…
Той күндіз өтті. Кеште ойын-сауық. Жастар бір үйде, үлкендер бір үйде. Ән, күй, өлең, түрлі ойындар. Сол күні тойға құдалар жақтан айтысатын, күй шертіп, домбырамен ән салатын дегендей тілді-жақты арнайы адамдар келеді. Біздің жақ та бір ақынын дайындап сақ отырады. Айтыс, өлеңі көп болғаннан кейін бе, маған жастардан гөрі үлкендер жақтың отырысы жақсы құсап тұрады. Ол айтыстардан есте қалған шумақтар аз емес. Ниғымет, Бәкей ағаларымыздың, Мейрамхан, Шәуел, Марфуза апаларымыздың тойдағы айтыстарына өзім де қосып, балаларға құлпыртып тұрып айтып беретінмін.
Түн ортасы ауа думан тарқайды. Шешелеріміз кит буып күбір-сыбырмен таң атқанша жүреді. Таң ата көрші-қолаң келе бастайды. Ауылдың үлкендері келеді. Неке оқылады. Содан кейін дастархан жайылып, шай құйылады. Сол бір сәттің салмағы ауыр енді. Үй толы адам. Балаларды сыртқа шығарып жіберіп үлкендер ғана отырады. Мен «сүзгіге» ілінбей, біреудің қолтығының астында қалып қойғам, біреу кеп сүйреп кетпесін деп демімді ішіме тартып әрең тұрмын. Әпкем мен жездем де сонда отыр. «Е е е, қарақтарым…» деп Қасейін ақсақал әңгіме бастағанда үй іші тым-тырыс тынып қалды. Бір кезде анам сөз алды. Жылап отыр. Үзіп-үзіп, өксіп-өксіп айтады: «…Шамамыздың келісінше бақтық, қақтық, тәрбиеледік. Жетіспегені де бар, жастай ұзатып отырмыз. «Жақсы жерге түскен келін – келін, жаман жерге түскен келін – келсап» дейді, ары қарай сендердің істерің. Қарғам, бетіме келер сөз қайтарған емес, бір жаманат сөз естірткен жоқ. Жат жұртқа жаратылған соң амал жоқ, әйтпесе әкесінің де серігіндей болды… сендерге аманат енді. Адамдықтарыңа сеніп отырмыз, қыз деген осы екен, қанаты жетілгенде қолыңнан ұшырып қоя бересің баяғы…». Жасын төгіп-төгіп алды. Жеңгелерім, көршілер бәрі жылап тұр. Менен де басталды әлгі бір үнсіз кемсең. Әпкеме қарасам екі иығы солқ-солқ етеді. Жылап отыр. Қайта-қайта еңсесі түсіп кетіп, жеңгелері қолтығынан демеп қояды. Әкем басын жерден алар емес. Құдалар жақ сөз алды. «Сіздерге рахмет! Біз де қыз ұзатқанбыз, оңай емес, жүректеріңізді жұлып бергендей болып отырсыздар. Десе де, жыламаңыздар, енді жылағандарыңыз да жөн ғой, сөйтсе де балаларыңыз жаман жерге бара жатқан жоқ, сіздер болып, біздер болып ақыл-кеңесімізді айта жүріп жұрт қатарына қосылар…» деген секілді небір сұлу сөздермен сонарлай келіп, «Құдеке, енді балаларға батаңызды беріңіз» деп тоқтады. Әкем кеудесін кере, құлашын жая: «Иә, Алла! Балаларым…, жолдарың болсын, бақытты болыңдар, Алла жарылқасын! Әумин!» деп бет сипады. Жұрт сыртқа лап қойды. Мен де жүгіре берем деп бірдеңеге шалынып жығылғанымша болған жоқ, біреу аяғымды басып кетті. Мысықтай быж ете қалдым. «Мынау не ғып жүр, осы біреудің жүрмейтін жері жоқ екен» деп күңк етіп аттап өте шықты.
Сыртта жүк машинаға тиеліп дайын тұр екен. Үлкендер сыртқа шыға қалып дөңгеленіп тұра-тұра қалды. Бір кезде қыз-келіншектер қолтығынан демеп әпкемді шығарды. Оң жақта тұрған көрші апамызды бас салып құшақтап, сыңсу айтты. Кәдімгі өлең ғой. Иә, айтпақшы, оны да алдын ала жаттайды. Тойдан бұрынғы қыдырыста, үйде қасындағы құрбыларымен отырып сыңсу жаттап отырғанын талай көргем. «Қардыбайға не деп айтасың?», «Жолдыбайға бүйтіп айт» дегендей әзіл-оспаққа салып күлісіп жататын. Сол сыңсу. Өлеңжанды баламын ғой, сөздері құлағымда қалды. Әкемді, анамды, нағашы атам, нағашы апам, бәрі-бәрін бір-бір құшақтап бір-бір шумақ айтады. Қасындағы екі-үш қыз дауыс қосады. Сондағы үлкен жездеміз Қардыбайға (әкемнің қарындасын алған) айтқан сыңсуы қандай ғажап еді!? Мұнда әркімге тек өзіне айтылуы тиіс сөздер ғана айтылады. Беталды айтыла бермейді. Ұзатылып бара жатқан қыздың жездесіне айтқан сыңсуы мынау:
«Жылқы ішінде ала жүр,
Ұстай алмай бала жүр.
Әкем – кәрі, бауырым – жас,
Көзіңнің қырын сала жүр.» -дегенде үй ішінде сыр бермеген әкемнің де көз шарасы тола қалды. Бұл әпкемнің өзі шығарған өлеңі емес қой, бұрыннан келе жатқан сыңсу. (Кейін «Шыңжаң» баспасынан шыққан «Қазақтың тұрмыс-салт жырлары» дейтін кітапта дәл осы нұсқасын көрдім) Ұзатылып бара жатқан бір қыз айтып, жатталып қалған шумақ қой. «Қыз – қамқор» дейді ғой қазақ. Рас! Әкеге қыздай қамқор, үй ішіне қыздай қамқор адам жоқ-ау сірә! Анам тоғыз бала көтерді. «Балалар көбейсе бірін-бірі бағады» дейді ғой, бағады, бірақ қыздар бағады екен. Бір-біріміздің мұрнымызды бұзып төбелесіп жататын ұлдардың кірін қыздар жуды, киімін солар жамап, нанымызды солар пісіріп, тамағымызды солар істеді. Қазір де біз ауылға барсақ, қонаққа барғандай шалжиып жатамыз, ал, жат жұртқа кеткен қыздар төркіндеп келгенде әкесінің әр көйлегінің жағасын тексеріп, үйдің ауласына дейін жарқыратып шығады ғой. Қарашы! Мынау шумақтың алдыңғы екі жолын қайталап оқышы. Анау топ жылқының ішінен көздегенін ұстай алмай жүрген бала мына қыздың бауыры ғой, шамасы келмей жүр ғой, өзінен үлкен әпкесі жылқының бір жағын қайырысып көмектесер еді, ол жатжұрттық болып жаралған соң ұзатылып кетті ғой… Бұл – өзі жатқа ұзатылып бара жатып, қалып бара жатқан бауырын, әкесін уайымдаған қыздың көкірегіне келе қалған сурет. Өлеңнің қыз көкірегіне қалай келгенін көзбен көріп, қолмен ұстағандай анық сезінесің. Енді уайымдады болды ма? Жоқ! Оны біреуге тапсыру керек. Кімге? Жездеге! Қай уақытта? Өзі ең сыйлы болған, сөзі ең өтімді болған – тап аттанар кезде. Қамқорлық қана емес, даналық! «Әкем кәрі, бауырым жас, көзіңнің қырын сала жүр!». Әдетте әпкеме әзілдеп сөйлейтін жездеміз бұ жолы, бұ сыңсуды естігенде, «жөн ғой, айтқаның жөн ғой» деп басын қайта-қайта изеп жатыр.
Жездеміз қолтығынан демеп, машинаға отырғызғалы жатыр еді, өзі де аңғармай қалса керек, әкем қасына жетіп барыпты. Әпкем әкесін қайырыла құшақтап құшырлана құлақ түбіне тұмсығын тықты. Көз жасы мойынындағы әжімін бойлай қойынына құйылды. Шындығында үлкен әпкем Қанзила әкемнің серігіндей болып кеткен қызы еді. Ерекше жақсы көретін. Оған ұрыспақ түгілі кейіп көйлегенін естіп көрген емеспіз. «Қыз бала әкеге жақын болады» деген рас сөз. Өте рас сөз!
Қытайда өткен жазушы Мағаз Раздан «Алтайдың ақиықтары» деген романында: «Жүз түйеге жасауы артылып аттанғалы тұрған жалғыз қызы Дәриға алдына келіп «қош әке!» дегенде қу дүниенің төбеқұйқасын қара бурадай шайнап өткен ер Оспанның қасқайған басы төмен салбырап кетті…» деп жазатыны болушы еді. Мен көрген оқиға да содан мысқал кем емес секілді.
Бұл әрине көңіл толқытарлық жай. Болған оқиғаны боямасыз әңгімелеймін деп көңіл босатпай қоймас-ау. Сондықтан әңгіме соңын көңілді түйіндеуге тырысайын.
Анау шытты айтам, «Сәкеннен аласың» деген. Алдым ғой соны. Шетін бізбен шілтерлеген көк шыт. Ол шынымен естелік екен. Өмірбақи есіңнен кетпейді. Ол болмаса жақын болмай қаласың деген әңгіме жоқ қой, десе де туыстық жан дүниеңді жалғап тұрар дәнекердей ғажап сыйлық екен. Ауылға барған сайын Сәкенгүлге бір көйлек ала баруды өзіме міндет санап тұрам. Жаңылған деген көрші әжеміз: «Сәкенгүл қарғам, ұзатыларда мені құшақтап «Ауылымдағы көреген, апамнан көрген өнегем…» деп сыңсу айтты ғой, аман болсын қарғам. Ризамын» деп отырғанын талай естідім. Тегін емес, шыт та, сыңсу да тегін емес.
«Ескіліктің қалдығы» деп күресінге көміп тастаған қайран салт! Сыңсудың әнге ауысып «алыс-алыс кеткенде, мені есіңе ала жүр» деп өзгерген тұсы да сол «ескілікті» артқа тастап «өркениетке» қадам басқан тұсымыз болса керек. Алдыңғы екі жолымен салыстырып көріңізші, еш қатысы жоқ, түк қабыспайды да. Айтқан әнші мен тыңдаған құлақта не жазық? Ғасырлар бойы қалыптасқан ғажайып таным, бірегей үлгіні халықтың көкейінен алып тастай алмайтын болған соң, оны тек бұрмалаудан басқа жол да жоқ қой. Біздікі қуатты мұраның құндылығын еске алып, сағымдай бұлдыраған бабалар ізіне күн сала қарап тұрып, сағынышымызды басқандай бір күй енді. «Аққулы мекен, гәкуулі мекен, ол дәурен қайта айналып келер ме екен?» деуші еді ғой «Қыз жібек» жырында…
Есті қазақ қыз қадіріне жете білген ғой. Есті қыз ел анасы атанып, қазақтың шаңырағын шайқалтпай осы күнге жеткен екенбіз ғой!
Қызғалдақтай құлпыртып қыз берген Құдайыма мың-мың құлдық!
Ұларбек Нұрғалымұлы
Дереккөзі: «Егемен Қазақстан»
Н. Айдархан