Ұлытау өлкесі туристік әлеумет назарында

Бүгін "Ұлытау 2019" туристік форумы өтіп, оған президент Қасым-Жомарт Тоқаев қатысты. Халықаралық туристік форум шетелдік делегаттардың қатысуымен өтіп, форум аясында "Jezkiik" халықаралық музыкалық фестивальінің концерттік бағдарламасы қойылды. Президент спикерлермен қатар Ұлытау өлкесінің туристік әлеуеті туралы сөз қозғады.

Форум "Рухани жаңғыру" жобасының аясында өтті. Әсіресе, "Туған жер", "Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы", "Жаһандағы қазақстандық мәдениет" бөлімдері үшін бұл шараның маңызы мен берер пайдасы зор. Себебі форумның мақсаты Қазақстандағы этнотуризмді, киелі жерлердің туризмін және ішкі-сыртқы туризмді дамытуға бағытталған.

Президент аталған форумда қазақ елі үшін Ұлытау алқабының тарихи маңызы мен киелілігі, сонымен қатар, бұл қасиетті өлкенің этнографиялық, зияраттық және экологиялық туризмді дамыту үшін үлкен әлеуеті бар екенін айтып өтті.

– Тарихы терең Ұлытаудың қадір-қасиетін бағалай білу – баршамызға ортақ парыз. Еліміздің осындай баға жетпес бай мұрасын өзге жұртқа танытудың жаңаша жолдарын ойластыруымыз керек. Мысалы, Монғолия Шыңғыс хан тұлғасын халықаралық туризмді дамыту үшін өте тиімді пайдаланып отыр. Ал, Шыңғыс ханның үлкен ұлы – Жошының мазары қазақ жерінде тұрғанын бүгінде еліміздегі және шетелдегі жұртшылықтың көбі біле бермейді. Оның тарихи тұлғасына әлемнің назарын аударып, кесенесін мәдени тур нысанына айналдыру – өте маңызды міндет. Ұлытау – халықаралық деңгейдегі этнографиялық туризмнің орталығы болуы тиіс, – депді президент Тоқаев.

Президент сөзін жалғай келе, Қазақстандағы көрікті жерлерді таныту, этнотуризмді дамыту туралы ойын айтты.

– Көптеген шетелдік туристерді бесжұлдызды қонақүйлер, курорттар сияқты әмбебап дүниелер жалықтырды. Оларды әртүрлі халықтардың мәдениетін, әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрін зерттеу, барған елдің тарихымен танысу қызықтырады. Сондықтан, әлемде өзіндік ерекшелігі бар жерлерге баруға, тарихи фестивальдарға және көне әрі қайта қалпына келтірілген маңызды оқиғаларға қатысуға деген сұраныс артып отыр. Біз осындай үрдістерді пайдалануымыз қажет. Қазақстанның әлемге ұсынатын бірегей орындары бар.

Туризм – өте күрделі сала. Тиісті мамандарды дайындауымыз керек. Сондықтан Туризм университетін ашу жөнінде шешім қабылдадық. Дәл осы салада жұмыс істей алатын білікті кадрларды дайындауымыз қажет, – деді Тоқаев.

Ол сондай-ақ туризмді дамыту негізінде Ұлытауда көлік-логистика инфрақұрылымын қалыптастыру және Қазақстанның барлық рекреациялық аймағында қонақүйлердің, тамақтанатын және демалатын орындардың құрылысына кәсіпкерлерді жұмылдыру қажеттігін айтып өтті. Сондай-ақ, президент креатив және инновациялық жобалардың арқасында Қазақстанның туристік шама-шарқының ақпараттық қамтамасыз етілуін баса назарға алды.

– Мәдениет және спорт министрлігі, сондай-ақ Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі туристерді Қазақстан туралы, ең алдымен, Ұлытау және оның басқа да тарихи орындары жөнінде қажетті ақпаратпен қамтамасыз ететін интеграцияланған қолданбалы бағдарлама немесе платформа әзірлеуі қажет, – деді ол.

Тоқаев Ұлытаудың киелі орындары туристерді тартатын жерге айналатынына сенім білдірді және бұл өңірге қазақ тарихының символы болатын ескерткіш-ансамбль орнату қажет екенін айтты.