"Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында қаламгерлерді жарыққа шығару жолында игі істер атқарылуда. Басқасын былай қойғанда елімізге белгілі қаламгердлердің әлемнің алты тіліне аударылуының өзі үлкен жұмыс. Жақында ғана Қазақ әдебиетіінің игілігі үшін “Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық” жобасы аясында әлем әдебиетінің теориясы қазақ тіліне аударылған болатын. Бұдан бөлек “жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет” аясында жыл сайын еліміздің еліміздің суретшілері, әншілері т.б өнер қайраткерлері Лондон, Париж сынды әлемнің ірі астаналарында өз көрмелерін өткізуде. Бұл да бір ірі жетістік.
“Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс. Абайдың даналығы, Әуезовтің ғұламалығы, Жамбылдың жырлары мен Құрманғазының күйлері, ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні – бұлар біздің рухани мәдениетіміздің бір парасы ғана”, – деп Елбасы “Рухани жаңғыру” – алдымен ұлттық сананы жаңғыртудан басталады дегенге меңзеген еді. Елбасының аталған мақаласы шыққаннан бері біршама жұмыстар атқарылды. Ол туралы ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев халықпен есептік кездесуінде айтып өтті.
“Елбасының белгілеп берген стратегиялық бағытын жалғастырып, қоғамдық сананың жаңғыруына жол ашу жұмысы тоқтамайды. Биыл бағдарламаға 2 жыл толды. Осы уақыт аралығында институционалдық нығайту, методикалық қамтамасыз ету, жаңа жобалардың толығуы мен мазмұнның артуы бағытында бірқатар жұмыстар атқарылды. Бағдарлама аясында 62 мыңнан аса іс-шара жүзеге асырылды”, – деді министр.
Сонда игі істердің бірі Елбасының “Рухани жаңғыру” бағдарламасы аясында қолға алынған ғұлама ақын, аудармашы, ағартушы Тұрмағамбет Ізтілеуовтің жаңа қолжазбаларының табылуы.
Бұл туралы облыстық “Рухани жаңғыру” орталығының бөлім басшысы, түркітанушы, филология ғылымдарының кандидаты, Серікбай Қосан мәлім етті.
“Орталық ғылыми кітапханасында шайырдың бір төлтума қолжазбасын кезіктіріп, түпнұсқаның электронды-сандық көшірмесін алудың сәті түсті. Т.Ізтілеуұлының бұл қолжазбасының мазмұны жағынан бұрынғы мұраларынан елеулі ерекшелігі бар. Қолжазбаның көлемі 139 парақтан, 278 беттен құралған. Қолжазба “Ізтілеуов Тұрмағамбеттің жинаған материалдары” деп аталады. Шығыста жасалып, Бұхара мәдениетінің стилінде өңделген. Кардон қағазбен тысталып, түптелген қолжазбаның биіктігі – 35, ені – 12 сантиметрді құрайды”, – деді Серікбай Қосан.
Ақынның жаңа қолжазбаларын архивке кім өткізгені нақты мәлім емес. Себебі Тұрмағамбет Ізтілеуов 1937 жылы “Халық жауы” ретінде қудаланған қазақтың зиялы қауымдарының бірі.
“Биыл дүниеден өткеніне 80 жыл толған Тұрмағамбет ақын әлемі Сыр өңірімен ғана шектелмейді. Ұлы шайырдың соңында қалған мол әдеби мұрасы – Қазақстан, қала берді Орта Азия руханиятының шеңберінен шығып, күллі адамзат мәдениетімен үндесіп жатқан қымбат қазына. Елбасының “Ұлы даланың жеті қыры” стратегиялық мақаласында атап көрсетілген “Ұлы Дала есімдері” арнайы жобасы аясында Тұрекеңнің жаңадан табылған қолжазбасын жарыққа шығару – Сыр бойы халқының рухани мұрасын жаңғырту бағытындағы қайырлы қадам болғалы тұр”, – деді облыстық “Рухани жаңғыру” орталығының бөлім басшысы.
Айта кетейік, Тұрмағамбет Ізтілеуов Қызылорда облысының тумасы. ХХ ғасырдың басында елімізде жаппай сауаттандыру болған жылдары 20 жылдай өмірін бала оқытуға жұмсаған кісі. Жастайынан Самарқандтағы атақты “Мир араб” және “Көкілташ” медреселерінде 9 жылдай білім алған. Араб, парсы, шағатай, түрік тілдерін жетік білген. Сонда жүріп Тәжік жазушысы Садриддин Айнимен бірге дос болған, қабырға газетін шығарған екен. Тұрмағембет ақын сыр өңірінде жазба айтыстың негізін қалаған ақын.
Ақынның алғашқы жазбалары “Үш ғасыр жырлайды” кейіннен “Бес ғасыр жырлайды” кітаптарына енген. Міне, енді “Рухани жаңғыру” бағдарламасы аясында жаңа қолжазбалары табылып отыр.