Қазақ қоғамында ғасырлар бойы қолданылған араб жазуы үш кезеңнен өтті деуге негіз бар. Олар – қадым, жәдид және төте жазу. Осылардың қатарында Ахмет Байтұрсынұлы түзіп шыққан төте жазу – "ана тілінде сауат ашудың ең тиімді құралы" болды.
Ұлт ұстазы 1912 жылы осы "төте жазу жүйесімен" "Оқу құралы" деп аталатын тұңғыш кітабын жарыққа шығарды. Бұл қазақ халқының рухани-мәдени өміріндегі үлкен жаңалық болды. Өйткені қазақ балаларына өз ана тілінде хат танып, ана тілінде жазуға жол ашылды. Ал бүгінде бұл жазуды оқитындар қатары жоқтың қасы.
Бір жыл бұрын Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде төте жазу сабақтары оқытыла басталған еді. Жуырда ғана алғашқы қарлығаштары қанат қағып, ұлт ұстазы ұсынған әліпбиді танып шықты. А.Байтұрсынұлы атындағы қазақ тіл білімі кафедрасы қолға алған игі іс әлі де жалғасады.
Ғұлама ғалым А.Байтұрсынұлының төте жазуын тану студенттердің, жас тілші ғалымдардың танымы мен ғылым жолында жаңа зерттеулеріне жол ашады. Ахмет орыс графикасын емес, ділімізге жақын араб жазуын реформалап, оның емлесін – дұрыс жазу ережелерін жасады. Төте жазу арқылы Ахмет атамыздың әлемін танып, сирек қолжазбалар қорындағы еңбектерімен таныс бола аласыздар. Ал осы дәрісті оқытып, оқимын деген студенттердің талабына нұр сепкен Орынай Жұбай апайымызға алғысымды білдіремін және бұл дәрісіміз алдағы уақытта жалғасады, – деді кафедра меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы, профессор Анар Салқынбай.
А.Байтұрсынұлының төте жазуы оны "қазақ жазуының реформаторы" атандырды, өзі жазудың атасы ретінде төте жазудың ғұмырының ұзақ болуын, қазаққа қызмет етуін тілегені белгілі.
Төте жазуды Ахмет Байтұрсынұлының екі кітабын негізге ала отырып, өз әдісімен оқытып шықтым. Ғалымның әлі де табылмаған, зерттелмеген мұралары бар. Ал осы әліпбиді үйрену арқылы жас мамандарымызға мүмкіндік туады, Ахмет әлемін тануға жол ашылады. Қазірдің өзінде студенттер сирек қолжазбалардағы еңбектерін оқи бастады. Сабақ қатысқанның бәрі арнайы сертификатқа ие болған жоқ. Бірнеше рет тест тапсырып, емтиханнан өтті. Бүгін арасынан үздіктерін марапаттадық. Байқасам төте жазуды үйретуге қабілеті жететін студенттер де бар. Оқытушылар тарапынан да қызығушылық артып келеді, - дейді филология ғылымдарының докторы Орынай Жұбаева.