Шығыс Қазақстан аумағынан табылған ежелгі сақ қорымдарынан табылған 300 алтын артефакт қыркүйек айында тұңғыш рет Ұлыбританияның Фицуильям музейіне қойылады. Аталмыш мұражай Британияның көне білім ордасы Кембрижджің қабырғасында. Бұл жайлы танымал BBC сынды британиялық баспасөз өкілдері жарыса жазды.
Мәселен, BBC News сайтының жазуынша, осыдан 2700 жыл бұрын алтынмен аптап жерленген жауынгерлердің металл артефактілері Еуропа төрінде алғаш рет көрсетіледі екен. "Бұл алтын қазына Қазақстанның шығыс өңірінен сақ қорымынан табылған тарихи жәдігер. Зергерлік бұйымдар мен ат әбзелдері түгел алтынмен апталған. Зерттеушілер бұл бұйымдардың инвазивті емес технологиямен (дененің ішкі ағзаларына қол сұқпай – ред.) жасалғанын растады" деп жазады BBC-дің жаңалық тарату қызметі.
Ал The Guardian газетінің жазуынша, "Ұлы дала алтыны" көрмесі Шығыс Қазақстандағы үш жерлеу кешені – Шілікті, Берел және Елеке сазы обаларының материалдарынан құралған. 2500 жыл бұрын жерленген 18 жасқа толмаған сақ садақшысының мейітінің осы күнге дейін сақталып қалғанын атап өткен. Басылымның жазуынша, алтын адамның сақталуына қорымның ешкімнің көзіне түспей, тоналмай қалуы себеп.
"Қазақстаннан табылған археологиялық алтын артефактілерді Кембридж музейі халықаралық деңгейде "археологиялық сенсация" деп баға берді", - деп хабарлайды басылым.
Мақала барысында басылым тілшілері Фицулиьям музейі мамандарының пікірін де қатар берген.
"Біз сақтардың ерекше мәдениетін көрсету мүмкіндігін асыға күтіп жүрміз", - деді басылымға сұхбат берген Люк Сайсон.
Елеке Сазында табылған артефактілердің ерекше сақталуы ғалымға сақтардың дінін, дүниетанымын және жерлеу салттарын зерттеу үшін жаңа мүмкіндік береді. Сақтардың заманына сай озық технологияны пайдаланып, шын мәнінде бірегей зергерлік жауһарлар жасағаны, айрықша күрделі діни, жерлеу және мемориалдық ескерткіштер салғаны дәлелденді, - деген Даниал Ахметовтің сөзін келтірген жетекші ағылшын басылымы.
Ал The Times басылымы Елеке сазынан табылған жас ханзаданың жерлеу қорымынан табылған алтын бұйымдарға аса назар аударған екен. Әрі сақ қорымының алтын артефактілер Батыс Еуропамен мәдениетімен тең тұрады деп бағалаған екен.
Күнделікті шығатын Daily Mail газеті көрмеде 300-ден астам артефакт ұсынылатынын және олардың кейбіреулері мыңдаған ұсақ бөлшектен тұратынын айтқан. Басылымның мәліметінше, Берел, Шілікті және Елеке Сазы қорымдарынан 15 мыңнан астам алтын әшекей мен басқа да құнды тарихи заттар табылғанын таңырқай жазған.
Айта кеткен жөн, "Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында Қазақстанның шығыс өңірінде археологиялық қазба жұмыстары қызған еді. Облыс әкімдігінің қолдауымен Тарбағатайдың Елеке сазы шатқалынан табылған бірегей алтын бұйымдар мен Ақ-Бауыр ғибадатханасынан табылған олжалар Лондон көрмесінде қойылатын болды.