Қызылордада ұлттық музыка аспаптарын насихаттайтын экспедиция өтті

Қызылордада ұлттық музыка аспаптарын насихаттайтын экспедиция өтті
Фото: inform.kz


“Музыка ойлана алмауы мүмкін, бірақ ол ойды білдіре алады", – деген еді ХІХ ғасырда өмір сүрген немістің музыкатанушысы, композиторы Р. Вагнер. Қазақ музыкамен жоқтау айтқан, айта алмай жүрген ойын білдірген. Ежелден Шыңғысханға баласының өлгенін естіртетін "Ақсақ құлан" атты күй аңыз боп қалған. Ол күйді ханның батыр қолбасшысы Кетбұға орындаған деседі. Вагнердің музыка ойды білдіреді дегені осы болса керек.

Көшпелі қазақ халқында да музыканың алар орны ерекше болған. Ол тек ойын-сауық құралы ғана емес, оның әлеуметтік өмірінде де алар орны ерекше. Мысалы, жаугершілік кезінде, аңға шыққанда дабыл, дауылпаз дағыра аспаптарын қолданса, ән-күй өнерінде сазырнай, жетіген, домбыра аспаптарын, ал емдеу-шипагерлік кезінде қобыз аспабын пайдаланған. қазақтың дәулескер күйшілері домбырамен адам жанын емдесе, бақсылар қобызбен адам тәнін емдеген. Бұл сөзімізді атақты психиатр, невропатолог Владимир Михайлович Бехтеревтің: "Музыка – бұл тек білім беру факторы ғана емес. Музыка – денсаулықтың кепілі", – дегені дәлелдей түседі.

Күй атасы – Кетбұға. ©oner.kz

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің "Рухани жаңғыру" атты бағдарламалық мақаласында: "Біз – ұлан-ғайыр жері мен аса бай рухани тарихы бар елміз. Ұлы Даланың көз жеткізгісіз кең-байтақ аумағы тарихта түрлі рөл атқарған", – дей келе бабаларымыздың бала тәрбиесінде үлкен рөл ойнайтын әдет-ғұрыптарын ұрпақтар санасында қайта жаңғыртуды тапсырған болатын.

Осыған орай қазақ әдет-ғұрыпының қаймағы бұзылмаған Қызылордада "Ұлы даланың сарқылмас үні" атты өнер экспедициясы өтті. Бұл шара Елбасының "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" мақаласы аясында жүзеге асырылды. Оны Қызылорда облыстық "Рухани жаңғыру" орталығының мамандары ұйымдастырды. Шараның басты мақсаты жоғарыда айтып өткендей ұрпақ санасында ұлттық музыканың рөлі қандай болатынын жаңғырту, жастардың ұлттық музыкаға деген қызығушылығын ояту, ұлттық өнерге деген құрметін арттыру.

Аталмыш өнер экспедициясына өңірдегі Қазанғап атындағы музыкалық колледж студенттері қатысты. Жас өнерпаздар алғашқы экспедициясын Жалағаш ауданындағы "Ақтерек" сауықтыру лагерінен бастады. Өнерпаздар қазақ халқының ұлттық аспаптары – керней, қобыз, домбыра, жетігенмен "Құсни қорлан", "Халқым-ай", "Жыр бастау" әндерін, "Балбырауын", "Сарыарқа" күйлерін орындады. Осы орайда айта кету керек, еліміздегі мұражайларда қазақ ұлттық аспаптарының 400-ге жуық түрі сақталған. Қазіргі күнде олардың тек 100-ге жуығымен ғана шығармалар орындалып жүр. Жасөрендер санасында ұлттық аспаптармен орындалатын ұлттық музыкаларымыздың маңызы жоғары екендігін осы статистикадан да байқаймыз.

Шара барысында облыстық "Рухани жаңғыру" орталығының бөлім басшысы Әлима Әбдіқалықова: "Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" және "Ұлы даланың жеті қыры" мақалаларында қазақтың тарихы мен оның құндылықтары, оларды жаңаша жаңғырту мен жаңарту жолдары жайлы айтылған. Еліміздің түп тарихын зерттеу мен ұлттық мұрамызды әлемге әйгілеуге бағытталған ірі жобалар айтылған. Дала фольклоры мен музыкасын қайта жаңғырту бағытында атқарылатын жұмыстар барысы сараланған. Біз – салт-дәстүрге өте бай елміз", – деді.

Қазақтың ұлттық аспаптары. ©mgfedayi.info

Осыдан соң экспидиция мүшелері Сырдария ауданындағы "Жалын" лагерінде болып, лагердегі дем алушыларға ұлттық музыка туралы әңгімеледі. "Атадан қалған асыл мұра" атты концерт өткізді. Аталмыш шара барысында оқушылар жетіген, қылқобыз, шертер секілді ұлттық музыкалық аспаптардың шығу тарихымен танысты. осы лагерде тынығып жатқан, ұлттық аспаптарды жақсы білетін А.Нұрбаева қазақтың қасиетті қара домбырасының шығу тарихы туралы: "Ертеде бір аңшы жігіт болыпты. Сол аңшы жігіт биік таудың қиясын, қалың қарағайдың арасын тұрақ еткен бұғы-маралды аулап, кәсіп етсе керек. Бірде жолы болып, биік таудың қиясынан теңбіл марал атып алады да, маралды етекке түсіру үшін ішек-қарынын алып тастайды. Содан арада айлар өткенде, аңшы жігіт аң атуға ұрымтал жер еді ғой деп, баяғы теңбіл маралды атқан жерге соқса, құлағына бір ызыңдаған дауыс естіледі дейді. Барлап қараса, өткенде атқан маралдың ішек-қарынын қарға-құзғын іліп ұшқан болу керек, қарағайдың бұтағына қос тін болып керіліп қалғанын көреді. Ызыңдаған дыбыстың сол ішектен шығып тұрғанын аңғарады. Қарағайдың бұтақтарына керіле кепкен ішекті сәл ғана жел тербесе ызыңдап, жанғы жайлы дыбыс шығарады. Оның өзі бірде уілдеп, бірде сарнап, енді бірде сыңсып жылағандай болып, аңшы жігітті алуан түрлі күйге бөлейді. Сол жерде аңшы жігіт "қой, мына қос ішекке тіл бітейін деп тұр екен, бір амалын жасайын" деп ішекті үйге алып келеді де, бір аспап жасап, соған қос ішекті тағады. Содан тартып көрсе, шынында да қос ішекке тіл біткендей сұңқылдап қоя береді. Міне, сол заманда пайда болған қасиетті қара домбыра, қанша ғасыр өтсе де халқымен бірге әлі күнге жасасып келеді деген екен", деп баяндап берді.

Колледждің өнерлі студенттерінен құралған топ Қызылорда қаласындағы "Сырдария" тынығу лагерінде де болып халқымыздың тұрмыс-тіршілігінен, салт-санасынан, әдет-ғұрпынан хабар беретін музыкалық аспаптар жайында сыр шертіп, өз өнерін көрсетті.

Т. Раушанұлы