Қазақ даласында аналарға арналған ескерткіштер мол. Солардың бірі – Жұбан ана кесенесі.
Жұбан ана туралы тарихи деректер жоқтың қасы, аңыз әңгімелер ғана бар. Аңызда ел-жұрт ол кісіні Жуан әулие деп атағаны айтылады. Ал әулиенің үстіне тұрғызылған кесенені «Әулие мола» атап кеткен. Еміне шипа, дертіне жұбаныш іздеп жүрген жандар әулие ананың моласының басына келіп, қонып зиярат ететін болған.
Кесене жайлы
Жұбан ана кесенесі – Қарағанды облысының Жаңарқа ауданында, Сарысу өзенінің оң жағалауында орналасқан ескерткіш. Қарағанды-Жезқазған тас жолында жатыр. ХІ ғасырда тұрғызылған.
Кесенені салған шебер күрделі құрылысты белгілі бір инженерлік біліммен есептеп тұрғызған көрінеді. Қаланған кірпіштерінің барлығы біркелкі. Пішіні мен көлемі бірдей. Порталды күмбез аса ептілікпен өрілген. Бұдан сол дәуірдегі құрылыс материалдарын өндіру ісінің жоғары болғанын байқауға болады. Ескерткіш 1940 жылға дейін тоғыз ғасыр бойы қирамай сол күйі тұрған.
Арқаның үскірік аязы мен аптап ыстығына қарамастан, жаңбыр мен желге де төзген мазардың сыртқы көрінісі әлі күнге дейін жақсы сақталып келген. Сол жылдары күмбезі ортасына түсіп, кірпіштерін жергілікті тұрғындар шаруашылыққа пайдалану үшін алып кеткен екен.
Күмбезі мен барабаны күйдірілген кірпіштен салынған. Күйген кірпіш ғимарат ішінде бес доғалық желкендерінің деңгейінен бастап қолданылған. Орта ғасырда бұл өңірде құрылыс салудың ғылыми мәдениеті қалыптасқан көрінеді. Өйткені құрылысқа пайдаланылған материалдардың барлығына арнайы қоспа не ерітінді қосылып дайындалған. Мұндай қоспаның химиялық құрамын анықтау әлі мүмкін болмай отыр.
Жұбан ана күмбезі төрт бұрышты текше жобамен салынған. Қабырға қалауының үстінен барабан (мойындық) шығарып, оған сегіз қырлы күмбез орнатылған. Ішкі төрт бұрышында сүйірлеп шығарған михрабтары бар.
Ескерткіштің биіктігі – 6 метр, ал сыртқы периметрі 6х6 метр, ал ішкі жағы – 4х4 метр. Іргетасының биіктігі 50 см тас тақталармен қаланған.
Жұбан ана ескерткіші туралы жазба деректер алғаш П. Рычковтың «Орынбор топографиясы» деп аталатын еңбегінде жазылған. Бұл туынды 1762 жылы жарық көрді. Шоқан Уәлиханов та 1863 жылы осы ескерткішті зерттеп, кескіндемесін қағазға түсірген деген мәлімет бар.
Қазақ КСР Ғылым академиясының археологиялық экспедициясы бұл кесенені толық зерттеу жұмыстарын 1946 жылы жүргізеді. Ал1974-ші жылы мазар жан-жағын өлшеп, сүретке түсірді.
Ескерткішті зерттеген ғалым Әлкей Марғұлан бұл оны қыпшақтар салды деген пікірге келеді.