Қазақстандағы әйел-ана кесенелері: Гауһар ана

Қазақ даласында аналарға арналған ескерткіштер көп. Солардың бірі – Гауһар ана кесенесі.

Гауһар ана кім болған?

Гауһар анамыз – ұлы ақын, ойшыл-философ Қожа Ахмет Ясауидің туған қызы. Аңыз әңгімелерге сенсек, Гауһар ана ақылына көркі сай, ізгі ниетті жан болған. Емшілік қасиеті бар адам болған көрінеді. Өмірде баласы болмаса да, оның қолынан емделген жандар шипагерлік қасиетінен әулие ана атап кеткен екен. Әкесі Қожа Ахмет Ясауи «Еміңнен жазылған адамдардың бәрі – сенің балаларың» деп қызын жұбатқан деседі.

Гауһар ана жерленген аймақта шипалы құдық көп. Әулие анаға зиярат етеуге келгендер артезиан суынан ішіп, дұға жасайды.

Гауһар ананың қай жылдары өмір сүргені белгісіз. Дегенмен Ахмет Ясауидің 1101-1103 жылдары туылғанын, 20 жасында үйленгенін есепке алсақ, Гауһар ана шамамен 1122-1124 жылдары туылған болып шығады. 1167 жылы Гауһар ана 43 жаста еді, бұған тағы 20-30 жылды қоссақ, шамамен 1187-97 жылдары дүниеден озған деп жорамалдауға болады.

Кесене

Гауһар ана кесенесі – Түркістандағы қасиетті орындардың бірі. Қожа Ахмет Ясауи кесенесінен батысқа қарай 6 шақырым жерде орналасқан.

Кесененің өзі ортағасырларда (ХІІ-ХІV ғғ.) салынғанымен, уақыт өте келе мүжіліп, жартысы құлап қалған. Оның үстіне, екінші дүниежүзілік соғыс жылдары Түркістанда өндіріс орындарын ашу үшін ескі ескерткіштер қиратылып, соның кірпіштері зауыт-фабрика салуға қолданылған кезде Гауһар ана кесенесінің құрылыс материалдары да қолды болған.

Бұрын жөндеу көрмеген ескерткіш тәуелсіздік алған жылдары ғана қайта қалпына келтірілді. 2015 жылы Гауһар ананың басына қайта кесене орнатылды. Кесене өлшемдері биіктігі – 9 метр, төрт жағының өлшемдері – 6 метр, порталды, бір жаппалы құрылыс. Жалпы қорғау аймағы 8 гектар аумақта орналасқан.

Кесене басында Қожа Ахмет Ясауи үйінің алдындағы ионды құдық сынды шипалы құдық бар. Оны Гауһар ана құдығы деп атайды. Бұл құдықтың суын асқазан-ішек жолдары, бауыр ауруларына пайдаланып, жұрт емдік қасиеті үшін арнайы келеді екен.

Гауһар ана кесенесінің маңы абаттандырылып, жеміс ағаштары егілген. Кесене ішінде түнейтін тұрақжай салынған.