Қазақта батыр да, дана әйелдер көп болған. Бір әулеттің ғана емес, бүкіл елдің данагөйіне, асыл анасына айналған жандардың бірі – Домалақ ана.
Домалақ ана кім?
Домалақ ана – есімі ел ұранына айналған абыз аналардың бірі, Бәйдібек бидің үшінші әйелі. Бәйдібек баба, шамамен, ХІІ ғасырларда өмір сүрген жан. Домалақ ананың да өмір сүрген уақыты сол кезеңге сәкес келсе керек. Албан, Суан, Дулат руларының анасы деседі. Домалақ ана Жетісу, Әулиеата, Шымкент, Ташкентті мекен еткен барлық халықтың анасы саналады.
«Әулие ана» атанған абзал жаннан тараған ұрпақтардың бәрі де біліммен, ақылымен ерекшелініп, ел билеген.
Өзгені баласындай көріп, төңірегіне аналық мейірін шашқан, барынша кішіпейіл, алдағы күннің жайын ойлап, айтар сөзі ақиқатқа айналған болжампаз, көреген қасиетін құрметтеген ұрпақтары сол заманның өзінде-ақ оның атын атамай, «Домалақ ана», «Домалақ ене» деп атап кетіпті.
Шын есімі Мизамбекқызы Нұрила болғанымен, елдің неге ол кісіні «Домалақ ана» атағаны белгісіз. Бір зерттеушілер парсы тіліндегі «Дихнат ана» сөзінің түркіленуі әсерінен «домалақ» сөзі пайда болған десе, енді бірі денесі шағын, толықша әйел болғандықтан, «Домалақ ана» атанып кеткен деседі. Ал Әбдінағым Көшердің айтуынша, бұрында исламнан хабары бар, балалардың діни сауатын ашумен айналысқан, ақиқат жолын бек ұстап, адамгершілік тұрғыдан халық алдында беделді болған адамдарды діни сөзбен «домуллаһ» деп атаған. Діннен даналық алған Нұрила анамызға да ел-жұрт домуллаһ сипатын беріп, содан «домалақ» атауы шыққан көрінеді.
Домалақ ананың елге қайтуы
Бірде Домалақ ананың түсіне ері Бәйдібек ата кіріп, туған мекені Қаратауға көш деп аян береді. Осы жол сілтеумен өмірінің соңғы уақыттарын Қаратауда өткізбек болып, жолға қамданады. 1456 жылдың жиырма сегізінші мамырында көш Балабөген өзенінің жағасына жеткен кезде Домалақ ана сол жерде намаз оқып тұрып көз жұмады. Өзінің тілегі бойынша Домалақ ана сол жерге – жазыққа жерленеді.
Сол жылы Домалақ ананың немересі Дулат Бұхарадан Абдулла Шері есімді шеберді алдыртып, ана басына төрт қанатты күмбезделген кесене-там тұрғызады.
Домалақ ана кесенесі
Домалақ ана кесенесі – сәулетті ескерткіш. Қаратаудың күнгей бетінде, Балабөген өзенінің аңғарында орналасқан. Кесене бірнеше рет бұзылып қайта өңделген. Кесене ХХ ғасырдың басында бір, ортасында бір және соңына бір рет жөнделген. Ғасыр басында жөнделген кезде ескерткіштің өзі дөңгелек пішінді етіп қойылған. Күмбезі ғимараттың үстіне тұрғызылып, сырты алты нишалы етіп салынған. Дөңгелек ескерткіш 1957 жылы да жаңартылған. Бірақ ол көп сақталмаған. Кейін 1996 жылы Маңғыстаудан арнайы әкелінген ақ таспан қайтадан өріледі. Кесененің қазіргі келбеті – осы.
Жерден биіктігі 12 метр биіктікте сегіз жапырақты етіп өріліп, негізгі бөлігіне күмбез орнатылған. Домалақ ана кесенесіне 2000 жылы айналасын көгалдандыру жұмыстары жүргізілген.
Ғимаратта түрлі көне қолжазбалар сақталған. Бүгінде және бұған дейін аталған кесене көпшіліктің тәу етер қасиетті орынға айналған. Табыну ғимараттарының белгілі бөліктері – портал, күмбез, мұнаралар – өзге иілімділік тілінің көмегімен, сезімдік-көркемдік дәрежеде ортаазиялық классикалық емес, қазақтың далалық көне өнерімен үндес жасалған.