- Негізгі бет
- Рухани жаңғыру
- Қазақстандағы әйел-ана кесенелері:...
Қазақстандағы әйел-ана кесенелері: Болған ана
Қазақ даласында аналарға арналған ескерткіштер аз емес. Солардың бірі – Болған ана кесенесі.
Болған ана кім болған?
Болған ана – Шыңғыс ханның немересі, ұлы Жошы ханның туған қызы. Қаңлы елінің ханы Сығанақ-тегіннің әйелі болған. Ел аузында сақталған аңыз-әңгімелерге қарағанда, Болған ана тоқсан жасқа келіп көз жұмған әрі артынан көп ұрпақ қалдырған батыр ана. Жұбайы Сығанақ-тегін өмірден өткеннен кейін, оның орнында ел билеуші тұлға болып қалған.
Шыңғыс ханның Отырарға шапқыншық жасап, алты бойы қамал ала алмаған тарихтан белгілі. Отырарды ерлікпен қорғаған Түркен хатунның інісі Қайыр хан Шыңғыс ханның біраз әскерін жер жастандырды. Ашуға булыққан қаһарлы Шыңғыс қамал алған соң, Қайыр ханды зынданға тастап, көмейіне қорғасын құйып, азаптап өлтірсе, Түркен хатунның мойнына шынжыр салып, итаяқпен ас беріп, шах пен Қайыр ханға жоқтай айтқызғысы келген деседі.
Сол кезде Болған ана қайын әпкесін құтқару үшін оны атасы Шыңғыс ханның қорлығынан құтқарып, қашырып жіберген екен.
Болған ананың сіңлісі Белең ана жесір қалған кезде, әпкесінің жанына келіп паналаған көрінеді. Содан Белең ана да Болған ананың жұбайы Сығанақ-тегіннің екінші әйелі болады. Мұны Мәшһүр Жүсіп Көпеев «Бұрынғы заманда Түркістанда Талмас ата деген әулие болған. Бәйбішесінің аты – Болған, тоқалының аты – Белең. Кенже тоқалының аты – Ақбикеш. Болған-Ана Сарысудың бас жағында, Белең ана Сарысудың аяқ жағында, Ақбикеш Қаратауда қоныстанған» деп жазады.
Болған ана мұсылмандық жолды ұстанған парасатты әйел болған. Ел-жұрттың оның мазарына бала сұрап, ұл сұрап, еміне шипа тілеп келетіндері содан.
Күмбез
Болған ана күмбезі – Жезқазған қаласынан оңтүстігінде, 40-45 шақырым жерде, Сарысу өзенінің жағасында орналасқан. Бұл маңда бірнеше кесене бар. Болған ананың жұбайы Талмас атаның (Сығанақ-тегін), Белең ананың молалары мен Жошы ханның мазары орналасқан.
Болған ананың моласы Жошы хан мазарынан 100 шақырым жерде жерде жатыр. Жазушы Мақұлбек Рысдәулеттің жазуынша, тарихи жазбаларда күмбездің сырты ақ түсті болған деген мәліметтер бар. Қазір ақ түсінен айырылып, күйдірілген қызық кірпіші ғана қалған. Күмбез ескі, жөнделген жоқ. Кесененің қасбетіндегі арқалы, порталды кірер аузының айналасы куыстана қаланып, қабырғаның өрнегі ретінде жасалған. Порталдың ширек бұрышты бағаналары мен басқа қабырғалары түгел ақ түсті.
Күйген кірпіштерде 20 шақты ру таңбасы бар. Күмбез туралы Шоқан Уәлиханов, Әлкей Марғұлан зерттеген. Бұл маңда, Қара Кеңгір мен Сары Кеңгір тоғысар Сарысу өзендерінің тұсында Болған ана мен Шыңғыс ханның екінші әйелі Құлан қатынның кесенелері тұр.
Қ. Слямбек