Қазақстандағы әйел-ана кесенелері: Айша бибі

Қазақстандағы әйел-ана кесенелері: Айша бибі
Фото: zakon.kz

Қазақ даласында ерлік көрсетіп, елден ерек есте қалған батыр әйелдер аз болмаған. Сақтың Тұмар, Зарина патшайымдарының ізін жалғаған жандардың бірі - бұл Айша бибі. 

Айша бибі кім болған?

Айша бибі – Қараханидтер әулетінен шыққан Мұхаммед Қарахан ханның жары болған ару. Шамамен, 11-12 ғасырларда өмір сүрген. Ғұлама Сүлеймен Бақырғанидің қызы болған. Жастайынан өте сұлу, парасатты қыз болып өседі. Аяқ астынан әкесінен айырылған Айшаны Айқожа атты рубасы қарамағына алып, тәрбие береді.

Аңызға сенсек, Айша бибі – Қараханға ғашық болып, оны іздеп барамын деп көз жұмған жан. Аңыз желісіне салсақ, Айша бибі еліне сапарлап келген Қарахан мен ару бір-бірін ұнатып қалады. Алайда Қарахан еліне тұтқиылдан жау шауып, еліне аттануға мәжбүр болады. Келемін деп уәде берген Қараханнан хабар болмаған соң, ғашық ару оны өзі іздемекке бекінеді. Алайда әкесінен үш рет рұқсат сұрап, батасын ала алмаған көрінеді. Меселі қайтқан Айша бибі жанына 40 қыз жолдас ертіп, Қараханның еліне қарай аттанады. Ел шетіне таяған сәтте аттан түсіп, демалып жуынбақшы болады. Сол кезде Айша бибіні жылан шағып алады. Қыздардың хабарын естіп Қараған да жетеді. Бірақ Айша ару тілге келмейді. Сонда Қарахан ең болмағанда о дүниеде бірге болайық деп өлім аузында жатқан қызбен сол жерде некесін қияды. Келін болып босаға аттамаса да уәдеге берік Айшаның соңғы демі өз қолында шыққанына әрі риза, әрі құса болған Қарахан (Әулие ата) Айша бибі қабірінің үстіне күмбез соқтырады.

 
Айша бибі кесенесі

Қазіргі Жамбыл облысында, Тараз қаласынан 18 шақырым жерде орналасқан бұл кесене ХІ-ХІІ ғасырларда салынған. Зерттеушілердің айтуынша, Қазақстандағы басқа мемориалдық-дәстүрлік ескерткіштер ішінде оған тең келетіні жоқ. Сырты керамикалық плиталармен қапталған ескерткіштің өзі әртүрлі кірпіштерден қаланған. ХІХ ғасырдағы суреттеріне қарасақ, осыдан 8 ғасыр бұрын салынған ескерткіштің тек батыс жақ қабырғасы ғана бүтін қалған екен. Қалған жағы қираған.

Кесене құрылысын 1897 жылы В.А. Каллаур, 1938-39 жылдары А.Н. Бернштам бастаған КСРО ҒА Қазақ филиалының тарих және материалдық мәдениет экспедициясы, 1953 жылы Қазақстан ғылым академиясының экспедициясы зерттеген.

Кейін бұл кесене бірнеше рет қалпына келтіріліп, қазіргі күнге жетті. соңғы рет "Қазақ жобалау-қалпына келтіру" институты Айша бибі кесенесін қалпына келтіру жұмысының жобасын жасап, Тараздағы шеберхана ескерткішті қалпына келтірді. Қайта қалпына келтіру жұмыстары 2001-2004 жылдар аралығында жүргізілді. Түркістанның шеберлері кесенені көтеру үшін үш жыл бойы көне белгімен плиталар жасауға тырысты. 

Кесененің құрылысы

Айша бибі кесененің ерекшелігі – сыртының әртүрлі плиталармен қапталуы. Оны тек Бұхарадағы Исмаил Самани мазарымен ғана салыстыруға келеді деседі. Кесене бай және әртүрлі геометриялық фигуралармен апталған. Плитаның үсті оюмен қапталған терракотамен безендірілген. Айша бибі кесенесі – Орталық Азияда өмір сүрген көне түрік халықтарының ою-өрнектерін сақтап, осы күнге жеткізген бірден-бір ескерткіш саналады. Сондықтан ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мәдени мұра тізіміне енгізілген.

Қабырғасы шаршыланып біткен, күйдірілген кірпішпен тұрғызылған, ауданы 7,6 х7,6 м, бұрыштары бағана-тіреулер арқылы көтерілген. Кесене ортасында құлпытас (3х1,4 м) орнатылған. Батыс жақ қабырға мен бағаналар оюлы ұсақ плиткалармен қапталған. Қабырғаның ортасында сүйір аркалы текше жасалған. Текше беттерінің қабырғаға ұласар тұсы шағын бағаналармен сәнделген.

Кесененің бас жағында араб әрпімен жазу жазылған белдеу жүргізіліпті. Олардың біріндегі "күз, бұлттар, дөңгеленген дүние..." деген сөз жазылған.

Қабырғалар мен бағаналар беріктігін арттыру үшін қабырғаның ішкі жағына арша ағашынан арқалық қойылған. Арша ғасырлар бойы тозбай тұра беретін ағаш болғандықтан, әлі күнге дейін сақталып қалған.

Қ. Слямбек